Солтүстік Қазақстан облысының тумасы балуан Ризабек Айтмұхан еркін күрестен 20 жасқа дейінгі спортшылар арасында әлем чемпионы атанды. Испанияның Понтеведра қаласында өткен байрақты бәсекеде жерлесіміз алтын жүлдені қанжығасына байлады. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов әлеуметтік желіде жерлесімізді құттықтап, жылы лебізін білдірді.
“Ризабекті маңызды жеңісімен құттықтаймын. Келесі Олимпиадаға қатысуға тамаша мүмкіндігі бар. Оған спорттық жетістіктер тілеймін!” – деп жазды Ғауез Торсанұлы әлеуметтік желідегі жеке парақшасында.
97 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Ризабек финалда әзірбайжандық Хетаг Карсановпен белдесті. Бір жыл бұрын ересектер арасында әлем чемпионы атанған Ризабек бұл қарсыласын 10:0 есебімен ойсырата жеңді. Турнир барысында жерлесіміз барлық қарсыласын айқын басымдықпен жеңгенін айта кеткен жөн.
Ризабек былтыр 20 жасқа дейінгі балуандар арасындағы әлем чемпионатында 92 келіге дейінгі салмақта күміс жүлде алған болатын. Сондай-ақ ересектер арасында әлем чемпионы атанған. Ризабек Айтмұхан – еркін күрестен жастар және ересектер арасында әлем чемпионатында топ жарған алғашқы қазақстандық балуан.
Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.