Шағын ғана Қарақамыс ауылының (Айыртау ауданы) еңбектеген баласынан еңкейген кәрісіне дейін ұлағатты ұстаз Асқар Уәлиевті тілге тиек еткісі келсе, “Асқар мұғалім” дер еді. Ерекше бір ілтипатпен, сыйластық рәуішке толы шын көңілден шыққан шынайы құрметпен. Соңғы жылдары ұстаз беделі туралы жиі айтылатыны бар. Асқар мұғалімнің бойындағы пайымды парасат, асқақ адамгершілік, алқаусыз кісілік деңгейін көңіл таразысына салған кезде “ұстаз деген ұлы есімге міне, осындай адамдар лайық” дегің келетіні бар. Демек түптеп келгенде құрметті атқа әр ұстаз өз бойындағы берік білім деңгейімен, көркем мінезімен жетсе керекті.
Ауыл балаларының алдыңғы толқын ағалардың ішіндегі тұла бойын кіршіксіз тазалығымен, өнер-білімге деген ұмтылысымен үлгі ететін бір шоғыр тұлғалары болмақ. Біз де ойын баласы кезінен бастап еліктеген, ұқсағымыз келген ағаларымыз болды. Ауыл шағын болғанымен қаулап өскен тұлғалар аз емес еді. Шағын мақалада көгендеп тізіп, толайым айтып шығу әрине, мүмкін емес. Біз бүгін кейіпкеріміздің адами арлы қасиетін сомдағанда, көрген, тәлімін алған, тағылымын ұққан бірер адамды ғана атасақ, қалғандары өкпелемес деп ойлаймыз. Асқар аға құрдасы әрі көршісі Берік Нұқиев екеуі Көкшетау қаласындағы облыстық мектеп-интернатта оқыды. Қысқы, жазғы демалыста келгенде білімге құмар, үсті-басы мұнтаздай таза, бір қалыптан аумайтын салмақты екеуіне қарап біз де осындай болсақшы деп армандайтын едік. Уақыт өте келе екеуі де ұстаздық жолға түсті. Олай болудың реті де бар еді. Бүгінгі күні өткен өмір белестеріне көз салсам, әу бастағы жаратылыс, маңдайға жазған тағдыр жолы дәл осылай қалыптасуы, әрі сол жолда биікке табан тіреуі заңдылық екен.
Өмір жолы енді басталған жастың талпынуы, сан тарау жолға түсуі әбден мүмкін. Асқар Балтабайұлы да алғашқы еңбек жолын сонау 1977 жылы сол кездегі Көкшетау облыстық комсомол комитетінің жолдамасымен Уәлиханов ауданына қарасты “Авангард” кеңшарындағы “Алға” комсомол жастар бригадасында бастаған. Дәл осы жылдары Қазақстанда қой санын елу миллионға жеткіземіз деген дақпырты көп, дырдуы мол баянсыз бастаманың дүркіреп тұрған уақыты. Қаншама талантты қазақтың ұл-қыздары жастық шақтың енді қайтіп келмейтін алтыннан қымбат екі жылын қой соңында өткеріп, жоғары оқу орнына түсе алмай қалғандары да бар. Атам қазақтың “бір ай қой баққан адамнан бір жыл ақыл сұрама” дейтіні осыған саяды. Келмеске кеткен кеңестің кесапат саясатының құрбаны болып кете жаздағаны бар.
1979 жылы Кеңес армиясы қатарында әскери борышын абыроймен атқарып келгеннен кейін аудан орталығындағы автокомбинатта жүргізуші мамандығын игерді. Дес бергенде сол жылы, яки 1980 жылдың қыркүйек айынан бастап Қарақамыс мектебіне математика пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасты. Айын оңынан тудырған сәтті қадам еді. 1987 жылы Көкшетау педагогикалық институтының математика факультетінің сырттай бөліміне оқуға түсті. 1994 жылдан бастап ауыл мектебінде дене шынықтыру пәнінен сабақ бере бастады. 2012 жылы облыс орталығындағы “Көкше” академиясының дене шынықтыру және спорт бөлімін аяқтап, бакалавр дәрежесіндегі мамандық иесі атанды. Осылайша толымды тәжірибені берік біліммен ұштастырды. Ал оған шәкірт көңілінде шырақ жақсам деген ынта-ықыласты қоссаңыз, тас қопарып, тау жыққандай екпін бар еді.
Табыс талпыныспен келмек. Абырой да арлы еңбектің арқасында. Өз мамандығына адал, көкірегінде көкөрім жастарға берік білім берсем деген таңғы шықтай мөлдіреген ізгі ниеті бар Асқар мұғалімнің табысты жолы дәл осы сүрлеуден басталады. Еткен еңбегі зая кеткен жоқ. Асқар мұғалімнің де тосқаны, маңдай терін төге жүріп уақытпен санаспай еткен еңбегінің жанар сәті. Жанды да. Жанғанда қандай?! Не спорт залы, не спорт құрал-жабдықтары жоқ алақандай ауылдың көздерінде жігер оты жайнаған жас балалары жарыстың алдын бермейтін болды. Қайда барса Қарақамыстың оқушылары топ жарып, жүлделі болып жатқаны.
– Мектеп оқушыларын шахмат зияткерлік ойынына баулу – басты мақсатымның бірі еді, – дейді Асқар Балтабайұлы, – талапты балалар да аз емес. Олардың табысқа жеткен сайын ынтасы артып, ықыласы молая түседі. Жеңіске жеткен сайын мен де төбем көкке бір елі жетпей қалғандай қуанатыным бар. Арыдағы Алаш жұртының “жаста берген тәрбие жас қайыңды игенмен бірдей” дейтіні де рас. Біздің балалар ыстық ұясында жан-жақты білім алып, спортта да алда болса, шағын мектебіміздің шырайлы жеңісі деп білемін.
Енді бір ауыз сөзбен шағын ауылдың боз кілемінде белдескен балуандары туралы айта кетелік. Алдымен қазақ күресі. Бұл орайда ағайынды Алдияр, Мадияр Есеновтар, Райымбек, Рахат Алпысовтар, Даниял Өміртай, Арғын Ақмырза, Мейірхан Нысанбаев, Төлеген Мейірхан тәрізді балуандарды айта кетуге болады. Ал шахматтан Досан Алпыс, Рамазан Балтабаев, Аянат Таңатар, Жансая Есенова, Адия Болат тәрізді талантты балалардың есімдерін атай кеткен ләзім. Шахматшы балалар сан мәрте облыстық байрақты бәсекенің жүлдегерлері атанған. Бұрын-соңды болмаған тоғызқұмалақ та осы жерде томағасын сыпырды. Үстел теннисі ойыны да жақсы жолға қойылған.
Бүгінде тұп-тура 44 жыл еңбек өтілі бар Асқар Балтабайұлы – зерттеуші педагог. Зейнетке шықса да ермегі – бала тәрбиесі. Ал еселі еңбегіне орай алған марапаты бір басына жетерлік. Сан мәрте Құрмет грамотасымен марапатталған. Айыртау ауданы білім саласының құрметті қызметкері.
Байқал БАЙӘДІЛОВ,
журналист.