Астанада “Мерейлі отбасы – 2024” республикалық байқауында еліміздің әр өңірінен жиналған 20 үздік отбасы марапатталды. Айтулы шарада Ақжар ауданынан қатысқан Хасеновтер әулеті де жеңімпаз атанды.
“Мерейлі отбасы” – отбасылық құндылықтарды дәріптейтін бірегей жоба. Биыл бұл шараға қатысуға 3 мыңнан астам өтінім түскен. Байқауға қатысу бойынша Қарағанды, Жетісу, Астана, Алматы өңірлерінің тұрғындары белсенділік танытқанын айтып өту қажет. Отбасы мәртебесі мен құндылығын арттыруға, адамгершілік қасиеттерді қалыптастыруға негіз болған байқауда жүзден жүйрік атану – әркімге бұйыра бермейтін бақыт. Салтанатты шарада жеңімпаздарға Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева 1 миллион теңгенің сертификатын табыстады. Бұл марапатқа Хасеновтер әулеті де ие болып, мерейімізді үстем етті.
Төрт қыз тәрбиелеп отырған Нұрқасым мен Ақмарал – көпке үлгілі отбасы. Отағасы Нұрқасым Хасенов аудандық Мәдениет үйінде жұмыс істейді әрі аудандық мәслихат депутаты. Ал жары – мектепте педагог-психолог. Бұл отбасы саналы ұрпақ тәрбиелеумен қатар қоғамдық, қайырымдылық, спорттық іс-шараларға да белсене қатысады. Өзі әнші, сазгер, музыкалық аспаптардың құлағында ойнайтын әкенің ізін басқан қыздары да өнерден қара жаяу емес.
– Біздің отбасымыз үшін басты құндылық – ұрпақ тәрбиесі. Сондықтан 4 қызымыздың өнерлі, білімді, тәрбиелі болып өсуіне барынша жағдай жасаудамыз. Көпке үлгі болу мақсатында түрлі роликтер түсіріп, әлеуметтік желіні тиімді пайдаланудамыз. Ұлттық салт-дәстүрді ұлықтау, үлкенге – құрмет, кішіге – ізет көрсету – басты ұстанымымыз. Осыдан 12 жыл бұрын “Мерейлі отбасы” облыстық байқауына ата-анамыз қатысқан еді, олардың жолын қуып, отбасыммен республикалық сайыста жеңімпаз атанғанымызға қуаныштымын, – дейді Нұрқасым Хасенов. Отасқандарына 11 жыл болған ерлі-зайыптылардың бір-біріне сыйластығы мен құрметінен өзгелер үлгі алатындай. Сондай жарасымды, көрсең көз тоятын отбасы бақыттың кілті түсіністік пен сыйластықта деп біледі.
Ақмарал ҚҰРМАНАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.