«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Моруа хатының мәні

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Батыстың белгілі жазушысы Андре Моруа сексен жасқа тол­ған шағында өмірде көрген-біл­генін ақ қағазға түсіріп, кейінгі буынға аманаттауды шешіпті. Бұл бүгінде дүкен сөрелерін тол­тырып тұрған кезекті мотива­ция­лық кітап емес. Классикалық әдебиет өкілінің оқырманға ама­наты іспетті. Ол өзінің бар өмір­лік тәжірибесін, ойға түйгенін, иланған ұстанымдарын бір хат­қа сыйдырып, оны “Өмір сүру ілі­мі туралы жас жігітке хат” деп атай­ды. Аталған шығарманың жа­зылғанына айтарлықтай көп уа­қыт өтсе де ол ересек өмірдің есі­­гін енді аттаған жастар үшін жаңа өмірдегі жол нұсқаушы бо­лып келеді. Шығармада автор өмір сүру туралы бірнеше ере­же­лерді бекітіп, кеңестер бере­ді. Андре Моруа өз пайымдары ғасырлар өтсе де бұзылмайтын, құндылығын жоймайтын, ғалам­ның өзі сияқты көне деп тұжы­рым­дайды.

Жазушы жас жігітке өзі үшін ғана өмір сүруге болмайтынын айтады. Өйткені адам баласы үшін ең үлкен күрес өзімен-өзі кү­ресу, өзімен-өзі бетпе-бет қалу. Өзінен басқаны ойламайтын жан­ның бақытсыздығына мың се­беп табылады. Ал басқалар үшін, елі, жері немесе шығарма­шылық үшін ғұмыр кешетіндер­дің күнделікті тірліктің ұсақ-түйегіне уақыты болмайды. Одан әрі жазушы жастарды әре­кет етуге шақырады. Жастар әлемдегі абсурд пен әділетсіз­дікке шағымданып, көңілі тол­май жүре бермей қолынан кел­генше өз ортасын өзгертуге ты­рысуы қажет. Жастар әрекет ету­ді басқаларға қарсы шығу, жаңа тәртіп орнатуға ұмтылу деп түсінбеуі керек. Әр адам өз ісін адал әрі кәсіби атқару арқылы да қоғамға оң өзгерістер әкеле алады.

Бүгінгі көп жастардың салы суға кетіп, еңсесі түсіп жүретіні жа­сы­рын емес. Бұл олардың қан­дай да бір істен көңілі қалып, тағдырға мойынұсынғанын көрсетеді. Алайда жазушы оларға ешқашан да мойымай, ерік-жігердің күшіне сенуге кеңес бере­ді. Жігерлі адам өзінің бола­ша­ғын да өзгерте алады. Адам мүм­кіндіктері шектеулі болғанымен, ол жанын сала жұмыс істесе алынбайтын қамал жоқ. Автор­дың сөзге берік болу, айтқанды орындау туралы ойлары қазақ танымымен сәйкес келеді. Әр­кім өз таңдауына жауап беруі ке­рек. Егер мектеп түлегі қандай да бір мамандықты таңдаса, сол мамандықтың білікті кадры­на айналуға тиіс. Әр таңдаудың артында жауапкершілік тұрады.

Адамзат қауымы да қалың орман сияқты. Оның арасында да жапырағын күнге жайып өскен тік ағаштар, бұтағы қисық ағаштар да болады. Сондықтан қисық өскен ағашты түзеймін деп әуреленбеңіз. Жазушының ойынша адам өз айналасын­да­ғы жандарды кемшілігіне қара­май қабылдап, күн сайын жа­ғымсыз, дөрекі, тұрпайылармен кездесуге дайын болуы керек. Оларға өшігіп, ауыр уайымға са­лынудың да қажеті жоқ. Қандай жағдай болмасын жастар өз ішіндегі адами сенімін жоғалт­пауы керек.

Өз заманы туралы: “Есептеп қарасам, осы бір ғажайып за­манда өмір сүріп жатқаныма өзімді бақытты сезінемін. Адам­зат соңғы елу жылдың ішінде ата-бабамыз аша алмаған таби­ғат құпиясын аштық, ол энергия­ның қаншама бай көздерін ашып, құдіретті күшке ие болды, тіпті күшінің көптігі оның өзін де құртып жіберуге жетеді, ол кос­мосты зерттеп ғаламшарлар арасында қалқып жүр, ол жер­дін үстімен қала мен қаланың арасына жарықтың жылдамды­ғы­нан үш есе артық жылдам­дықпен ұшып жете алады. Ол адам миынан да күшті санап, күш­ті есептейтін машиналар жа­сап шығаруда – осының бәрі ке­ремет, бәрі ғажап. Сіздің буын жаңалық ашу жолында одан да жылдам жүреді” деп жазған Андре Моруа осы күнді көрсе не деп толғанар еді?

Адамзатта небір қуатты тех­ни­калар мен күшті қарулар бар. Алайда осының бәрін тежеп тұ­ра­тын ұждан күшін қолдан жа­сап алуға болмайды. Андре Мо­руа жастарға бүгінгідей қырғи-қабақтыққа тосқауыл қою мінде­тін жүктейді. Ол ешқандай алауыздық адам өміріне татымайды деп біледі.

Адамзат алдында тұрған екін­ші қауіп ретінде автор өнер туындыларын қабылдау қабілетінің әлсіреуін көрсетіп отыр. Бү­гінде құнды өнер ғажаптарының шын бағасына жетіп, таңдана қарай алатын талғамы жоғары адамдар аз. Ал сол өнерді жа­сауы тиіс топ болса, түрлі ақыл­ға қонымсыз әрекеттерге ба­рып, адамдардың әлсіздігі мен надандығын өз пайдасына асы­руда. Жастар осыған дейін мойын­далған үлкен темірқазық туындылардан бас тартпай, жаңа дүниенің бәрі әлі өз орнын таппаған шырақ екенін түсінуі керек.

Гете “адам не үшін тамақта­на­ды, не үшін отбасын құрады, не үшін бала тәрбиелейді?” де­ген сұрақтарға: “Негізі маған дейін қаланған өмірімнің мұна­расы барынша биік көтерілуі үшін” деп жауап берген екен. Адам өмірінің іргетасы біздің ыр­қымыздан тыс қаланып қойған. Ал жылдар өткеннен кейін оның қаншалықты биік болуы өз қо­лымызда. “Сіз жассыз, өз мұна­ра­ңызды өзіңізге мұраға беріл­ген іргетаста көтеріп жатырсыз. Мен сізді өзім жіберген қателік­терден қорғағым келеді. Менің мұнарам өз биігімнен көріне алған жоқ” дейді қаламгер. Өмір өте қысқа. Сондықтан да оны өзі­ңіз қалаған іске арнап, сол жол­да аянбай еңбек еткен дұрыс. “Түсінесіз бе? Бастысы “бәріне үл­ге­руде”, басқаша айтсақ “жар­қы­рай көрінуде” емес. Оның сәті түсе ме, түспей ме, жағдайға бай­ланысты. Ең бастысы таңдаған ісіңе толығымен берілу” дейді жа­зу­шы.

Өз туындысында автор пайым­дарын әлем тарихында із қал­дырған тұлғалардың өмірінен алынған мысалдармен қуаттап отырады. Ол Гомер, Эсхиль, Арис­тотель, Софокл, Бальзак, Рабле, Лофонтен, Вольтерден бас­тап қарапайым бағбан мен құмы­ра сатушыға дейін үлгі етіп көр­сетеді. Жастарды данышпандар­дың тағылымды ғұмырынан өнеге алуға, даңқты философтар мен ақын-жазушылардың еңбектерін оқуға шақырады.

Бүгінгі жастар жаңа ғасырға “де­малу ғасыры” деген атау бер­ген екен. Алайда жазушы мұндай көзқараспен келіспейді. Оның ай­туынша, шектен тыс көп уақыт адам­ды зеріктіріп, оның дамуын тежейді. Адамзат күніне 12 сағат жұмыс істеген кезді де басынан өткерді. Сондықтан да жұмыс пен демалыстың арасындағы тепе-теңдікті қадағалап, бос уақытын кі­тап оқу, шығармашылықпен айна­лысу, білім алуға арнауы керек. Ал адам баласы барлық жұмысты машиналарға тапсырып қойып, жаппай сайрандау дәуірінің қызы­ғына кенеледі дегенге сену бос қиял.

Андре Моруа адамзатты ұш­пақ­қа шығаратын екі нәрсе – ғылым мен өнер деп санайды. Ал адам­ның осының екеуінен де хабары болуы керек. Ғалым әдебиетпен әуестенсе, жазушы ғылымға қызықса ісінен нәтиже шығады. Ал осының біреуін ғана қажет деп санау жастардың болашағына кері әсер етеді. Тұлғаның үйле­сімді дамуы үшін білімі мен қатар талғамы да өсуі тиіс.

Дәулет ҚАНАТБЕКҰЛЫ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp