«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Бауырдың орны бөлек қой

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ертеректе бір әйелдің күйеуі, баласы және бауыры бір үлкен қылмыс жасап, хан­ның қаһарына ілігіп, тұтқынға түсіпті. Ханнан дат сұрап, қара жамылып кешірім сұрап жылап келген әйелге хан: “Сен үшін бір-ақ адамға кешірім беремін, өзің барып босатып ал”, – деген екен. Әйел ойлан­бастан барып дар ағашының алдында тұрған үшеуінің арасынан бауырын босатып алыпты. Сонда хан: “Талай жыл отасып, өмірдің ыстық-суығын бірге кешкен, мәңгілік бірге болуға сөз байласқан күйеуіңді немесе бауыр етің балаңды неге құтқармадың? Көздері жаутаңдап саған қарап тұрды ғой”, – дегенде әйел: “Басым аман болса күйеу табылар, күйеу табылса балам болар, ал бірге туған бауырымды қайдан табамын”, – деген екен. Әйелдің ақылды­лығына риза болған хан үше­уін де босатыпты дейді халық аңызында. Иә, бауырдан асқан жанашыр,  қамқор адам жоқ шығар. Өмірде бауырдың қадірін білгенге не жетсін!?

Қазақта “бірге тумақ болса да, бірге жүрмек жоқ екен” деген сөз бар. Қайда жүрсем де бауырларымды ойлап, олардың жағдайына алаңдап отырамын. Менің де бес бауырым бар еді. Алайда екі апам мен інім о дүниелік болды. Бүгінде жасым ұл­ғайып, өзім ата болсам да сол бауырларыма деген жүректе сағыныш, қимастық сезім бар. Әлі де жақындарыммен қа­уышатындай алаңдап тұра­мын. Әттең, өмір жалған деген осы екен.

Соңымнан ерген інім Ер­ғали осыдан 4 жыл бұрын келместің кемесіне мініп, қайт­пас сапарға аттанды. Бауы­рым қайтыс болғанда қанатым қырқылғандай күй кештім. Еңбекқор, өткір, адам­ға деген ізеті де сондай ке­ремет еді. “Жақсы адамның артында жақсы сөз қалады” дегендей қазір енді оның өне­гелі өмірін, еңбекқорлығын көпке үлгі етуден басқа амал жоқ.

Ерғали Әуелбеков 1959 жы­лы 9 мамырда Ғабит Мүсіре­пов атындағы ауданға қарасты Жаңасу ауылында дүниеге келді. Жастайынан еңбекке араласып, ата-анамызға қол­ғабыс етті. Бұғанасы қатпаған бозбала жасында кеңшардың малын бақты. Кеңшілік те, кемшілік те көп кеңес зама­нында мал бағудың азабын айтып жеткізу мүмкін емес. Күні-түні кеңшар жұмысына жегілген Ерғали қандай қиын шаруа тапсырылса да, ешқа­шан бас тартпады. Аттың құ­лағында ойнады. Жүген-құрық тимеген асауды тақымдауда алдына жан салмайтын. 18 жасқа толғанда механизатор болуды ұйғарып, жүргізуші курсын бітірді. Бұл жұмысты да ұршықша иірген бауырым табан аудармастан 35 жыл механизатор болды. Түрлі тех­никаларды тізгіндеп, алдынғы қатардағы білікті маман ре­тінде көпшіліктің құрметіне бөленді. “Шарық” кеңшарында еңбекпен есейген азамат бей­нетінің зейнетін көретін жасқа таяп қалғанда жалған дү­ниемен қоштасып кете барды.

Тосыннан келген ажалға араша тұра алмадық. Ауыр бейнет салдарынан денсау­лығы сыр берген екен. Ар­тында ұл-қыздары қалды. Сол бала-шағаны жеткізу үшін ба­уырым жанын салды. Келінім Рақиза екеуі екі қыз, төрт ұлды қатарынан қалдырмай тәр­биеледі. Қолдарынан кел­генше білім алуларына жағдай жасады. Бірақ өмірдің қызы­ғын бірге кешіп келе жатқан жарынан айрылу кез келген ер-азаматқа оңай емес. Ол сы­нақты да Ерғали жеңе білді.  Бала­ларын құтты орындары­на  қондырды

Ұл-қызының рақатын көріп, немере-жиен сүйіп, бақытқа бөленгені сол еді сұм ажал арамыздан оны да жұлып алды. Бүгінде артында қалған бес баласы әке атына кір келтір­мей, ел қатарлы түтін түте­туде. Барлығы да оқыған, білімді азаматтар. Олармен үнемі хабарласып, қал-жағдайларын біліп тұрамын. Ба­лаларын көргенде, бауы­рымды көргендей боламын. Десе де Ерғалидың орны ой­сы­рап тұр. Жақыныңның ор­нын ешкім де баса алмайды. Қайтейін қолдан келер дәрмен жоқ. Ендігі жерде қолдан келері жарқын бейнесін еске алып, рухына құран бағыштау ғана. Сондықтан бауырды барында құрметтеп, қадірін білу қажет екенін айтқым ке­леді. Ешкім мәңгі жаса­майды. Мүмкіндік барда жақындарымызға көңіл бөліп, қолдан келгенше қамқор болайық! 

Сабырғали ӘУЕЛБЕКОВ,

зейнеткер.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp