«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“Атам – қазақ, мен – қазақ”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ақын Расул Ғамзатов:

“Егер тілім ертең болса құрымақ,

Мен дайынмын өлуге де бүгін-ақ…”, – деп жырлаған екен. Халқымыз келмеске кеткен кеңес дәуірінде біраз құндылық­тарынан айырылуға шақ қалды. Соның қатарында ана ті­ліміз де бар. Оның зардабын бүгінге дейін тартып келеміз десем артық айтқандығым болмас.

Кез келген ұлттық асыл қазы­на­сы – тіл. Біз ана тіліміз арқылы дүниені, өткеніміз бен тарихы­мызды танып, болашаққа қадам басамыз. Сондықтан да мемле­кет­тік тілді дамыту, жастарды өз ана тілдерін үйренуге баулу күн тәртібінен түспейтін мәселеге айналуы тиіс. Осы бағыттағы жұ­мыстардың бір шоғыры Пет­ропавл қаласындағы Әлихан Бө­кейханов атындағы №25 жал­пы білім беретін орта мектепте ұйым­дастырылуда. Себебі оқушылар­дың са­бақта қазақша сөйлесіп, үзілісте немесе мектептен шыға бере өзге тілде шүлдірлеуі жанға батады.

Өткен оқу жылында барлық білім беру ұйымдарына еліміздің жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарға негізделген сая­са­ты көрініс тапқан Біртұтас тәр­бие бағдарламасы енгізілді. Жо­баның мақсаты – жалпыадамзат­тық және ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген еңбекқор, адал, саналы, жасампаз азамат тәр­биелеу. Тілге деген жанашыр­лық, қазақи намыс, ата-бабамыздан келе жатқан әдеп-ғұрыпты дә­ріптеу, тарихымызды ұрпақ­тан-ұрпаққа жеткізу аясында мек­те­бімізде біраз жобалар іске асу­да. Бұл орайда ата-аналар та­ра­пы­нан үлкен қолдау көрсетіліп отыр­­ғанын ерекше айтқым келе­ді.

Әр аптаның жұма күні барлық оқушылар мен педагогтар мек­тепке қазақи нақыштағы ұлттық киім үлгісімен келеді. Бұл күні са­бақ арасындағы үзілістерде бес асық, асық ату, ханталапай, ай­гө­лек, тоғызқұмалақ сынды ұлт­тық спорттық ойындармен бірге қазақша әндер (караоке арқы­лы), баланың физикалық, зияткер­лік тұрғыдан дамуына ықпал ететін құралдардың бірі ретінде домбы­ра бұрышы ұйымдастырылады. Мектеп жанынан құ­рылған “Әже­лер мектебі”, “Әке­лер мектебі”, “Ата-анамен спорт күні”, “Назер­ке” қыздар клу­бы жемісті жұмыс атқаруда.

Биыл тілдер апталығында та­ғы бір игі іс жүзеге асырылды. Қа­зақ тілін на­сихаттау мақса­тын­да әр айдың 25-і күні мектеп ұс­таз­дары мен оқушылары “Қазақ­ша сөйлесейік”, “Атам – қазақ, мен – қазақ”, “Тіл тағдыры – ел тағды­ры”, “Тіл – ха­лықтың жаны”, “Тіл – тә­уелсіздіктің белгісі”, “Тіл – ұлт­тың байлығы” деген сияқты та­ғы бас­қа ұлағатты сөз жазыл­ған бір­дей ақ футболка киеді. Осы­лай­ша қазақша сөйлеу маңызды еке­нін іспен дәлелдеуді ұйғардық.

“Жеті атасын білген ұл жеті жұрттың қамын жер. Жеті атасын білмеген құлағы мен жағын жер”, дегендей әр оқушы өзінің ата-тегін, руын білуі керек. Сондықтан оқушылар футболкалары­ның арқа тұсына өз руларын жаз­ды. Бұл жұмысты қолға алудағы көздеген басты мақсатымыз – білім алушылардың мәдени және ұлттық мұраны насихаттау бойынша бастамаларына қолдау көрсету, оқушылардың нақыл сөз­дер арқылы тілге деген қызы­ғу­шылығын арттыру және туыс-ба­уыр қарым-қатынасын дамыту.

Сәуле ТҰРСЫНОВА,

Әлихан Бөкейхан атындағы №25 жалпы білім беретін орта мектептің директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp