«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Туристерді таңғалдырды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сарыарқаның сайын даласын дүбірге бөлеген Дүниежүзілік көшпенділер ойындары жүзге жуық елден келген кіл мықтылардың басын қосып, ауқымды спорт бәсекесіне айналды. Астана төрінде кешегі бабаларымыздан мирас болып қалған ұлттықсайыс түрлері әлемдік деңгейге көтеріліп, байрағымыз биіктен желбіреді.

Көшпенділер ойындары тек спортшы­лар бас қосатын шара емес, сонымен қа­тар өнер мен мәдениеттің қайнаған база­рына айналып отыр. Бірінші күндегі ашы­лу салтанатынан бастап қазақстандық өнерпаздар жиналған жұртты таңғалды­рып, еліміздің бай рухани қазынасын паш етіп келеді. Сондықтан да бұл ойындарды тек спортшыларымыздың ғана емес, өнер адамдарының да жұлдызды шағы десе болады.

Әлемдік маңызы бар шараның жоға­ры деңгейде өтуіне байтақ еліміздің бар­лық облыстарынан жиналған өнер­паз­дар да үлес қосуда. Соның ішінде Сол­түстік Қа­зақстан облысы да этноауылдағы думанның көркін қызды­рып жатыр. Сә­бит Мұқанов атындағы облыс­тық қазақ сазды-драма театрының әртіс­тері ұлты­мыздың құда түсу, келін түсіру сияқты салт дәстүрлерін көрсетіп, әннен шашу ша­шып, жанкүйерлер мен турис­тердің таңданысын туғызуда. Ойын­дардың ал­ғашқы күнінің өзінде қызыл­жарлықтар­дың киіз үйінде Франция, Бельгия, Қы­тай, АҚШ, Шотландия т.б. мемлек­ет­терден кел­ген меймандар бо­лып, ұлт­тық мәде­ние­ті­міз­бен танысты. Этно­ауыл­да тігіл­ген киіз үй­лердің ішін­ен сол­түстікқа­зақ­стандық өнер шаңырағы көпші­ліктің қы­зығушы­лы­ғын тудырып, туристер көп бас сұ­ға­тын орынға айналғанын айта кету керек.

Елордаға барған делегация құрамын­да театр әртістерімен қатар Ақан сері атындағы облыстық филармония өнер­паздары және техникалық қызметкерлер бар. Бұдан бөлек, этноауылда алдағы күндері қызылжарлық өнер ұжымда­рының қатысуымен “Тұран дала төсінде тамсандырған Қызылжар” атты мере­ке­лік концерт өтеді. Ал өңір ақындары сөз сайысында өнер көрсетеді.

Тәттігүл ЖАЛЕЛОВА,

С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театры ақпараттық-техникалық бөлімінің меңгерушісі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp