«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Байлық бақыт екен деп шын адастым

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ет пен сүйектен жаралған соң әр адамның бойында кем­ші­лік болады. Біз – періште емес, пендеміз. Десе де, кейде өкініш өзекті өртейтін қателік жасай­мыз. Мүлт жіберген бір қателік өмірімді түбе­гейлі өзгертті. Бү­гінде соның зардабын тартуда­мын.

Өткен өміріме көз жүгіртсем, мен бақытты адам болған екен­мін. Өкінішке қарай, сол бақыт­тың қадірін білмеппін. Сүйікті қыз, асыл жар, аяулы ана ретін­де өмірде өз орнымды тапқа­ным­мен, бәрін бір күнде жоғал­тып алдым. Оған өзге емес, өзім кінәлімін. “Семіздікті қой ғана кө­тереді” деп текке айтпаған. Бол­ған үсті­не бола түссе екен деп ба­қыттың кілті – бай­лықта деген жалған түсінікпен өмір сүр­дім. Қазір сол қылығымнан өзім ұя­ламын. Жүрекке дүние кірсе, кең әлемді тар қыл­май ма? Ме­нің де пайым-парасатым, ние­тім, өмірге деген көзқарасым мүлде бас­қа­ша еді. Әрине, әр адам жақсы өмір сүр­гісі келеді. Тәуір баспана, жақсы көлік, жай­­лы өмірге кім қызықпайды? Дү­ниенің соңын қуып жүргенде тәу­бемнен жаңы­лып қалдым. Иман, тәубе, шүкір адамды ба­қытсыздықтан құтқарады. Алай­да, ке­зінде оған онша мән бере қой­мадым.

Мен дәрігермін. Жолдасым да осы са­лада еңбек етеді. Жұрт қатарлы өмір сүр­дік. Дү­ниеге үш перзент әкелдім. Алды бү­гінде жоғары сыныпта оқиды. Тапқан-таянғанымызды жинап, Петропавл қала­сынан 3 бөлме­лі пәтер сатып алдық. Адам­да арман таусылған ба? Алдымыз­ға мақсат қойып, енді қымбат кө­лік алсақ деп ойладық. Ол ар­ма­нымыз да орын­далды. Адал еңбекпен қол жеткізген бас­па­на­мыздың ішін дүние-мүлікке толты­рып, бұдан да жақсы өмір сүру үшін күн-түн демей тал­пындық. Тал­пыну қажет, алайда заңға қайшы ке­летін жұ­мыстан аулақ болған жөн. Өйткені, ақ­шаның түбіне жету мүмкін емес.

Бірде құрбым мені қосымша табыс та­буға шақырды. Айтуын­ша, желілік компа­нияда тауар жарнамалап, пайда табуға болады екен. “Ақша артық бол­майды, мұнда мүмкіндік көп. Не­гізгі жұмысыңа кедергі келтір­мейді, сондықтан бірге бо­лайық”, – деген соң құрбымның сө­зіне ила­­нып, қосымша табыс та­буды жөн көр­дім. Кейін білсем, оны да бір танысы осы “биз­неске” шақырған екен. Медици­н­а са­ла­сын­да жұмыс істеген соң менің таныс­та­рым да көп еді. Оларды да желілік биз­неске тарта бастадым. Бұл жұмыстың шарты – компанияның тауар­ларын жар­на­малап, белгілі бір сомада ақшалай са­лым салу. Артымнан тіркелген жандар­дың салымының есебінен табысым да арта түсті. Сөйтіп, “дәніккеннен құнық­қан жаман” демекші, ақшаның соңынан кет­тім.

Кейін өзім айналысып жүр­ген “желілік бизнес” қаржы пи­ра­мидасы болып та­ныл­ды. Со­дан бастап құқық қорғау орган­дары тарапынан сансыз жауап алу, тер­геу жұмыстары бастал­ды. Үстімізден арыз жазып, ша­ғымданған адамдар да бірталай екен. Бұл сорақылықты тоқтату мүмкін болмады. Жеңіл ақша­ның шыр­мауына түскенімді сон­да түсіндім. Бірақ бәрі де тым кеш еді. Қаржы пирамида­сы­на қатысты іс тергеуге жіберіліп, сотқа дейін барды. Бұл тұста жә­бірленуші­лермен ортақ келісім­ге келе алмайсың. Сөйтіп, сот­тың шешімімен 5 жылға темір торға тоғытылып, жазаны қауіп­сіздігі ба­рынша төмен түрмеде өтеуге үкім шы­ғарылды. Әри­не, мен кінәмды жоққа шы­ғар­маймын. Қателік жасадым. Адамдар­дың сеніміне кірдім. Қаншама адамға, соның ішінде жақындарыма зияным тиді. Енді өкінгеннен не пайда? Тек қорқыныш­ты түстей көрген қиындықтар тез өтіп кетсе дей­мін. Адамдарға да жеңіл жол­мен ақша табудан аулақ болуға кеңес беремін.

“Қолыммен жасағанды мой­ныммен көтеруден” қашпай­мын. Осы жағдайдан кейін өзгеге сенуден қал­дым. Өйткені, бір кез­де құрбы­ма сеніп, өмі­­рімнің күл-тал­қаны шық­ты. Егер ол мені қаржы пи­ра­мидасына тартпағанда қазір бар­мағым­ды тістеп отыр­мас едім. Бірақ оны да жаз­ғыра ал­маймын. Ол да біреудің құрығы­на түсіп қалды ғой. Жаза арқа­лап, бір­неше жылға түрмеге то­ғы­тыл­ды. Оңай арбауға тү­сетін, сен­гіш адам болған соң бәлкім осын­дай қателік жасаған шы­ғармын. Жал­пы біреудің ай­та­ғына ермеу қажет.

Ақша оңайлықпен келмейді. Қазір “алма піс, аузыма түс” дейтін заман емес. Сондықтан күмән тудыратын жұмысқа еш­қашан жоламау қажет. Бұл мен үшін са­бақ болды. Ең өкініштісі отбасыма, жа­қын­дарыма кесі­рім тиді. Кәмелетке тол­маған ба­лаларымның барына қарамас­тан сот шартты жаза тағайын­даудан бас тартты. Негізі іштей жазаны шартты өтей­тін шығар­мын деп ойладым. Бірақ бәрі біз ойлағандай болмайды екен. Елі­мізде қар­жы пирамидаларының жарнамасын қыл­мыс деп тану және оларды құрып, басқар­ғаны үшін жауапкершілікті кү­шей­ту көз­делген. Сондықтан ме­нің жазам жеңіл­детілмеді. Үш қы­зыма бұл үлкен соққы болды. Мен темір торға тоғытылғанда кен­жем 6 жаста болатын. Ден­саулығында кінә­рат бар. Қазір 8-де. Қоғам мен отба­сымның ал­дында айтыптымын. Сол үшін өзімді қоярға жер таппаймын. Ай­дың-күннің аманында оңай олжаға қызыға­тындай не кө­рінді?

Ата-ананың қателігі үшін бала жауап бермеуі тиіс. Бірақ қыздарым анасының жасаған қателігіне қысылатынын іштей се­земін. Қыздарымның алды 15-ке келіп қал­ды. Барлық жағ­дайды жақсы түсінеді. Жұ­байыма да бұл сынақты көтеру оңай бол­ған жоқ. Сот отырыстарын­да әрқашан жа­нымнан табы­лып, қолдау білдірді. Оның үсті­не дүние-мүлкіміздің тәркіленуі жы­ғылған үстіне жұдырық бол­ды.

Осылайша бір кезде бере­кесі ұйыған отбасының күл-талқаны шықты. Ша­ғыл­ған шыны қалпына келмес. Бі­рақ мен от­басымда береке, жылу, ынтымақ ор­на­туға алда­ғы уақытта бар күшімді са­ла­мын. Өмір – сынақ, қиындықпен қоса жақ­сылық та қатар жүреді. Сондықтан болған іске болат­тай берік болып, енді шалыс қадам жасамауға бекініп отыр­мын. Адамға бақытты болу үшін көп нәр­се қажет емес екенін тү­сіндім. Жаным ты­нышталып, отбасыма оралатын сәтті та­ғат­­сыз­дана күтудемін.

Жұлдыз ОҢҒАРОВА.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp