“Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” акционерлік қоғамы облыстық филиалы 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында мемлекеттік тапсырыс аясында біліктілікті арттыру курстарын сәтті өткізді. Курстарға облысымыздың 1489 педагогы қатысты. Біліктілікті арттыру курстарына 60 топ іріктеліп алынды. Соның ішінде 4 топтың курсы көшпелі бағытта Есіл, Тайынша және Мамлют аудандарында ұйымдастырылды.
Бүгінде мектепке дейінгі білім беру саласында 6 білім беру бағдарламасы бойынша курстар жүзеге асырылуда, орта білім беру педагогтарына білім берудің басым бағыттары бойынша 26 бағдарлама ұсынылады. Бұл оларға пәндік бағыттарға ерекше көңіл бөліп, соңғы тенденцияларға сәйкес әдістемелік тәсілдерін жаңартуға мүмкіндік берді.
Біздің курстар заманауи оқыту әдістері бойынша білім мен дағдыларды тереңдетуге, оқу процесіне цифрлық технологияларды енгізуге және педагогтардың көшбасшылық қасиеттерін дамытуға бағытталған түрлі бағдарламаларды қамтиды.
Биылғы жаңашылдықтардың қатарында 2024 жылға арналған арнайы бағдарламалар бар, оның аясында мектепке дейінгі ұйымдардың 140 педагогы мен орта білім беру мекемелерінің 943 маманы біліктіліктерін арттырды. Олардың қатарында “Мектеп жасына дейінгі балалардың коммуникативтік құзыреттілігін дамытудағы арт-педагогикалық технологиялар”, “SMART-оқыту: оқу процесін ұйымдастырудың негізгі қағидаттары”, “Инклюзивті білім беру жағдайында педагогтардың кәсіби құзыреттілігін дамыту”, “Әдістемелік қызметті трансформациялау”, “Python бағдарламалау тілін оқытудың әдістемесі мен тәжірибесі” секілді бағдарламалар бар. Педагогтар жаңа білімдерді игеріп қоймай, білім сапасын арттыру үшін қолдана алатын практикалық дағдыларды да меңгерді.
Педагогтар білім беру бағдарламаларының өзектілігін және ұйымдастырылуын жоғары бағалап, олардың кәсіби және жеке дамуға ықпал ететінін ерекше атап өтті. “Өрлеу” педагогикалық шеберлікті дамытуда басты рөл атқарып, мұғалімдерді білім беру жүйесінің жаңа міндеттеріне дайындап келеді.
Айнагүл ҚАБДИРОВА,
“Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” акционерлік қоғамы облыстық кәсіби даму институты директорының орынбасары.