Спорттық шаралардың белсенді жанкүйері болмаса да көп адамның осы жазда Францияда өткен Олимпиада ойындарына елеңдегені анық. Бәрінен бұрын Олимпиаданың дауға толы ашылу салтанаты көптің есінде қалды. Ескі мен сонылықтың, дәстүр мен жаңашылдықтың нағыз тартысын осы қойылымдардан көрдік. Сұлулықты сүйетін француздардың өзі жүздеген жылдар бойы қалыптасқан ұлттық бірегейлігіне жаңаша қарап, өнер мен мәдениеттің заманауи көшіне ілескенінің куәсі болдық.
Тыңдармандарының көптігі бойынша әлемде көш бастап тұрған француз әншісі Ая Накамураның ән салғаны есімде қалыпты. Әуезді де бай француз тіліндегі сөздерді басқа тілдермен араластырып, тіпті сөздердің орнын алмастырып, жаргон, сленгтерді жиі қолданатын әншінің дүниежүзілік мәні бар шарада төбе көрсетуін, басқасын айтпағанда, өз халқының бір бөлігі қолдаған жоқ. Ең қызығы өз қойылымында әнші Франция институтынан шығып, өнер көпірімен жүріп өтті. Әншінің тіл мен әдебиетті зерделейтін Француз академиясы, Француз жазу және көркем сөйлеу академиясы, Француз музыка академиясы жұмыс істейтін, тарихы ғасырларға жалғасқан ғылым ордасының ішінен шығып, өзінің баяғы әніне басуы бұқаралық мәдениеттің ғылымға, француз тіліне үстемдк жүргізе бастағанын көрсеткендей болды. Біреулер Аяны “даңқты француз тілін мазақ етті, ботқаға айналдырды” деп сынаса, енді басқалары оны “жаңа француз тілінің қалыптастырушысы, қоғамды өзгертуші” ретінде қабылдап, төбесіне көтереді.
Әлемдік әдебиет, ғылым-білім сөйлейтін, ең терең зерттелген, басқа мәдениеттердің де өркендеуіне әсер еткен француз тілі осындай күйде тұрғанда, қазақ тілінің хәлі нешік дейсіз ғой?
Өкінішке қарай қазіргі қолданыстағы қазақ тілі өз табиғатынан ажырап барады. Әсіресе жастардың сөйлеу тілінде мәнерлілік пен мәдениет жоқтың қасы. Ақиық ақын Мағжан жырлаған “таза, терең, өткір, күшті, кең тіліміз” шұбарланып, әркім сөзді өз еркінше пайдалануда.
Тілдің үнемі өзгеріп отыратын тірі ағза екені анық. Тұрмыс қажеттілігіне қарай ол тоқтаусыз толығып, сөздік қорға жаңа сөздер қосылып, формалар пайда болып жатады. Бұл – кез келген тілде болатын табиғи құбылыс. Мұның бәрі әдеби тілдің уақытпен бірге жетіліп, қолданыстан түспеуінің кепілі. Алайда нормадан тыс сөздер, басқа тілден орашолақ енгізілген атаулар, керісінше, бұл құбылысты тежеп, тіл тазалығына кері әсер етеді.
Бұрын қолданылмаған сөздерді пайдалану жастарға тән екені белгілі. Олардың қандай да бір сөзді пайдаланарда оның тілімізге пайдасы мен зиянын, қоғамға әсерін шамалап жатпайтыны да түсінікті. Соған қарамастан тіл тазалығын ең алдымен жастардан бастау маңызды.
Жастар өз табиғатынан максималист, әсірежаңашыл болып келеді. Олар соңғы үлгідегі гаджеттерді пайдаланып, соңғы топтамадағы киім-кешектерді киюді қалайды. Бүгін шыққан ән жастардың келер буыны үшін ескіріп қалуы мүмкін. Кейінгі буын өкілдері не нәрседе болсын ерекшеленгенді, басқалардан озық көрінгенді құптайды. Сол сияқты сөйлеу кезінде де түрлі сленгтерді пайдалануға бейім. Бұның бәрі оларды бір ортаға біріктіре түседі. Осындай әрекеттер арқылы жастар өздерінің тәуелсіздігін, ережеге бағынбайтынын, қарсылығын көрсеткілері келеді.
Жастардың әр буынының өзіне тән сөйлеу ерекшеліктері болады. Бір қызығы тілдегі сленгтер мен жаргондар қалай тез пайда болса, солай тез ұмытылады. Олар ешқандай нормаға еніп үлгермейді. Бір сөздердің орнын екіншісі басады. Мысалы осыдан 5-10 жыл бұрынғы ұл-қыздардың сөйлеу ерекшеліктері бүгінде қолданыста жоқ. Бүгінгі нормадан тыс лексиканың да ғұмыры қысқа. Алайда бұл тіліміздің тазалығы үшін алаңдауға негіз жоқ деген ой тудырмауы керек.
Бүгінгі сөйлеу тілі – қазақ жастарының білімі мен мәдениетінің, тәрбиесі мен ана тілін қаншалықты жақсы меңгергенінің көрінісі. Шын мәнінде ізетті, көргенді ұрпақтың тілімізді шұбарлап, дөрекі сөздер мен жаргондарды жиі қолдануы екіталай. Қазіргі жастардың тілі бүгінгі қоғамдағы тәрбие мен білім берудің деңгейін көрсетеді.
Қазақ тілі – өз табиғатынан әуезді, мың құбылған әсерлі тіл. Зерттеуші В.Радлов қазақ даласын аралап жүріп, көшпенділердің тіліне таңданып: “Қазақтардың тілі жатық та шешен әрі өткір, көбіне іліп-қағып сұрақпен жауап беруге келгенде таң қалдырарлықтай оралымды сөйлейді”, деген. Алайда қазіргі жастардың тілінің жұтаңдығы, сөздік қорының тапшылығы, оларға жөн көрсетер сөз ұстаған аға буынның аздығы басқаша ахуал тудырып отыр. Кейде егер кешегі бабаларымыз тіріліп келсе біздің айтқан сөзіміздің жартысын түсінбес еді деп ойлаймын. Жастардың сөйлеуі қазақтың даласындай кең, бай қазақ тілінен гөрі, қолдан құрастырылған жасанды тілді еске салады. Көп алдында көсіле сөйлеп, ойымен де, сөзімен де көзге түсетін қыз-жігіттеріміз сирек.
Бұл туралы қаламгер Герольд Бельгер: “Қазақтар қазір қалай болса солай сөйлейтін болды. Өзге тілдерді араластырып, ботқа жасайды. Сол жағы қатты ойлантады. Бұл келешекте қалай болар екен. Екінші, мені мазалайтын қазақ тілінің ерекшелігі. Көркемдігі көп айтылғанмен сөйлеу мәнері жоғалып келе жатыр”, – деп алаңдаушылық білдірген.
Кез келген мәдениет болған жерде субмәдениеттің болуы да заңды. Тұтас қоғам біркелкі бола алмайды. Кез келген ортада жастар ерекше әлеуметтік-мәдени топ саналады. Көп жағдайда күнделікті сленгтер айтушының көңіл-күйін білдіру үшін пайдаланылады. Жастар жиі қолданатын сленг сөздердің айтарлықтай мағыналық, көркемдік құндылығы болмайды. Ол қандай да бір заттың не құбылыстың қоғамдағы рөлін әлсіретіп, төмендетіп көрсету үшін пайда болады.
Тілдегі сленг сөздердің көп болуы қоғамдағы мәдени-тілдік жағдайдың тұрақсыздығының көрінісі. Төмен сөйлеу мәдениеті келе-келе қалыпты жағдайға айналып, нормаға еніп кетуі де мүмкін. Әсіресе студент жастардың тілінде бөгде атаулар көп кездеседі. Мектеп оқушыларының сөйлеу дағдысында да өзгерістер көп. Олардың өзі мұны жаңашылдық деп қабылдағанмен, мұның тілімізге кері әсері көп. Зерттеушілер аталған мәселеге біржақты қараудан аулақ. Бір ғалымдар сленгтер норма бұзушы десе, енді біреулер жаңадан пайда болған сөздердің бәрі болмаса да бір бөлігі сөздік қорға еніп, әдеби тіл нормаларына сай жұмсала бастайтынын айтуда. Ғылымда сөздік қорды байытудың түрлі жолы бар. Соның бірі ретінде жастардың бүгінгі сөйлеу тілін атап көрсетуге болады. Алайда бұл үрдіс шектен шығып кетсе, тілге өзгеріс әкелуі мүмкін. Жастардың көше тілінің медиа, музыка, киноға еніп кетуі осының көрінісі. Бізде де өзге елдердегідей сияқты қойыртпақ ән, тілі аралас фильм, сөздің қадірін қашыратын контент көп. Қазақ тілінің өзгеріп кетуі әлемге кең тараған француз тіліне қарағанда әлдеқайда тез жүруі мүмкін.
Зерттеушілер қазақ тілі түркі тілдерінің ішінде ең тазасы, тұнығы деп көрсетеді. Халқымыздың ауызекі сөйлегенінің өзі өлең сияқты төгіліп, тұла бойды билеп алатындай қуатты болған. Бабаларымыз шебер де шешен сөйлеуге ерекше мән берген. Қазақ шешендік өнері әлем ғалымдарының талайының таңдайын қақтырған. Осындай ғажап қазынамыздың аясын тарылтып, жасанды ету жастарымыздың болашағына да әсер етпек. Бүгінде дүкендерде қаптаған нәрсіз, иіссіз, дәмсіз жеміс-жидек сияқты тіліміз де өзінің сөлінен айырылып, құрғақ қарым-қатынас құралы болып кете ме деп қауіптенемін. Бұл мәселені реттеуді ең алдымен жастардан бастауымыз керек. Өйткені жастар қай тілде сөйлесе, мемлекет сол тілде сөйлейді.
Ерасыл БАҚЫТЖАНОВ,
Ивановка орта мектебі қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі.
Аққайың ауданы.