Аризона университеті өкілдерімен кездесу барысында облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов делегация мүшелеріне студенттерге сапалы білім беру мәселесі және қос дипломды бағдарламаның маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, екіжақты қарым-қатынасты одан әрі нығайту және білім беру сапасын жоғарылату жайлы да сөз қозғалды.
– Біз төрт жыл бойы сіздермен тығыз жұмыс істеп, үлкен мақсатты жүзеге асырудамыз. Халықаралық стандарттағы сапалы білім берумен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарымыз нәтижесіз емес. Қазіргі таңда М.Қозыбаев атындағы СҚУ-да қос диплом және бірлескен білім беру бағдарламалары бойынша 1 мыңға жуық студент білім алуда. Бұл – жақсы көрсеткіш, – деді өңір басшысы.
Жергілікті жоғары оқу орны базасында жұмыс істейтін Аризона университетінің филиалы биылғы жылы студенттердің үшінші легін қарсы алды. Осыған байланысты облыс орталығына шетелдік оқу орнынан арнайы делегация келді.
– Біз М.Қозыбаев атындағы СҚУ-ға қос диплом бағдарламасы бойынша түскен студенттердің 3-ші тобын қарсы алуға арнайы келдік. Кеше мен студенттермен кездестім, олардың болашаққа деген ұмтылысы мен жігерін байқадым. Білім және ғылым саласындағы нәтижелі ынтымақтастығымыздың 4 жылдығы туралы жоспарымыз бар. Бірлескен жұмыстың игілігін бірге көреміз деген ниеттеміз, – деді Аризона университетінің вице-президенті Дженни Ли.
Сондай-ақ кездесуге Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қатысты. Министр алдағы жоспарларды талқылап, бірқатар мәселелердің басын ашты. Ол Аризона университетінің филиалы ашылған сәттен бастап М.Қозыбаев атындағы СҚУ-ға жыл сайын келетінін айтты.
Бұрын түлектердің дені шетелде, атап айтқанда, Ресейде білім алуға ұмтылған болса, қос диплом бағдарламасы аясында олардың басым бөлігі Қызылжарда оқуға қызығушылық танытуда.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.