Қызылжар өңіріне жұмыс сапарымен келген көлік министрі Марат Қарабаев пен облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысқан жиында жол саласын дамыту мәселелері талқыланды.
Басқосуда Жолдауда көлік-логистика секторына стратегиялық мәні айрықша басымдық ретінде назар аударылғаны, бүгінде автокөлік жолдарының жай-күйі өзекті күйінде қалып отырғаны, республикадағы 2,5 мың шақырымға созылатын облысаралық және ауданаралық жолдарды орта деңгейде жөндеуге арналған жоба жүзеге асырылатыны айтылды. Осыған орай бағдарламаның ауқымын кеңейтіп, кемінде 10 мың шақырымды қамту тапсырмасы жүктелген.
Биыл елімізде 12 мың шақырымға жуық жол салынып, Астана-Алматы, Ақтөбе-Атырау-Астархань, Талдықорған-Өскемен бағытындағы күре жолдарды қайта жаңғырту жұмыстары аяқталған.
Ғауез Торсанұлы министрлікпен бірлесе отырып, өңірдегі орташа жөндеу жүргізілетін учаскелер анықталғанын, жолдың сапасы мен мердігерлердің жауапкершілігі ерекше бақылауға алынатынын атап өтті.
“Биыл облыс аумағында 939 шақырым жол жөндеу жұмыстарымен қамтылды, оның негізгі бөлігін орташа жөндеу құрайды. Мұнда саннан гөрі сапа маңыздырақ. Сол үшін инновациялық әдіс-тәсілдер кеңінен қолданылатын болады. Бұл бағыттағы қарқын бәсеңдемейді”, – деді өңір басшысы.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltustik Qazaqstan”.