Облыстық әкімдікте “Қоғамдық оптимизм және энергетикалық қауіпсіздік: Қазақстандағы атом энергетикасын дамыту перспективасы” атты тақырыпта “SARAP” эксперттік клубының өңірлік жиыны өтті. Шарада Қоғамдық даму және Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы ғылыми зерттеу институттарының мамандары жергілікті билік, облыстық және қалалық мәслихат депутаттарымен, қоғамдық кеңес мүшелерімен, азаматтық қоғам белсенділерімен, партия өкілдерімен, жастармен кездесіп, елімізде атом электр стансасын салу мәселесі жөнінде пікір алмасты.
Қазақстандық қоғамдық даму институтының өкілдері бұған дейін еліміздің бірқатар өңірінде болып, жергілікті халықпен кездесулер ұйымдастырғанын айтып өту қажет. Бұған дейін 50 отырыс өткізген. Біздің өңірде өткен жиын барысында қонақтар Қазақстан Президентінің биылғы Жолдауы аясында атом энергетикасын дамыту мәселесін ортаға салды.
– Қазақстандық қоғамдық даму институты Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен 2021 жылдан бері “SARAP” эксперттік клубының отырыстарын өткізіп жүр. Биылғы Жолдауда мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін барынша арттыру қажеттілігі айтылды. Мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін арттыру үшін билік пен қоғам арасында диалог болу керек. Қазан айында атом электр стансасы туралы референдум өтеді. Бұл тақырып қазір қоғамда қызу талқылануда. Осы саладағы кәсіби сарапшылармен өңірге келіп, тұрғындардың ой-пікірлерін тыңдап, диалог алаңын құруды басты мақсат еттік, – деді Қазақстандық қоғамдық даму институтының қоғамдық үрдістерді зерттеу орталығының басшысы Риззат Тасым.
Отырыста облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов сөз алып, өңірге келген қонақтарға ризашылығын жеткізді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында еліміздің таяу жылдардағы басты саяси, әлеуметтік және экономикалық дамуы бойынша нақты тапсырмаларды айқындап берді. Соның ішінде энергетика саласының дамуын ерекше атап өтті. Алдағы уақытта еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге басымдық беріледі. Бұл кездесудің біз үшін маңызы зор. Өйткені кәсіби мамандар мен сарапшылардан еліміздегі атом саласының дамуы туралы нақты мәліметтер алуға мүмкіндік туды. Отырыс нәтижелі болады деген ойдамын, – деді Жүсіп Рахатұлы.
Жиында Қазақстандық қоғамдық даму институты басқарма төрағасының орынбасары Олжас Бейсенбаев азаматтық пікір белсенділігі мен құндылық бағдарына қатысты баяндама жасады. Ұлттық ядролық орталықтың Атом энергиясы институты директорының орынбасары Ерболат Қоянбаев онлайн байланысқа шығып, атом энергетикасы қауіпсіздігі саласындағы қызмет туралы келелі әңгіме өрбітті. Ол ядролық реактор құрылысына мамандар даярлау қажет екенін айта келе, 10 жыл ішінде кадр тапшылығын біртіндеп шешуге болатынын жеткізді. Қазірдің өзінде еліміздің бірқатар жоғары оқу орындарында бакалавр мамандар даярлануда. Биыл ядролық орталық базасында 200-ден астам студент тәжірибеден өтсе, 20-дан астамы дипломдық жұмыстарын қорғады. Сондықтан Ерболат Қоянбаев кадр әлеуетіне қатысты көңілде күпті ой болмауы тиіс екенін тілге тиек етті.
Ұлттық ядролық орталық жанындағы ғылыми зерттеу институты бас инженерінің орынбасары Денис Зарва елімізде атом саласын дамыту туралы өз ойын ортаға салды. Оның айтуынша, атом электр стансасын салу үшін Абай немесе Алматы облыстары таңдалады. АЭС құрылысы Қазақстанның мультипликативті дамуына зор ықпал етеді. Ол АЭС-тің әлеуметтік, экономикалық, техникалық, экологиялық тиімді тұстарын сөз етіп, заманауи әрі жоғары қуатты станса барлық қауіпсіздік талаптарына сай болатынын атап өтті.
Жиында мамандар қоршаған ортаның қауіпсіздігіне де баса мән берді. Айтуларынша, жылу электр стансасынан қоршаған ортаға бөлінетін улы газдар мөлшері әлдеқайда жоғары болса, атом электр стансасында химиялық ластану көрсеткіші төмен. Әрі жылу электр стансаларында энергия көмір немесе газ есебінен өндірілетінін ескерсек, АЭС отын ретінде уранды өте аз мөлшерде пайдаланады. Ал Қазақстан – уранға өте бай ел. Әлемдік тәжірибеге сүйенетін болсақ, қазір дүние жүзінде атом электр стансасының 415 реакторы болса, бүгінде 60 реактор салынуда. Жалпы көптеген елдерде атом электр стансалары өнеркәсіптік және тұтынушылық мақсатта қолданылатын электр энергиясымен қамтамасыз ететін негізгі көздердің бірі болып табылады.
Отырыс барысында қонақтарға жергілікті белсенділер Чернобыль мен Фукусима оқиғалары және Семей аймағындағы ядролық бомба сынақтары жүрек сыздатар жайттармен есте қалғанын, сондықтан ядролық апаттар мәселесінде Қазақстанның қауіпсіздігі туралы түрлі сауалдар қойды. Өз кезегінде мамандар сұрақтарға толыққанды жауап беріп, солтүстікқазақстандықтардың пікірі ескерусіз қалмайтынын жеткізді.
Ақмарал ҚҰРМАНАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.