Астанада өтіп жатқан V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында әлемнің 89 мемлекетінен келген екі жарым мыңға жуық спортшы 21 спорт түрі бойынша бақ сынауда. Қуанышымызға орай, ұлттық құрама мүшелері намысты қолдан бермей, турнирлік кестеде көш бастап келеді.
Биылғы көшпенділер ойындарына Азия құрлығынан келген спортшылардан бөлек, Еуропа елдері мен Америка, Австралиядан да командалар қатысуда.
Жарыстың соңғы күндері жүлде үшін талас қыза түсті. Мәселен, “Қазанат” ипподромын дүбірге бөлеген көкпар ойындары өз мәресіне жетті. Ақтық сында Қазақстанның жігіттері Қырғызстан командасымен кездесті. Серкеге талас кезінде екі елдің көкпаршылары сөзге келіп қалып, ойынды уақытша тоқтатуға тура келді. Төрешілердің араласуымен арадағы дау-дамай оң шешімін тауып, ойын қайта жалғасты. Екінші кезеңде қазақстандық шабандоздар жігерлене шабуылға шығып, 4:3 есебімен алға шыққан. Алайда ойынның соңғы секундтарында қырғызстандық көкпаршылар салым салып, негізгі уақыт 4:4 есебімен тең аяқталды.
Төрешілер қосымша 10 минут уақыт қосып, шешуші сәтте қазақ көкпаршылары жігерлілік танытып, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының чемпионы атанды. Қырғыз бауырларымыз күмісті қанағат тұтты. Алайда бұл нәтижемен көрші елдің спортшылары келіспей, марапаттау рәсімінде әнұран шырқалмай жатып тұрғырдан кетіп қалды.
Көшпенділер ойындарында көкпардың баламасы – қырғыз ағайындардың “көк бөрісінен” де жарыс өтті. Ақтық сында тағы да Қазақстан мен Қырғызстан командалары кездесті. Көкпарда кеткен есені қайтаруға ұмтылған көршілер 10:4 есебімен жеңді.
Елордадағы “Алау” мұз айдынында түрік күресінен финалдық жекпе-жектер өтті. “Ашыртмалы аба гюреши” деп аталатын спорт түрінде қазақстандық балуандарға үш күміс бұйырды. 60 килограмм салмақта Ернұр Сүлеймен, 70 килограмда Әділет Ахметғали мен 90 килограмда Айдос Ғалымов екінші орындардан көрінді. “Ашыртмалы аба гюрешине” 19 мемлекеттен 74 спортшы қатысты.
Жарыстың бағдарламасына Батыс Африка халықтарының зияткерлік ойыны “овари” де енгізілген. Бұл спорт түрінде ұлттық құрама қоржынына екі медаль түсті. Жекелей сында 10 дүркін әлем чемпионы Әсел Далиева топ жарса, Аңсаған Қожанәсіп қола жүлдеге ие болды. “Овари” ойынына 35 елден 90 спортшы қатысты.
Теңге ілуден де жарыстар аяқталды. Екі кезеңнің қорытындысы бойынша Қазақстан спортшыларының мерейі үстем болды. “Бес белес” атты турда Бекнұр Серіков алтын иеленсе, екінші орынға моңғол спортшысы Айболат Ұнатқан жайғасты. Үздік үштікті қырғыз Әділбек Кенжебекулы түйіндеді. Ал “қос құлаш” бойынша қазақстандық Рахат Қамбаров дара шықты. Моңғол спортшысы Мэлс Наурызбек күміспен күптелсе, қырғыз Асқат Талайбеков қолаға қол жеткізді.
Көшпенділер ойындарында татар халқының белбеу күресі “көрәштан” қазақ балуандары қанжығалырын майлады. Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өткен додада ерлер арасында төрт салмақ дәрежесі бойынша мықтылар анықталды. 90 килограмда Біржан Шаймерденов алтын жүлде алса, 64 килограмда Әділет Шалғынбекұлы мен 100 килограмнан жоғары санатта Нұрдәулет Жарылғапов күміс жүлдеге ие болды. 75 килограмда Бекнұр Бектай қола жүлде алды.
Дәстүрлі садақ атудың командалық жамбы стилінде Аустралия командасы Қазақстанды жеңіп, алтын жүлде алды. Екінші орынды Қазақстан, үшінші орынды Ресей олжалады. Командалық сайысқа 16 ел қатысқанын айта кеткен жөн. Әр құрама сапында 3 ер, 2 әйелден болды. Әр қатысушыға 3 оқтан 1 мүмкіндік және 5 минут уақыт берілді. Әр тиген жебе үшін команда еншісіне 1 ұпайдан жазылды.
Ойындардың көркін қыздырған сәйгүліктер жарысы да аяқталды. 1600 метрлік ұшқыр бәйгеде әйгілі “Кабирханның” иесі Тілек Мұханбетқалиевтің “Шағала” атты жүйрігі мәре сызығын бірінші болып кесті. Екінші орынды Қазақстанның тағы бір жүйрігі “Арлан” иеленсе, үздік үштікті “Струна” түйіндеді.
2400 метрлік қашықтыққа шақталған бәйгеде 5 сәйгүліктің арасынан алғашқы үш орынды тағы да Қазақстан жүйріктері иеленді. Мәре сызығын алғашқы болып Асланбек Байкеновтің “Берил Рэйсері” кессе, екінші орынға Нұржігіт Табылдиевтің “Адайы” ие болды. Ал үшінші орын Дәурен Жүсіповтің “Роузлайн” есімді атына берілді.
3200 метрлік қашықтықтағы ұшқыр бәйгеде үш орын да қазақстандық шабандоздарға бұйырды. Финалда 7 сәйгүлік жарыс жолына шыққанымен, отандастарымызға тең келер ешкім болмады. Жеңіске Мырзабек Қаппышевтің “Лайф’с Э Бризі” жетсе, күміс медаль “Уэст Кост Найтты” тізігіндеген Дәурен Жүсіповке берілді. Үшінші орынды Рамазан Табылдиев “Аляска Тайгер” жүйрігімен иеленді. Ал аламанда Сапарғали Сәтпаевтің “Айқабағы” алдына ат салдырмады.
Әзірге Қазақстан командасы 37 алтын, 28 күміс, 31 қоламен бірінші орында келеді. Екінші сатыдағы Қырғызстанда 16 алтын, 17 күміс, 21 қола бар. Үздік үштікті түйіндеп тұрған Өзбекстанның алтынының саны 11, күмісі 12 және 11 қола медаль иеленді.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.