Жыл сайын студенттер жатақханадан орын таппай, пәтер жағалап, әуре-сарсаңға түсіп жататыны белгілі. Десе де соңғы жылдары бірқатар аймақта студенттер үйі бой көтеріп, біреудің баспанасын жалдайтын білім алушылардың саны азайып келеді. Біздің өңірде де бұл мәселені шешуде оң өзгерістер бар. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің басшылығы жақын арада жастарды жатын орынмен қамту жүз пайызға жетеді деп отыр. Жуырда жергілікті оқу орнына тиесілі жаңа студенттер үйі пайдалануға берілді. Жатақхананың ашылуына өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек және АҚШ-тағы серіктес университет өкілдері қатысты.
– Еліміздің болашағы бүгінгі жастардың қолында. Сіздердің алдарыңызда көптеген мүмкіндіктер бар. Мемлекет тарапынан жастарға қажетті жағдайлар жасалып келеді. Барша білім алушыларға жақсы оқып, келешекте сұранысқа ие маман болуды тілеймін, – деді облыс әкімі.
Жаңа жатақхана 156 орынға шақталған. Сонымен қатар мұнда сырттан келетін профессорларға арналған бөлмелер бар. Барлық бөлме жиһаз және тұрмыстық техникамен жабдықталған. Алдағы уақытта 1200 орындық тағы екі жатақхана ашу жоспарлануда.
– Аризона университеті – табысты серіктестіктің алғашқы үлгісі. Ең алдымен жергілікті университет алдында академиялық хаб құру міндеті тұрды. Ал бүгінде қос дипломдық бағдарламалар Қазақстанның түкпір-түкпірінен және шетелдерден жастарды тартып жатыр. Алдағы 4-5 жыл ішінде университет халықаралық стандарттарға көшеді. Екінші міндет оқу орнын халықаралық зерттеу университетіне айналдыру. Бұл университет үлкен академиялық шеберлік орталықтары бағдарламасына қатыспақ. Енді жыл сайын университет ғылыми-зерттеу әлеуетін жабдықтау және арттыру, профессорларды шақыру және кадрларды қайта даярлау үшін қосымша қаржы алатын болады. Аризона университеті – АҚШ-тың ауыл шаруашылығы министрлігінің үлкен серіктесі. Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі бұл әлеуетті бірден іске асырды. Оқу орны еліміздің бүкіл солтүстік өңірі бойынша қуатты агротехникалық ғылыми-зерттеу орталығына айналуы үшін министрлік тарапынан толыққанды қолдау көрсетіледі, – деді ашылу салтанатына қатысқан Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.
Бүгінде университетте қосдипломды бағдарлама аясында мыңнан астам жас білім алуда. Алдағы уақытта білім беру бағдарламаларын кеңейтіп, жаңа мамандықтар бойынша кадр даярлау жоспарда бар. Осы жұмыстарды талқыға салу үшін өңірге келген АҚШ делегациясы бірнеше күн бойы университет жұмысымен танысып, кездесулер өткізіп жүр.
– Біз университет корпустарында болып, ондағы инфрақұрылыммен таныстық. Жоғары оқу орнындағы оң өзгерістерге куә болдық. Зерттеу орталықтары ашылып, ғылымның қанат жайып жатқанына қуаныштымыз. Бірлескен қосдипломды бағдарлама мен жаңа жобаларымыз сәтті жүргізіледі деп сенемін, – деді Аризона университетінің вице-президенті Дженни Ли.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.