Кітапханада жаңа кітаптар сериясы сөресінде тұрған пышақтың қырындай ғана туындыға еріксіз көзім түсті. Авторы – жазушы Лира Қоныс. “Қазақша минимализм немесе үйде бәрі бар” деп аталатын кітап алғысөзін оқығаннан-ақ ішкі иіріміне тарта жөнелді.
Қаламгер қазақ қоғамындағы, қазақ отбасындағы үнемшілдік, адам өміріне пайда әкелмейтін арттық заттардан толықтай арылу мәселесін сөз етіпті. Бұл өте ауқымды мәселе. Неге десеңіз, біз өмір сүріп отырған дәл қазіргі қоғамда адамның ойын сан-саққа жүгіртетін артық дүние өте көп. Шыны керек, біз қазір тұтынушы қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Оны ешкім жоққа шығара алмас. Сол себепті де адамның күнделікті болмысы һәм өмір сүру дағдысы қажетсіз заттарға, міндеттерге, ойларға толып қалған. Атақты Ж.Бодрийяр секілді постмодернистер тұтас дәуірге, уақытқа атау қойғанда “қоқыс жәшігінің өркениеті”, “жарнамалық кейіптегі супермаркет пен сауда орындарының ғасыры” деген баға береді. Лира Қоныс болса минимализмді “бар мен жоқтың ортасындағы дүние” деп бағалапты.
Кез келген ірі супермаркеттерге, шағын дүкендерге, ойын-сауық орындарына бас сұқсаңыз, көздің жауын алардай самсап тұрған заттарды көреміз. Олардың қатарында адамға қажеттісі де, бүгін сатылып алынып, келесі күні қоқыс жәшігінде жататын керексіз дүниелер де аз емес. Жақын туыстарымыздың үйіне барғанда да осындай қажетсіз заттарды көп кезіктіреміз. Төргі бөлмедегі сәнді диванның жанында міндетті түрде заманауи стол, қабырғада берер мағынасы таяздау картиналар, төбеде бірнеше аспашамдар ілініп тұрады. Ас үйдегі заттардың орналасу тәртібі туралы айтсақ, біраз сөзіміз шығындалар. Той дастарқанын алайық, қандай қуанышқа ортақтаспайық, біз қазақ дастарқанының минимализм деген терминмен қабыспайтынын аңғарамыз. Желінбейтін, кейде тіпті, қасықтың ұшы да тимейтін тағамдар самсап тұрады. Шай дастарқаны да сондай. Біз минималист болудан күн сайын алшақтап бара жатқан сияқтымыз.
Әлемде минимализм терминін өмірлік бағдар еткен елдер аз емес. Солардың бірі – жапондар. Олар киетін киімдерін, тіпті пайдаланатын ыдыс-аяқтарының өзін үнемшілдік қағидасымен өлшейді. Үйлерін ретсіз дүние-мүлікке толтырудан аулақ. Оның орнына мемлекетке, елдің өндірісіне пайда әкелетін ауқымды жобалар жасап шығаруға әуестік танытады. Жапондарда бір адамға бір ғана үй жетеді деген түсінік қалыптасқан. Тіпті бай-манаптарының өзінде бір ғана баспана бар. Оның өзі шап-шағын.
Соңғы жарты ғасырда әлемде минималистердің саны артты. Бұл үрдістің таралуына байланысты “минимализм – заттың қолданыс аясын шектеу” деген тар түсінік жойылды. Стильдік, физикалық, пішіндік жағы да көріне бастады. Өйткені тұтынушылық мәдениет адамдарды алқымнан қысқанда, халықтың миы, санасы осы ысырапқа толы циклге қарсылық білдіріп, минимализмге қайта оралды. “Үйді қоқысқа толтырмайық” деген түсінікпен өмір сүретіндер шоғыры қалыптасты. “Қазір минимализм – адамзаттың түбегейлі өмір сүру формуласы. Жер планетасы дәл бүгіндей ластанған емес. Тұтынушылық тасқын ғаламды қоқысқа толтырып болды, жер түгілі аспан әлемінің өзі біз ұшырған зымырандардың қоқысына толы. Сананы да ақпараттық қоқыс басқан заман. Жаңалықты судай сапырған телеарналар, газеттер, әлеуметтік желіден күн сайын толассыз келетін ақпарат қайда кетіп жатыр деп ойлайсыз? Әрине, миға. Ең қымбат телефонның да қатты дискісінің көлемі шектеулі. Құдай жаратқан ми да физикалық шектеуге бағынады. Оған екі жарым миллион гигабайттан артық ақпарат сыймайды. Неге қит етсе, “ойбай, стресте жүрмін” деп шығамыз? Маған неге жұрттар “бір жыл оқысам да, ағылшынша сөйлеп кетпегенім қалай?!” деп жазады? Себебі ми ақпараттық қоқысқа толған! Керексіз ақпараттың көп болғанынан мидың синаптикалық пластика арқылы есте сақтау қабілеті баяулаған. Енді адамзат тірі қалу үшін минималист болуы керек”, – дейді Лира Қоныс.
Халқымыздың өткеніне көз жүгіртсек, қазақтың минималист халық болғанын аңғаруға болады. Біздің ата-бабаларымыз дөңгеленген киіз үйде ғана өмір сүріп, табиғаттың талай сырын көрегендікпен танымап па еді? Қазақ мүлік жиған емес. Біз – бір киіз үйді бір түйемен көшірген ұлтпыз. Киіз үйдің сүйегін жығып, інгеннің екі сауырына тең қылып түйіп, оның үстіне әбдіре, қоржын, тіпті бесікті де таңып көше бергенбіз. Жапониядағы Киота университетінің профессоры Такуиа Сома – қазақтың құсбегілігін әлемдік ғылымда зерттеп жүрген жалғыз ғалым. Минимализм деген пәлсапа жапоннан қалған, сөйте тұра Сома зерттеуші “жапон минималист емес, нағыз минималист кешегі қазақ еді, бұл әлемде кешегі қазақтан өткен минималист жоқ еді” дейді. Неге десеңіз, қазақ малдың етін өзі жейді, сүйегін иті жейді, айран, сүтін ішеді, жүнінен киіз бен төсеніш, терісінен тулақ пен саба тігеді, малдың қиын отын қылады, қысқасы, әлемде мұндай минималист, табиғатпен үндес ұлт аз шығар. Біз осындай қалпымыздан айырылып қалғандаймыз.
Жазушының бұл кітабын оқып шыққаннан кейін мен минимализ терминіне пара-пар ұғымдарды іздей бастадым. Минимализмді түсінікті тілмен ашкөздіктен тыйылу, артық заттан арылу деп аударуға болатын сияқты. Адам мұндай жетістікке артық ойдан арылғанда ғана қол жеткізер, бәлкім.
Біздің бұл пікірімізді еңбек ардагері Ғалия Малдыбаева да қолдайды. “Бұрын шешелеріміз “керек болып қалар” деген оймен керекті-керексіз заттың барлығын жинай беретін. Бұл түсініктен арылған жөн. Адам өміріне пайда беретін заттарды ғана қолданса, сатып алса нұр үстіне нұр. Ысырап етуді асыл дініміз де қолдамайды. Үнемшіл болу қазіргі заман адамдарына ауадай керек қасиет”, – дейді ол.
Мақаламызды жазушының мына бір ойымен түйіндегенді жөн көріп отырмыз. “Groupthink” деген бір термин бар. Бұл – тайпаның, қоғамның, ұжымның бірдей түсінікте өмір сүруі. Біз, қазақ қоғамы, сол “бірдей ойлау” шеңберіне түсіп қалдық. Үйленсең, міндетті түрде тойға әнші келуі керек, міндетті түрде төрт жүз мейман шақыру керек, қыз-келіншектер бренд сөмке ұстауы керек, екі қабатты коттедж соғу керек… Байқайсыз ба? Бұл – жеке санаға, ішкі өсуге кереғар түсінік. “Коллективное мышлениенің” шаблоны деген сол. Жұрттан қалмаймын деп шабылу, өзіңнің мақсатты құндылығың болмау адамды түбінде өкіндіреді”. Ал сіз қалай ойлайсыз, оқырман!
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.