«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ботагөз АҚМАҒАМБЕТОВА: “ЖАСТАРДЫҢ БӘРІ ДАҢҒАЗА МУЗЫКАНЫҢ ЖЕТЕГІНДЕ ЖҮРГЕН ЖОҚ”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

– Ботагөз Жағыпарқызы, әңгімеміздің әлқиссасын Ақан сері атындағы облыстық фи­лармонияның тыныс-тіршілі­гінен бастасаңыз. Жалпы жаз­ғы маусымды қалай өткізді­ңіздер?

– Жаз маусымында филар­мо­ния сахнасында концерттер саны азайғанымен, жұмыс үздік­сіз жүреді. Жалпы кез келген ша­ра мәдениет саласы қызметкер­ле­рінсіз өтпейді. Сондықтан біз­дің жұмысымыз жыл бойы, ап­та­ның жеті күнінде де қауырт. Қазір филамонияда 300-ден астам адам еңбек етеді. Соның 80 па­йы­зын өнерпаздар құрайды, 14 шығармашылық ұжым бар. Ка­ме­ралық хор, 4 оркестр, во­кал­ды-аспаптық, би ансамбль­дері, эстрадалық, классикалық әнші­лер мен тағы басқа шығар­машы­лық ұжымдар өнердің да­муына өзіндік үлесін қосуда. Осы айда филармонияның 60-шы концерт­тік маусымы басталды. Соның аясында мерекелік кеш­тер мен мерейтойлық концерт­тер өткізу жоспарлануда. Мәселен, Кенен Әзірбаев, Александр Затаевич, Біржан салдың шығар­машылы­ғына арналған ауқымды кон­церттер өтеді.

Шығармашылық ұжым соңғы жылдары жаңа мамандармен то­лыққанын да айту қажет. Бізге жер­­гілікті өнер колледжі мен Ал­ма­ты, Астана қалаларындағы өнер университеттерін тамамда­ған кәсіби мамандар келді. Жоғары оқу орындарында білім алып, елге оралып жатқан жер­лес­терімізді әрқашан құшақ жая қарсы ала­мыз. Өнер ұжымы бай­қауларға қатысып қана қоймай, әрқашан білімін жетілдіріп, өзге әріптестерімен тәжірибе алма­су­ды назардан тыс қалдырған емес. Жақында Италияда өткен өнер фестиваліне қатыстық. Фес­ти­вальге қатысушылар әлемнің түк­пір-түкпірінен келді. Өздерінің ұлт­тық дәстүрін көрсетіп, ән, би, күй­лерін ортаға салды. Біз де өз өне­рімізді паш еттік. Бұл – үлкен тә­жі­рибе. Дәстүр мен мәдениеті­мізді, елімізді шетелде танысты­руға мүмкіндік алғанымызға қуа­на­мыз. Республикалық, ха­лық­­­­­­ара­лық байқауларға да жиі қа­ты­са­мыз. Алда бірнеше бай­қау бар.

– Қоғамда өнер адамдары­ның әлеуметтік-материалдық жағдайына қатысты түрлі пі­кір айтылады. Өмірлерін мә­де­ниет саласына арнауға бе­кінген жандарға басшылық та­рапынан қаншалықты көңіл бө­лінеді?

– Әрине, дәрігер, ұстаз сынды жалақысы жоғары сала ма­ман­дарымен салыстырғанда, өнерпаздардың айлығы төмен. Бірақ Президентіміздің бастама­сы­мен соңғы үш жылда мәде­ниет саласы қызметкерлерінің ең­бекақысы кезең-кезеңмен өсу­де. 2025 жылға дейін жа­лақы 100 пайызға көтеріледі. Бұл – бюд­жеттік қолдау болса, филар­мо­нияның өз қаржысы есебінен қыз­меткерлердің еңбегіне қарай үс­темеақы төлеу, мерекелерде сыйақы беру сынды қаржылай кө­мек түрлері қарастырылған. Ақы­лы қызмет түрлерін көрсету ар­қылы ғимаратты күтіп-ұстау, кеу­селік тауар сатып алу, гастроль­дік сапарлар мен материалдық-техникалық базаны нығайту сын­ды бірқатар шығындар­ды өтеу жұмыстары бір жолға қойылған. Биыл жаңа автобус са­тып алдық. Оған бюджеттен қар­жының бір бөлігі берілгенімен, жет­пеген соманы филармония есе­­бі­нен өтедік. Қазір біздің ұжым­­дағы кә­сіби өнерпаздар ор­таша есеппен 300 мың теңгедей жа­лақы ала­ды. Кейбіреуінікі одан да жоғары. Ал шығармашы­лық ұжымдар­дың құрамында өнер көр­сететін кәсіби білімі жоқ сту­денттердің жалақысы 80-100 мың теңге шамасында.

– Қоғамда түрлі атақтар мен медальдарды жыртыс тарат­қандай үлестіріп жататын ке­леңсіз көріністерді көргенде көңілің құла­зиды. Біз атақ-абырой, медальдің құнын түсіріп алған жоқпыз ба?

– Біздің ұжымда біраз әртіс Мәдениет саласының үздігі, Мәде­ниет қайраткері атағын алды. Атақ та, марапат та кез келген адамға берілмейді. Оны алу үшін біраз тер төгу керек. Сахнаға шығу үшін өнерпаздар жылдар бойы шығармашылық­пен айна­лы­сады. Тіпті бала жа­сы­нан түр­лі үйірмелерге қаты­сып, кәсіби тұрғыда сатылай өседі. Білімін жетілдіреді. Бұл бір-екі күнде орындала қоятын шаруа емес. Кейде жоғары ма­рапатқа ұсы­нылған жастарды көргенде қо­ғам тарапынан түсін­бестіктер орын алуы ықтимал. Бірақ олар өнер өлкесінде елі­міздің абы­ройын асқақтатып, мә­дениет саласының дамуына үлес қосты ғой. Өзгелер үшін жауап бере алмаймын, бірақ біздің ұжымда жоғары марапат алған азамат­тар әбден лайық екенін айтқым келеді. Жалпы атақты сатып алу жағдайларын өз басым кездес­тір­ген жоқпын.

– Үлкен шығармашылық ұжымды басқару оңай емес. Олардың арасында сан түрлі этнос өкілдері бар, барлығымен тіл табыса жұмыс істеу үшін басшыға қандай қасиеттер керек деп ойлайсыз?

– Қазақстан – сан ұлт пен ұлысқа пана болған мекен. Біздің өңірде де көптеген этнос өкілдері тұрады. Облыстық филармонияда ондаған этнос өкілдері еңбек етеді. Әр ұлттың өзіне тән ерек­шелігі бар. Ең бастысы түсіністік, ауызбіршілік болуы керек. Бұл ұжымға 2008 жылдан бері жетек­шілік етіп келемін. Содан бері ұжыммен бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай ауыз­біршілікте еңбек етудеміз.

– Басшылық қызметте жүр­геніңізге біраз болды. Тәжіри­бе­лі маман ретінде қазіргі за­ман менеджерлері қандай бо­луы керек деп ойлайсыз?

– Басшы үшін жұмысты дұ­рыс ұйымдастыру – бұлжымас қа­ғида. Іскерлік қарым-қабілет, та­лап, жа­уапкершілік әр басшы­ның бойы­нан табылуы тиіс. Ұжым­ды ұйыс­ты­ру оңай іс емес. Менед­жер уақыт пен кезеңге де бейім­делуі керек. Мәселен, бұ­рынғы және қазіргі көрерменді са­лыс­тыруға келмейді. Уақыт алға жылжыған сайын көрермендер­дің де талабы өзгеруде. Сахна­ның сән­ді безендірілуін, концерт­тік бағ­дар­ламаның ерекше өткенін қа­лайды. Олар әр бағдар­лама­дан жаңалық күтеді. Сон­дықтан кө­рер­мен талабына сай репер­туар­ды да жаңартып отыру қа­жет. Жуырда “Әлқисса” фольк­лор­лық ансамбліне заманауи стильде екі шығарма жа­зылды. Сұранысқа сай концерт­тік кос­тюм­дерді де өзгертуге тура келе­ді. Міне, осы жұмыс­тардың бар­лығын ұйымдастыру менеджер­дің кәсібилігіне байла­нысты. Ұжымда дұрыс ахуал қа­лыптастырып, әлеуметтік-материалдық әлеуетті арттыру – басқарушы­ның тікелей міндеті. Бізге бюд­жеттен қызметкерлер­дің еңбек­ақысына, салыққа, ғи­маратты кү­тіп-ұстауға біраз қар­жы бөлінеді. Жоғары­да айтып өткенімдей, бас­қа шы­ғындарды біз өз есебі­міз­ден жа­бамыз. Өнер­ді шың­дап, репертуар қор­жы­ны молай­ға­нымен, шығармашылық еңбек­тің жемі­сін, пай­да­сын көре алмасақ, ақ­ша қайдан болады? Біздің қол­даушымыз – көрермен. Көрер­мен болмаса, істеп жатқан ша­руа­мыздың құны – көк тиын. Ас­пап, костюм­дер­ді үнемі жаңар­тып отыру қа­жет. Мысалы, биші­лердің аяқ киі­мі тез тозады. Дайындыққа қа­ты­сып, бір-екі рет концертке шық­са, жарамай қала­ды. Оның бар­лығы ақшаға келіп тіреледі. Ас­паптар да тез істен шығады. Өнер­паздардың міндеті – көрер­менге көтеріңкі көңіл-күй сыйлау. Ал әртістерге жағдай жа­сау – ме­нед­жердің қызметі.

– Мезгілдің ыстығы мен суығына қарамастан жыл он екі ай бойы көрерменге қызмет ететін өнерпаздардың жұ­мысы оңай емес. Жүйкені тоз­дыратын сәттер де аз емес шығар?

– Әрине, ет пен сүйектен жа­ралған соң адамның шаршай­тын кезі болады. Оның үстіне көп­шілікпен жұмыс істеудің өзіндік қиындығы бар. Ұжымдағы адам­дардың да мінезі әртүрлі, бәрі­мен тіл табысып, пікірімен сана­сып жұмыс істеу керек. Мәде­ниет – елдің рухани қазығы. Мә­де­ниеті дамыған елдің өркениеті де өз биігінде болатындығы сөз­сіз. Елге рухани азық беруді өмір­лік ұстаным еткен соң осы сала­ға барлық күш-қайратымды, ын­та-жігерімді сала еңбек етудемін. Жалпы өзіңнің кәсібің, ма­ман­дығың жаныңа жақын болса, қиындықты еңсеру оңай екенін айтқым келеді.

– Ақан сері атындағы об­лыс­тық филармонияның ма­териалдық-техникалық база­сына тоқтала кетсеңіз.

– Бір жылда материалдық-тех­никалық базаға 20-30 мил­лион теңге қаржы жұмсалады. Қазір бәрі қымбат. Мысалы бұ­рын бір концерттік костюмді 50-60 мыңға тіктіретін едік. Қазір оның бағасы 250-300 мың тең­геге жуықтап қалды. Мысалы, бір­неше жыл бұрын домбыраның құны 120-150 мың теңге болса, қазір 300-400 мың теңге тұрады. Ал бағасы бұдан да қымбат ас­паптар бар. Өнер ұжымына оның барлығы қажет. Қазір заман та­ла­бына сай түрлі музыкалық құ­рылғылар бар. Олардың мүм­кін­дігі де зор. Сондықтан мате­риал­дық-техникалық базаны жыл сайын жаңартып отыруға ты­рысу­дамыз. Үстіміздегі жылы Дү­ниежүзілік көшпенділер ойы­ны­на дайындық барысында 11 мил­лион теңгеге би ұжымдары­ның сахналық киімдерін жа­ңарттық.

– Даңғыр-дұңғыр, даңғаза әуен қоңыр дауысты аңсаған елді мезі еткендей. Бүгін шы­ғарылып, ертең ұмыты­латын қазіргі әндер туралы не айта­сыз?

– Ол рас, сөзі мен әуе­ні бір-біріне қабыспайтын жеңіл әуен­дер аз емес. Олар – біркүн­дік ән­дер. Бірақ заман бір орын­да тұр­ған жоқ. Өзге сала­лар сияқты му­зыкаға да жаңа­шыл­дық, өзгеріс, құбылыс қажет. Сон­дықтан түрлі жанрдағы әуен­дер­дің музыкада көрініс табуы – заң­ды­лық. Жұ­мыс бар жерде сын­ның айтылуы да орынды. Уақыт көші алға жыл­жыған сайын ұрпақ алмасып, тал­ғам да өзгереді ғой. Музыкада аға буын мен жастар­дың көзқа­расы бір арнада тоғыс­пауы мүм­кін. Десе де, ауызды қу шөппен сүртуге болмас. Жас­тардың бәрі даңғаза музыканың жетегінде жүр деп айта алмай­мын. Өнер десе, ішер асын жерге қоятын, тың дүние­лер тудыра­тын дарын­дар жоқ емес. Әлбет­те, Құрман­ғазы атамыз бен Нұр­ғиса Тілен­диев сынды дарын­дар­дың өнері еш­қа­шан ұмытыл­майды. Бәлкім, бүгінгі жастардан да санадан өшпейтін музыкалық мұ­ра қа­латын шығар. Кейде ба­ры­мызды бағалай білмейміз ғой.

– Кейбір мерекелік шара­ларда көрермен залын әске­рилер мен ұстаздар толтырады. Бұл көзбояушылықтан қашан құтыламыз?

– Бізге әскери бөлім қызмет­шілері мен Ұлттық ұлан акаде­миясының курсанттары жиі ке­леді. Олар концерттерді тама­шалау үшін өз еріктерімен билет алады. Әскерилер залды тол­ты­ру үшін емес, ұлттық рух, өнер­мен сусындау үшін көрер­мендер қатарынан табылады. Ұлттық армия – қазақ елінің мақ­танышы. Сондықтан әскериле­ріміз физи­ка­лық қана емес, мә­дени, руха­ни, адамгершілік тұр­ғыда да бай болуы қажет. Бо­лашақ офицер­лер халқымыздың бай рухани мұ­расынан тағылым алса жақсы ғой. Сахнадан оркестрдің сүйе­мел­деуімен жан­ды дауыста ән тыңдаған көрер­мен ерекше се­зімге бөленеді. Концертті теле­ди­дардан қарау бір бөлек те, зал­да отырып та­машалаудың әсері басқаша. Өнерді бағалай­тын кө­рерменге сахнагерлердің де құрметі ерекше. Лық толы зал­да өнер көрсетудің өзі – үлкен мәр­тебе. Сондықтан әскерилер кон­цертке мәжбүрлі түрде келеді деп айта алмаймын.

– Ашық әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Ақмарал ҚҰРМАНАЙҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Оймақтай ой

Біздің ұжымда біраз әртіс Мәдениет саласының үздігі, Мәдениет қайраткері атағын алды. Атақ та, марапат та кез келген адамға берілмейді. Оны алу үшін біраз тер төгу керек. Сахнаға шығу үшін өнерпаздар жылдар бойы шығармашылықпен айналысады. Тіпті бала жасынан түрлі үйірмелерге қатысып, кәсіби тұрғыда сатылай өседі. Білімін жетілдіреді. Бұл бір-екі күнде орындала қоятын шаруа емес.

Өмірдерек

Туған жері: Солтүстік Қазақстан облысы, Есіл ауданы, Гурьяновка ауылы.

Туған жылы: 6 желтоқсан 1967 жыл.

Марапаты: Мәдениет қайраткері, “Құрмет” орденінің иегері.

Қызметі: Ақан сері атындағы облыстық филармонияның директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp