Біз ең алғашқы музыка, әдеби туындылар мен қойылымдардың қай уақытта пайда болғанын білмесек те, адамзат баласының бірінші қолына құрал алып, ойындағысын ою-өрнектер арқылы бейнелей бастаған кезін болжай аламыз. Бұған алысқа бармай-ақ қазақтың кең даласында қалған тастағы ою-өрнектер де дәлел бола алады.
Қазақ даласында ою өнері басты құндылықтардың біріне айналып, көшпенділердің өміріне етене еніп кетті. Бұл бабаларымыздың жоғары мәдениеті мен көркем ойлауының көрінісі еді. Онда байырғы наным-сенім, әдет-ғұрып пен даламызда салтанат құрған мемлекеттердің мәдениеті туралы мол мағлұмат жинақталған. Даламыздан табылған ең алғашқы өрнектер қола дәуіріне жатады. Бұл кезеңде адамдар түрлі геометриялық фигураларды тұрмыстық құралдарға, сүйек пен қыштан жасалған бұйымдарға сала бастаған.
Халқымыздың бүгінгі ырым-нанымдары өте ертеде қалыптасқан. Ол кезеңде өмір сүрген адамдар оюлар адамды пәле-жаладан қорғайды деп сенген. Сондықтан түрлі аспан денелерін бейнелеген. Адамды тіл-көзден қорғайды деп үшбұрышты тұмар тағу сол заманның өзінде болған.
Тотемизм пайда бола бастағанда әр ру, тайпа, мемлекеттің өзінің қорғаушысы болады деген сенім туды. Түркілер өздерінің тотемі деп қасқырды таныды. Ал ғұндарда аққу отбасылық бақыттың, жылқы құдірет пен биліктің, қой саулық пен байлықтың белгісі саналды. Ол уақыттарда қойдың басын өрнек ретінде тұтас бейнелегенге ұқсайды. Кейін уақыт өте оның мүйіздері ғана қалып, одан бүгінде бәрімізге белгілі қошқармүйіз оюы пайда болған. Қазақтар бұл оюды үйге молшылық әкеледі деп жабдығына салған.
Бұрынғы шеберлер оюдың өзінен гөрі түсіне ерекше мән берген. Ою салуға көбіне ашық түстерді таңдаған. Мұндайда түстің өзі адамға көп ақпарат береді. Мысалы қара құпиялылықтың, жасыл қайта өрлеу мен құнарлылықтың, сары молшылықтың, көк бейбітшілік, тәңірге табынудың, қызыл күш-қуаттың, ақ түс ақиқаттың белгісі саналған. Сондықтан бүгінгі тігіншілер де қолына ине-жіп алмас бұрын қажетті маталарды талғаммен таңдағаны жөн.
Қазақтың тігіншілік өнерінде ұлттық ерекшеліктермен қатар әр өңір мен руға тән белгілер болған. Адамның шыққан тегі, әлеуметтік жағдайы мен қызметі, жасы оның киген киімінен-ақ танылған.
Қазақтың ою өнері бірнеше ғасырлар бойы үздіксіз дамып, бүгінгі деңгейге жетті. Сақ, ғұн, түркі мемлекеттері, Алтын орда мен шығыс мәдениеті мен исламның әсері ұлттық оюымызды қалыптастырды. Бұл өнер Қазақ хандығы тұсында жоғары дәрежеге жетіп, кеңестік кезеңге дейін жалғасты. Кеңес үкіметі жылдарында оюларымыз айтарлықтай өзгере қойған жоқ. Сондықтан қазақ қолөнері бүгінгі күнге дейін барынша түгел жеткен ұлттық қазынамыз саналады.
Оюды бұйымға сала білу, түс пен материалды таңдау да оңай емес. Өкінішке қарай осы күнгі көп шеберлер бұйымын барынша жарқыратып көрсету үшін оюдың небір түрін талғамсыз салып, сәндік өнердің сәнін кетіріп жүр. Ал кей заманауи ағымдардың ұстанушылары оюды әр жерге бір сирек салып, өзінше жаңа дизайн жасап шыққысы келеді. Бұрынғы әжелеріміздің іс тігу мектебінің әлсіреп, ұмыт болып бара жатқаны өкінішті. Қазіргі шеберлердің оюдың симметриялы орналасуына, элементтердің арасында байланыс, үйлесім болуына, түстерді дұрыс таңдауға, оюдың символикасына және орнымен пайдаланылуына мән бергендері дұрыс. Әйтпесе молшылықтың белгісі саналатын қошқармүйізіміз қоқыс жәшігіне дейін салынып кетті. Оюдың да киімге, үй жабдығына, құралдарға, зергерлік бұйымдарға салынатын түрлері болады. Соларды араластырып алмай, дұрыс жұмсай алсақ әлем халқы таңданар небір туындылар шығары анық.
Қазақтың оюларын шығуына қарай бірнеше топқа бөлуге болады. Оның ішіне бітпес, ирек, шаршы, бестаңба сияқты геометриялық өрнектер кіреді. Көшпенділер табиғатпен тығыз байланыста өмір сүргендіктен өсімдіктердің ерекше белгілері де өрнек етіп алынған. Жапырақ, ағаш, үш күлтелі, бес күлтелі гүлдер осының дәлелі. Ал жануарлар мен құстарға байланысты қошқармүйіз, түйетабан, итқұйрық, қазмойын, қарғатұяқ, құсмұрын сияқты атаулардың өзін қалай дәл қойғанына таңдай қағып қаласың. Бабаларымыз тіпті жылан, тасбақа, балықкөзді де сала білген екен. Түрлі табиғат құбылыстарын бейнелейтін суөрнек, тау, шұғыла, күн, төртқұлақ өрнектер де зерттеген адамға құпиясын аша түсері анық.
Тәуелсіздік жылдары ұлтымыздың ою өнері өзінше дамыды. Ұлттық нақыштарымыз мемлекеттік рәміздер мен еңселі ғимараттарда пайдаланыла бастады. Осылайша халқымыздың жаңа заманға сай өзінің сәндік-қолданбалы өнері мен архитектурасы дамып келеді. Ақын Күләш Ахметова:
Қазақтың оюлары-ай, оюлары!
Даладай бояулары қою бәрі!
Күмбезге, тасқа, шиге көшкен нақыш
Жарайды көрмелерге қоюға әлі! – деп ұлттық өнеріміздің бағасын қалай дәл берген.
Егер бүгінгі қарқыннан таймай, тігіншілік сала дұрыс бағытта дамитын болса қошқармүйізіміздің шын мәнінде талай көрменің сәніне айналып, даламыздың бояуларын паш ететіні анық.
Қарлығаш ШАЯХМЕТҚЫЗЫ,
зейнеткер.