Елімізде атом электр стансасын салу мәселесі төңірегінде ұйымдастырылып жатқан талқылаулар толыққанды мағлұматтар алуға жан-жақты мүмкіндіктер тудырып отыр. Ең бастысы, атом энергетикасын бейбіт мақсатта пайдалануға деген түсіністік қалыптасып, қолдаушы тараптың арта түскенін байқау қиын емес. Иә, осы тақырыпқа әңгіме қозғалса, жұртшылықтың көзіне Чернобыль, Фукусима қалаларында орын алған жойқын апаттар мен Семей ядролық полигонындағы жарылыстардың елестейтіні заңды.
Осы себепті болар, тиімділігінен гөрі зардаптары тағы қайталанып кете ме деген қауіп пен күдік басым. Мәселенің байыбына бармастан, энергетикалық тәуелділіктен арылудың бірден бір балама түрі екеніне назар аударылмайтыны сондықтан. Ең алдымен жадыда жатталып қалған осындай теріс көзқарасты сейілту және бос даңғазаға ерушіліктен айықтыру бағытындағы түсіндіру жұмыстарына басымдықтың берілуі, нақты мысалдар негізінде АЭС-тің маңызы мен мәнін терең ұғындыру әбден құптарлық. Маман ретінде айтарым, АЭС-тің қоршаған ортаға қауіпсіздігі әлдеқашан дәлелденген. Реакторлар ауаны ластайтын қалдықтарды қоршаған ортаға шығармайды. Мұнай өнімі, газ, күл сияты зиянды заттармен ластамайды. Оған әлемде тоқтаусыз жұмыс істеп тұрған 415 реактордың үздіксіз қуат көзі дәлел. Және де шыққан қалдық өңделіп, қайталама отынға айналады.
Бүгінде АЭС салудың өзектілігі күннен-күнге арта түсуде. Ел келешегі мен болашақ ұрпақтың қамын ойласақ, өркениетті мемлекеттердің тәжірибесіне сүйене отырып, энергияға деген сұранысты өтеудің жолдарын қарастырған абзал. Сарапшылардың айтуынша, республикада орналасқан ірілі-ұсақты 222 стансаның қуат көзі қажеттілікті толық қамтуға қауқарсыз. Бұған энерго нысандарының 65 пайызы ескіргенін қоссақ, оларды қалпына келтіру шығыны бір АЭС салуға кететін 12 млрд. теңге қаражаттан әлдеқайда асып түседі. Бейбіт атом энергиясынан бас тарту жаңа көмір зауытын, жел қондырғысын, күн панельдерін салуға арналған жобаларға көп қаражат құюға тура келеді, ал 10-15 жылдан кейін мұнай мен газ тапшылығы сезілген жағдайда өнеркәсіптік және тұрмыстық проблемалардың тіпті шиеленесіп кетері даусыз.
Атомды игерудің мамандары әлемдік компаниялардың ел аумағында алғашқы атом электр стансасын салу жөніндегі ұсыныстарын зерделеп, озық технологияларды бірлесіп талдауды және жобаны іске асырудың түрлі нұсқаларын әзірледі. Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2021 жылдан бері атом энергетикасының маңыздылығы қоғамда жан-жақты түсіндіріліп, “Қазақстанның атом энергетикасы туралы 10 дерек” бейне жазбасы көрсетілді. Атом энергетикасына қажеттілік пен тиімділік АЭС құрылысының жобасы шеңберінде жалғасты. Түрлі пікір алмасулар барысында әлемдегі атом энергетикасының орны, осы салада қай мемлекет көш бастап тұрғаны туралы деректер берілді. Қазақстанның ағымдағы жоспарлары, “атом елдері” клубына енуге талпынуы қажет пе деген мәселелерге назар аударылды. АЭС құрылысы жобасының ел тұрғындарының өмірі мен (әлеуметтік аспект, білім беру, ғылымның дамуы және т.б.) экологияға әсеріне кеңінен тоқталды. Заманауи атом технологияларының қауіпсіздік мәселесі және бүгінгі таңда жетекші әлемдік компаниялардың ел аумағында алғашқы атом электр стансасын салу жөніндегі ұсыныстары қарастырылды.
Бұған дейін елімізде Балқаш көлі маңында АЭС салу мәселесі 1997 жылы қаралса, 2016 жылы қазақстандық тараптың шақыруы бойынша еліміздің ядролық инфрақұрылымына кешенді шолу жөніндегі миссиясы өткізіліп, АЭС құрылысының қауіпсіздік жүйесі, оны қаржыландыру, заңнамалық-құқықтық базаны дамыту, қоршаған ортаны қорғау, электр желілері мен білікті кадрларды даярлау мәселелері талқыланды. 2018-2019 жылдары АЭС салудың анағұрлым қолайлы ауданы талданып, энергия балансының болжамды есептері жүргізілді. АЭС салу экономикаға, ғылымға, білімге, әлеуметке және технологиялық салалар мен инфрақұрылым, оның ішінде мектеп, аурухана, тұрғын үй мен жолдар құрылысының қарқынды дамуына септігін тигізетіндігі ерекше атап көрсетілді. Тек соңғы 10 жылда Қазақстанның жоғары оқу орындарында атом саласы бойынша 2 мыңнан аса бакалавр, бір мыңға жуық магистр және 200-ге тарта ғылым докторлары дайындалған. Бір АЭС үшін 2 мыңнан аса маман, оның ішіне электр, жылу энергетиктері, механиктер мен гидротехниктер, ал тікелей ядролық реактор жұмысын қамтамасыз ететін ядролық энергетика жөнінде тағы да екі жүзден аса маман болуға тиіс. Дүниежүзілік тәжірибеге сүйенсек, жоғары білікті бір маман даярлауға он жылға жуық уақыт кетеді екен. Бұл мерзім АЭС салу уақытымен шамалас. Атом энергетикасы ғылым мен білімнің дамуына ықпал ететін жоғары технологиялық сала екенін де ұмытпаған абзал.
БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының зерттеуіне сәйкес, өмірлік цикл деңгейіндегі жел энергиясын қоса алғанда, АЭС генерацияның барлық түрлері арасында көміртек қалдығын ең аз мөлшерде қалдыратын энергияның баламасы саналады. Өскемен қаласындағы Үлбі металлургия зауыты – 1949 жылдан бері әлемге танылған уран, бериллий, тантал және ниобий өнімдерін өндірушілердің бірі. Алматы қаласында 1957 жылдан бері ғылыми зерттеулерді дамытумен және жоғары білікті кадрлар даярлаумен айналысатын ядролық физика институты жұмыс істейді. Ақтау қаласында 1973 жылы БН-350 жедел нейтронды әлем бойынша алғашқы тәжірибелік-өнеркәсіптік ядролық реактор іске қосылған. Ендігі мақсат – жинақталған тәжірибені энергетика және ядролық қауіпсіздік саласындағы озық ғылыми жобалармен байланыстыра отырып, атом электр стансасын салуды нормативтік-техникалық талаптар негізінде жүргізу. Онда жер сілкінісі мен геологиялық құбылыстар, гидрометеорологиялық жағдайлар, болжамды су тұтыну факторлары жете ескерілетін болады.
Қазақстанда АЭС салудың мерзімі жөнінде айтар болсақ, 2035 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр. Энергияға деген сұранысты толық қанағаттандыру үшін тозығы жеткен электр стансаларын қайта жаңғырту да – кезек күттірмейтін мәселелердің бірі.
Жанболат РАҚЫШЕВ,
Төтенше жағдайлар министрлігі индустриалдық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті
облыстық департаментінің бөлім басшысы.