Сарыарқаның сайын даласын дүбірге бөлеген Дүниежүзілік көшпенділер ойындары жүзге жуық елден келген кіл мықтылардың басын қосып, ауқымды спорт бәсекесіне айналды. Астана төрінде кешегі бабаларымыздан мирас болып қалған ұлттықсайыс түрлері әлемдік деңгейге көтеріліп, байрағымыз биіктен желбіреді.
Көшпенділер ойындары тек спортшылар бас қосатын шара емес, сонымен қатар өнер мен мәдениеттің қайнаған базарына айналып отыр. Бірінші күндегі ашылу салтанатынан бастап қазақстандық өнерпаздар жиналған жұртты таңғалдырып, еліміздің бай рухани қазынасын паш етіп келеді. Сондықтан да бұл ойындарды тек спортшыларымыздың ғана емес, өнер адамдарының да жұлдызды шағы десе болады.
Әлемдік маңызы бар шараның жоғары деңгейде өтуіне байтақ еліміздің барлық облыстарынан жиналған өнерпаздар да үлес қосуда. Соның ішінде Солтүстік Қазақстан облысы да этноауылдағы думанның көркін қыздырып жатыр. Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының әртістері ұлтымыздың құда түсу, келін түсіру сияқты салт дәстүрлерін көрсетіп, әннен шашу шашып, жанкүйерлер мен туристердің таңданысын туғызуда. Ойындардың алғашқы күнінің өзінде қызылжарлықтардың киіз үйінде Франция, Бельгия, Қытай, АҚШ, Шотландия т.б. мемлекеттерден келген меймандар болып, ұлттық мәдениетімізбен танысты. Этноауылда тігілген киіз үйлердің ішінен солтүстікқазақстандық өнер шаңырағы көпшіліктің қызығушылығын тудырып, туристер көп бас сұғатын орынға айналғанын айта кету керек.
Елордаға барған делегация құрамында театр әртістерімен қатар Ақан сері атындағы облыстық филармония өнерпаздары және техникалық қызметкерлер бар. Бұдан бөлек, этноауылда алдағы күндері қызылжарлық өнер ұжымдарының қатысуымен “Тұран дала төсінде тамсандырған Қызылжар” атты мерекелік концерт өтеді. Ал өңір ақындары сөз сайысында өнер көрсетеді.
Тәттігүл ЖАЛЕЛОВА,
С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театры ақпараттық-техникалық бөлімінің меңгерушісі.