С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана сөресі жаңа туындылармен толықты.
Көзі қарақты оқырман ХІХ ғасырдың екінші жартысында отаршылдық билік құрылымында қызмет атқара жүріп, қазақ халқының мүддесін қорғаған Ахмет Кенесариннің қазақтың соңғы ханы – Кенесары Қасымұлы мен оның ұлы Сыдық сұлтанның өміріне арналған “Насаб наме сұлтан Сыдық” атты туындысын қызыға оқыры анық. Белгілі ғалым, қоғам қайраткері, академик Оразалы Сәбденнің “Өркениеттің жаңа дәуірі”, көрнекті жазушы Мәди Айымбетовтің “Бопай ханым”, Зейнеп Ахметованың “Күретамыр” атты кітаптары қазіргі қазақ қоғамына, ел ертеңі саналатын ұл-қыздарға ауадай қажет мінездер мен қасиеттерді насихаттайды. “Біз кітапхана оқырмандарының шетел әдебиетінің көрнекті өкілдерімен танысуларына жағдай жасаймыз. Бройнинг Лоретта Грацианоның “Бақыт гормондары”, Морган Хаузелдің “Ақша психологиясы” туындыларын іздеп жүріп оқитындар көп”, – дейді кітапханашы Майра Әшімова.
Сөреге келіп түскен жаңа кітаптар арасында жерлестеріміздің де еңбектері бар. Белгілі жазушы Зейнел-Ғаби Иманбаевтың “Ортақкөл әңгімелері”, ақын, журналист, аудармашы Зейнолла Әкімжановтың “Замана шамшырағы” атты кітаптары оқырманның олжасына айналары сөзсіз.
Ақмарал ҚҰРМАНАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.