Өңірде “COVID”-пен ауырғандар әлі де бар. Жыл басынан бері коронавирус жұқтырудың 54 жағдайы тіркелді. Қайтыс болғандар жоқ.
Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған брифингте облыстағы эпидемиологиялық жағдай туралы айтылды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қаныш Бижановтың айтуынша, науқастарды вирустық инфекциялардан емдеу үшін барлығы 181 орын дайындалды, оның 113-і – балаларға, 68-і – ересектерге арналған.
“Бүгінгі күні емдеу мекемелерінде коронавирус жұқтырған 4 адам стационарлық ем алып жатыр, олардың екеуі жүкті әйел. Сондай-ақ жіті респираторлық-вирустық инфекция жұқтырған 18 адам ауруханаға түсті, олардың жетеуі ересек, 11-і – бала”, – дейді Қаныш Бижанов.
Басқарма басшысының айтуынша, суық тиіп ауырудың 689 дерегі тіркелді. Оның ішінде 427-сі – 18 жасқа дейінгі бала, 28-і – ересектер.
“Қазақстанда, бүкіл әлемдегідей, 100 пайыз “Омикрон” штаммының әртүрлі нұсқалары таралып жатыр. ЖРВИ, тұмау және “COVID-19” бойынша эпидемиялық маусым кезеңінде профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шараларды өткізу бойынша бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысы бар. Оның ішінде бетперде тағу, антисептиктерді қолдану, ЖРВИ, тұмау белгілері бар жүкті әйелдер мен бір жасқа дейінгі балаларға қатысты үйге шақыру келіп түскен жағдайда оларға бірінші кезекте қызмет көрсету және 15 қыркүйектен бастап тұмауға қарсы вакцинация жүргізу шаралары бар”, – дейді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаев.
Биыл тәуекел тобына жататын 60 мың адамды тегін иммундау жоспарланған. Ол үшін Ресейде шығарылған “Гриппол плюс” вакцинасы сатып алынды. Вакцинация тұрғылықты жері бойынша емханаларда жүргізіледі.
Тұмауға қарсы вакцина медицина қызметкерлеріне, медициналық ұйымда диспансерлік есепте тұрғандарға, балалар үйлерінің тәрбиеленушілеріне, қарттар үйлерінің контингентіне, эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша, яғни 2-3 триместрдегі жүкті әйелдерге, созылмалы аурулары бар адамдарға, 65 жастан асқан адамдарға және тағы басқаларға тіркелген жері бойынша емханада қойылады.
Мамандар тұмау, ЖРВИ, КВИ ауруларының алдын алу үшін пәтерді, үйді, жұмыс орнын үнемі желдетіп отыруға, антисептикалық құралдарды қолдануға, ауру адамдармен байланысты шектеуге, ауру белгілері бар адамдармен байланыста болған жағдайда бетперде тағуға және уақтылы медициналық көмекке жүгінуге кеңес береді.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.