Жылыту маусымының басталуына аз уақыт қалды. Күн суыта үйлері орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылмаған тұрғындар пеш жағуға кіріседі. Осыған орай төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері түрлі рейдтік іс-шаралар өткізіп, тұрғындарға пешті пайдаланудың ережелерін түсіндіруде.
Жалпы биыл жыл басынан бері облыс аумағында 268 өрт тіркелген. Салдарынан 17 адам қаза тауып, 31 адам әртүрлі жарақат алған. Оның ішінде иіс тиген 20 адамның 5-еуі – бала. 3 ересек адам көз жұмған. Дегенмен мамандар былтырғымен салыстырғанда өрт санының 36 пайызға азайғанын айтады. Ал тілсіз жаудан келген материалдық шығын 93 млн. 996 мың теңгені құраған.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Аслан Ахметжановтың мәліметінше, өңірде иіс тиіп улану деректері азаймай тұр. Жуырда 3 бала иіс тиіп, уланып қалған. Олардың екеуі – қала тұрғындары. Жеке тұрғын үйдегі пештің аузы дұрыс жабылмағандықтан, тұншықтырғыш газдың пештен шығып, 8 бен 12 жастағы ағайынды қос балаға иіс тигені анықталған. Олар үйде өздері ғана отырған. Үйге келген ата-анасы балаларының бастары қатты ауырғанына күдіктеніп, облыстық ауруханаға жеткізіпті. Қазір балалардың жағдайлары жақсы.
– Тіркелген өрттің 70 пайыздан астамы әдетте жер үйден шығады. Тұрғындарға қауіпсіздік ережелеріне мән беріп, қыс келмей тұрып пештерін бір тексеріп алу қажеттігін ескертеміз, – дейді Аслан Ахметжанов.
Тілсіз жаудың алдын алу мақсатында департамент қызметкерлері жыл басынан бері 49 314 тұрғын үйді аралап, 103 мыңнан астам адамға түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Сонымен қатар, мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, тұрғын үйлерді аралау нәтижесінде 1207 баспанада 1746 өрт қауіпсіздігі ережелері бұзылғанын анықтаған.
15 тамыздан бастап өңір аумағында өрт қауіпсіздігі айлығы жарияланды.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.