Петропавлда “Бір ауыл – бір өнім” бағдарламасының өңірлік бренд-комитетінің отырысы өтті. Нәтижесінде төрт кәсіпкер жеңімпаз деп танылды. Енді олар түрлі қолдауға ие болмақ.
Облыстық кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл “Бір ауыл – бір өнім” бағдарламасына қатысуға өңірден 24 өтініш түскен.
“Қатысуға өтініш берген кәсіпкерлер өз өнімдерін 29 тамызда Петропавлда өткен көрме-жәрмеңкеде көпшілік назарына ұсынды. Көрме қорытындысы бойынша конкурстың ақтық кезеңіне 10 кәсіпкер өтті, олар кейін өз жобаларын өңірлік бренд-комитет алдында қорғады”, – деді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Есжан Оразалин.
Қазылар алқасы құрт, ара шаруашылығы өнімдері, кір сабын, жүннен жасалған бұйымдар, ешкі сүтінен жасалған өнімдер, тосап пен джем, кондитер өнімдері арасынан үздіктерді анықтады.
Бренд-комитеттің шешімімен кір сабын жасайтын “Береке”, құрт әзірлейтін “Досходжаев”, тосап-джем қайнататын “Аружан” жеке кәсіпкерлігі және ешкі сүтінен түрлі өнім дайындайтын “Тамаша” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеңімпаз атанды.
“Үздіктерді таңдау кезінде бірінші кезекте кәсіпкерлердің өнім немесе тауар өндірісінде тек жергілікті шикізат пен қол еңбегін пайдалануына баса назар аударылды. Сондай-ақ, кәсіптің әлеуеті, оның қаптамасы, тауардың аймақтық ерекшеліктері, оның ішкі және сыртқы нарықтарға шығу мүмкіндігі сараланды”, – дейді Есжан Оразалин.
Жоба жеңімпаздарына маркетологтар өз өнім-тауарларын одан әрі жетілдіріп, брендтеу, сертификаттау және экспортқа шығару бойынша көмек көрсетеді.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.