Батыстың белгілі жазушысы Андре Моруа сексен жасқа толған шағында өмірде көрген-білгенін ақ қағазға түсіріп, кейінгі буынға аманаттауды шешіпті. Бұл бүгінде дүкен сөрелерін толтырып тұрған кезекті мотивациялық кітап емес. Классикалық әдебиет өкілінің оқырманға аманаты іспетті. Ол өзінің бар өмірлік тәжірибесін, ойға түйгенін, иланған ұстанымдарын бір хатқа сыйдырып, оны “Өмір сүру ілімі туралы жас жігітке хат” деп атайды. Аталған шығарманың жазылғанына айтарлықтай көп уақыт өтсе де ол ересек өмірдің есігін енді аттаған жастар үшін жаңа өмірдегі жол нұсқаушы болып келеді. Шығармада автор өмір сүру туралы бірнеше ережелерді бекітіп, кеңестер береді. Андре Моруа өз пайымдары ғасырлар өтсе де бұзылмайтын, құндылығын жоймайтын, ғаламның өзі сияқты көне деп тұжырымдайды.
Жазушы жас жігітке өзі үшін ғана өмір сүруге болмайтынын айтады. Өйткені адам баласы үшін ең үлкен күрес өзімен-өзі күресу, өзімен-өзі бетпе-бет қалу. Өзінен басқаны ойламайтын жанның бақытсыздығына мың себеп табылады. Ал басқалар үшін, елі, жері немесе шығармашылық үшін ғұмыр кешетіндердің күнделікті тірліктің ұсақ-түйегіне уақыты болмайды. Одан әрі жазушы жастарды әрекет етуге шақырады. Жастар әлемдегі абсурд пен әділетсіздікке шағымданып, көңілі толмай жүре бермей қолынан келгенше өз ортасын өзгертуге тырысуы қажет. Жастар әрекет етуді басқаларға қарсы шығу, жаңа тәртіп орнатуға ұмтылу деп түсінбеуі керек. Әр адам өз ісін адал әрі кәсіби атқару арқылы да қоғамға оң өзгерістер әкеле алады.
Бүгінгі көп жастардың салы суға кетіп, еңсесі түсіп жүретіні жасырын емес. Бұл олардың қандай да бір істен көңілі қалып, тағдырға мойынұсынғанын көрсетеді. Алайда жазушы оларға ешқашан да мойымай, ерік-жігердің күшіне сенуге кеңес береді. Жігерлі адам өзінің болашағын да өзгерте алады. Адам мүмкіндіктері шектеулі болғанымен, ол жанын сала жұмыс істесе алынбайтын қамал жоқ. Автордың сөзге берік болу, айтқанды орындау туралы ойлары қазақ танымымен сәйкес келеді. Әркім өз таңдауына жауап беруі керек. Егер мектеп түлегі қандай да бір мамандықты таңдаса, сол мамандықтың білікті кадрына айналуға тиіс. Әр таңдаудың артында жауапкершілік тұрады.
Адамзат қауымы да қалың орман сияқты. Оның арасында да жапырағын күнге жайып өскен тік ағаштар, бұтағы қисық ағаштар да болады. Сондықтан қисық өскен ағашты түзеймін деп әуреленбеңіз. Жазушының ойынша адам өз айналасындағы жандарды кемшілігіне қарамай қабылдап, күн сайын жағымсыз, дөрекі, тұрпайылармен кездесуге дайын болуы керек. Оларға өшігіп, ауыр уайымға салынудың да қажеті жоқ. Қандай жағдай болмасын жастар өз ішіндегі адами сенімін жоғалтпауы керек.
Өз заманы туралы: “Есептеп қарасам, осы бір ғажайып заманда өмір сүріп жатқаныма өзімді бақытты сезінемін. Адамзат соңғы елу жылдың ішінде ата-бабамыз аша алмаған табиғат құпиясын аштық, ол энергияның қаншама бай көздерін ашып, құдіретті күшке ие болды, тіпті күшінің көптігі оның өзін де құртып жіберуге жетеді, ол космосты зерттеп ғаламшарлар арасында қалқып жүр, ол жердін үстімен қала мен қаланың арасына жарықтың жылдамдығынан үш есе артық жылдамдықпен ұшып жете алады. Ол адам миынан да күшті санап, күшті есептейтін машиналар жасап шығаруда – осының бәрі керемет, бәрі ғажап. Сіздің буын жаңалық ашу жолында одан да жылдам жүреді” деп жазған Андре Моруа осы күнді көрсе не деп толғанар еді?
Адамзатта небір қуатты техникалар мен күшті қарулар бар. Алайда осының бәрін тежеп тұратын ұждан күшін қолдан жасап алуға болмайды. Андре Моруа жастарға бүгінгідей қырғи-қабақтыққа тосқауыл қою міндетін жүктейді. Ол ешқандай алауыздық адам өміріне татымайды деп біледі.
Адамзат алдында тұрған екінші қауіп ретінде автор өнер туындыларын қабылдау қабілетінің әлсіреуін көрсетіп отыр. Бүгінде құнды өнер ғажаптарының шын бағасына жетіп, таңдана қарай алатын талғамы жоғары адамдар аз. Ал сол өнерді жасауы тиіс топ болса, түрлі ақылға қонымсыз әрекеттерге барып, адамдардың әлсіздігі мен надандығын өз пайдасына асыруда. Жастар осыған дейін мойындалған үлкен темірқазық туындылардан бас тартпай, жаңа дүниенің бәрі әлі өз орнын таппаған шырақ екенін түсінуі керек.
Гете “адам не үшін тамақтанады, не үшін отбасын құрады, не үшін бала тәрбиелейді?” деген сұрақтарға: “Негізі маған дейін қаланған өмірімнің мұнарасы барынша биік көтерілуі үшін” деп жауап берген екен. Адам өмірінің іргетасы біздің ырқымыздан тыс қаланып қойған. Ал жылдар өткеннен кейін оның қаншалықты биік болуы өз қолымызда. “Сіз жассыз, өз мұнараңызды өзіңізге мұраға берілген іргетаста көтеріп жатырсыз. Мен сізді өзім жіберген қателіктерден қорғағым келеді. Менің мұнарам өз биігімнен көріне алған жоқ” дейді қаламгер. Өмір өте қысқа. Сондықтан да оны өзіңіз қалаған іске арнап, сол жолда аянбай еңбек еткен дұрыс. “Түсінесіз бе? Бастысы “бәріне үлгеруде”, басқаша айтсақ “жарқырай көрінуде” емес. Оның сәті түсе ме, түспей ме, жағдайға байланысты. Ең бастысы таңдаған ісіңе толығымен берілу” дейді жазушы.
Өз туындысында автор пайымдарын әлем тарихында із қалдырған тұлғалардың өмірінен алынған мысалдармен қуаттап отырады. Ол Гомер, Эсхиль, Аристотель, Софокл, Бальзак, Рабле, Лофонтен, Вольтерден бастап қарапайым бағбан мен құмыра сатушыға дейін үлгі етіп көрсетеді. Жастарды данышпандардың тағылымды ғұмырынан өнеге алуға, даңқты философтар мен ақын-жазушылардың еңбектерін оқуға шақырады.
Бүгінгі жастар жаңа ғасырға “демалу ғасыры” деген атау берген екен. Алайда жазушы мұндай көзқараспен келіспейді. Оның айтуынша, шектен тыс көп уақыт адамды зеріктіріп, оның дамуын тежейді. Адамзат күніне 12 сағат жұмыс істеген кезді де басынан өткерді. Сондықтан да жұмыс пен демалыстың арасындағы тепе-теңдікті қадағалап, бос уақытын кітап оқу, шығармашылықпен айналысу, білім алуға арнауы керек. Ал адам баласы барлық жұмысты машиналарға тапсырып қойып, жаппай сайрандау дәуірінің қызығына кенеледі дегенге сену бос қиял.
Андре Моруа адамзатты ұшпаққа шығаратын екі нәрсе – ғылым мен өнер деп санайды. Ал адамның осының екеуінен де хабары болуы керек. Ғалым әдебиетпен әуестенсе, жазушы ғылымға қызықса ісінен нәтиже шығады. Ал осының біреуін ғана қажет деп санау жастардың болашағына кері әсер етеді. Тұлғаның үйлесімді дамуы үшін білімі мен қатар талғамы да өсуі тиіс.
Дәулет ҚАНАТБЕКҰЛЫ.