«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Асқар мұғалім

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Шағын ғана Қарақамыс ауылының (Айыртау ауданы) еңбектеген баласынан еңкейген кәрісіне дейін ұлағатты ұстаз Асқар Уәлиевті тілге тиек еткісі келсе, “Асқар мұғалім” дер еді. Ерекше бір ілтипатпен, сыйластық рәуішке толы шын көңілден шыққан шынайы құрметпен. Соңғы жылдары ұстаз беделі туралы жиі айтылатыны бар. Асқар мұғалімнің бойындағы пайымды парасат, асқақ адамгершілік, алқаусыз кісілік деңгейін көңіл таразысына салған кезде “ұстаз деген ұлы есімге міне, осындай адамдар лайық” дегің келетіні бар. Демек түптеп келгенде құрметті атқа әр ұстаз өз бойындағы берік білім деңгейімен, көркем мінезімен жетсе керекті.

Ауыл балаларының алдыңғы тол­қын ағалардың ішіндегі тұла бойын кіршіксіз тазалығымен, өнер-бі­лімге деген ұмтылысымен үлгі ете­тін бір шоғыр тұлғалары болмақ. Біз де ойын баласы ке­зінен бастап елік­теген, ұқсағымыз келген ағалары­мыз болды. Ауыл ша­ғын болғаны­мен қаулап өскен тұл­ғалар аз емес еді. Шағын ма­қалада көгендеп тізіп, толайым ай­тып шығу әрине, мүмкін емес. Біз бүгін кейіпкеріміздің адами арлы қа­сиетін сомдағанда, көр­ген, тә­лі­мін алған, тағылымын ұққан бі­рер адамды ғана атасақ, қалған­да­ры өкпелемес деп ойлаймыз. Ас­қар аға құрдасы әрі көршісі Берік Нұ­қиев екеуі Көкшетау қаласындағы об­лыс­тық мектеп-интернатта оқы­ды. Қысқы, жазғы демалыста кел­генде бі­лімге құмар, үсті-басы мұн­таздай таза, бір қалыптан аумай­тын сал­мақты екеуіне қарап біз де осын­дай болсақшы деп армандай­тын едік. Уақыт өте келе екеуі де ұс­таз­дық жол­ға түсті. Олай болудың реті де бар еді. Бүгінгі күні өткен өмір бе­лес­теріне көз салсам, әу бас­тағы жа­ра­тылыс, маңдайға жаз­ған тағдыр жолы дәл осылай қа­лып­тасуы, әрі сол жолда биікке та­бан тіреуі заңды­лық екен.

Өмір жолы енді басталған жас­тың талпынуы, сан тарау жолға тү­суі әбден мүмкін. Асқар Балтабай­ұлы да алғашқы еңбек жолын со­нау 1977 жылы сол кездегі Көкше­тау об­лыстық комсомол комите­тінің жол­да­ма­сымен Уә­ли­ханов ау­данына қа­расты “Аван­гард” кеңша­рындағы “Алға” комсо­мол жастар бри­га­да­сында баста­ған. Дәл осы жыл­да­ры Қазақ­стан­да қой санын елу мил­лионға жеткі­земіз деген дақ­пырты көп, дырдуы мол баянсыз бас­та­ма­ның дүркіреп тұрған уақыты. Қан­ша­ма талантты қазақтың ұл-қыз­дары жастық шақ­тың енді қайтіп келмей­тін алтын­нан қымбат екі жы­лын қой соңында өткеріп, жоғары оқу орнына түсе ал­май қалғандары да бар. Атам қа­зақтың “бір ай қой бақ­қ­ан адамнан бір жыл ақыл сұ­рама” дейтіні осы­ған саяды. Кел­меске кеткен кеңес­тің кесапат сая­са­тының құр­баны болып кете жаз­дағаны бар.

1979 жылы Кеңес армиясы қа­тарында әскери борышын абы­рой­мен атқарып келгеннен кейін аудан орталығындағы автокомбинатта жүр­гізуші мамандығын игерді. Дес бергенде сол жылы, яки 1980 жыл­дың қыркүйек айынан бастап Қара­қамыс мектебіне математика пәні­нің мұғалімі болып жұмысқа ор­на­ласты. Айын оңынан тудырған сәт­­ті қадам еді. 1987 жылы Көкше­тау пе­да­гогикалық институтының матема­ти­ка факультетінің сырттай бөлімі­не оқуға түсті. 1994 жылдан бастап ауыл мектебінде дене шы­нықтыру пә­нінен сабақ бере бас­та­ды. 2012 жылы облыс орталығын­дағы “Көк­ше” академиясының де­не шынық­тыру және спорт бөлі­мін аяқтап, ба­калавр дәрежесін­дегі мамандық иесі атанды. Осы­лайша толымды тә­жірибені берік білім­мен ұштас­тыр­ды. Ал оған шә­кірт кө­ңілінде шырақ жақсам деген ынта-ықыласты қос­саңыз, тас қо­па­рып, тау жыққандай екпін бар еді.

Табыс талпыныспен келмек. Абырой да арлы еңбектің арқасын­да. Өз мамандығына адал, көкіре­гінде көкөрім жастарға берік білім берсем деген таңғы шықтай мөлді­реген ізгі ниеті бар Асқар мұғалім­нің табысты жолы дәл осы сүрлеу­ден басталады. Еткен еңбегі зая кет­кен жоқ. Ас­қар мұғалімнің де тосқаны, маңдай терін төге жүріп уақытпен санас­пай еткен еңбегінің жанар сәті. Жан­ды да. Жанғанда қандай?! Не спорт залы, не спорт құрал-жаб­дықтары жоқ алақандай ауылдың көздерінде жігер оты жай­наған жас балалары жарыстың ал­дын бер­мейтін болды. Қайда бар­са Қара­қа­мыстың оқушылары топ жарып, жүл­делі болып жатқаны.

– Мектеп оқушыларын шахмат зияткерлік ойынына баулу – басты мақсатымның бірі еді, – дейді Ас­қар Бал­табайұлы, – талапты бала­лар да аз емес. Олардың табысқа жет­кен сайын ынтасы артып, ықы­ласы молая түседі. Жеңіске жеткен сайын мен де төбем көкке бір елі жетпей қалғандай қуанатыным бар. Арыда­ғы Алаш жұртының “жас­та берген тәрбие жас қайыңды игенмен бір­дей” дейтіні де рас. Біз­дің балалар ыс­тық ұясында жан-жақты білім алып, спортта да алда болса, шағын мектебіміздің шы­райлы жеңісі деп білемін.

Енді бір ауыз сөзбен шағын ауыл­­дың боз кілемінде белдескен балуандары туралы айта кетелік. Ал­дымен қазақ күресі. Бұл орайда ағайынды Алдияр, Мадияр Есе­нов­тар, Райымбек, Рахат Алпы­сов­тар, Даниял Өміртай, Арғын Ақ­мырза, Мейірхан Нысанбаев, Тө­леген Мейір­хан тәрізді балуандар­ды айта кетуге болады. Ал шах­мат­тан Досан Алпыс, Рамазан Бал­табаев, Аянат Таңатар, Жансая Есенова, Адия Бо­лат тәрізді та­лант­ты балалардың есімдерін атай кеткен ләзім. Шах­мат­шы ба­лалар сан мәрте облыс­тық байрақты бәсекенің жүлдегер­лері атанған. Бұрын-соңды болма­ған тоғызқұмалақ та осы жерде то­мағасын сыпырды. Үстел теннисі ойыны да жақсы жолға қойылған.

Бүгінде тұп-тура 44 жыл еңбек өті­лі бар Асқар Балтабайұлы – зерт­теуші педагог. Зейнетке шықса да ер­мегі – бала тәрбиесі. Ал еселі ең­бе­гіне орай алған марапаты бір ба­сы­на жетерлік. Сан мәрте Құрмет гра­мотасымен марапатталған. Айыр­тау ауданы білім саласының құр­­мет­ті қызметкері.

Байқал БАЙӘДІЛОВ,

журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp