«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қиналғанның қасындамыз

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Еріктілер жұмысында ше­кара жоқ. Қараусыз жануар­ларға қамқорлық көрсету­ден бастап, тұрмысы тө­мен­дерге жылу жинау, ха­лық­ты ақпараттандыру сынды тағы да басқа жұ­мыс­тың бәрі еріктілерге жүк­телген. Тіпті тасқын кезінде алдыңғы шептен белсенді жастар табылды. Қы­зыл су Қызылжар жұртын әбігерге салғанда қыз жігіт­тер қарап қалмай қиналған елдің қасында болды. Қа­жетті көмек ұйымдасты­рып, алдын алу шараларына қатысты. Ешқандай есепсіз апатқа қарсы тұрған заман­дастарым елдің алғысына бөленді.

Көктемгі су тасқыны ерікті­лер­дің қандай жағдайға болсын дайын болу керек екенін көр­сетті. Қиын сәтте белсенділер қалай әрекет етудің жолын білуі керек. Әсіресе төтенше жағ­дайда жастарымыздың дайын­дығы маңызды. Осы мақсатта Тө­тенше жағдайлар министрлігі Ұлттық волонтерлік желісімен бірлесе отырып табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай туралы республикалық еріктілер форумын өткізді. Төрт күнге созылған оқу-жаттығу жиы­нына еліміздің әр өңірінен 22 адам жиналды. Олардың қа­тарында мен де болдым.

Семинар Алматы облысы­ның “Тамғалы Тас” шатқалында орналасқан “Жартасты қала – Астана” оқу-жаттығу полигоны­ның базасында ұйымдас­ты­рылды. Форум барысында тау­лы жерлерде іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу ерекше­ліктері, төтенше жағдай кезінде зар­дап шеккендерге алғашқы кө­мек көрсету, суда құтқару және т.б. жағдайлардағы ерік­тілердің іс-әрекеті туралы айты­лып, жаттығулар өтті.

Біз оқу-жаттығу полигоны­ның жұмысымен таныстық, қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқау алдық. Жиналғандарға азаматтық қорғаныс жүйесінің қыр-сыры түсіндірілді. Еріктілер төтенше жағдайлардан зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсетуді үйренді. Ал өрт сөнді­рушілердің алғашқы дайынды­ғында өзіміз отты сөндіруге қа­тыстық. Ой-қыры көп жерлерде құтқару жұмыстарын жүргізу туралы да айтылды. Азамат­тар­ға психологиялық қолдау көр­сету жолдарын да осы жиында меңгеріп шықтық. Апат­тық-құтқару жабдықтарымен жа­қын танысып, оларды қолда­ну­ға қатысты сабақтар да өтті.

Еріктілер кәсіби құтқарушы­лар мен өрт сөндірушілердің ор­нын алмастыра алмасы анық. Алайда жылдам әрекет ету ке­рек болғанда олар алғашқы көмек көрсетуге даяр болулары ке­рек.

Еріктілер жиынының соңын­да төтенше жағдайлар вице-министрі Батырбек Абдышев жас­тардың алдағы жұмысына сәттілік тілеп, оқытудан өткенін растайтын сертификаттар табыс­тады.

Дамир АБДИН,

ерікті.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp