Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Петропавлдағы темір жол арқылы өтетін жаңа көпірдің құрылысымен танысты. Ол облыс орталығын Жұмысшы кентімен қосатын қазіргі жол өткеліндегі көлік ағынын азайтуға септігін тигізеді.
Көпір құрылысына облыс бюджетінен 5,3 млрд. теңге қарастырылған. Мердігер жыл соңына дейін көпір мен кіреберіс жолдарды, аралық тіректерді, аралық құрылымды салуды, монолитті жабын плитасын орнатуды және инженерлік желілерді ауыстыруды аяқтауы керек.
“Жұмыс кестеге сай жүріп жатыр. Мердігер ұйым көпір құрылысының қасындағы барлық бизнес нысандарды электр және су желілерімен қамтамасыз етіп отыр, ешқандай кедергі жоқ. Тек ауа райы жақсы болса, мердігер осы жылға жоспарланған жұмыстардың барлығын дер кезінде аяқтайды”, – дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерден Шортыбаев.
Келер жылы тек асфальт-бетон жамылғысын төсеу жұмыстары жүргізілмек. Өңір басшысы мердігерге және жауапты мекеме басшыларына құрылыс кестесін қатаң сақтап, барлық жұмыстарды мерзімінде аяқтауды тапсырды.
“Жаңбырлы ауа райы жоспарланған жұмыстарды дер кезінде аяқтауға қолайсыздық туғызып тұр. Жұмысшылар санын арттырып, техниканы көбейту керек”, – деді өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.