Еріктілер жұмысында шекара жоқ. Қараусыз жануарларға қамқорлық көрсетуден бастап, тұрмысы төмендерге жылу жинау, халықты ақпараттандыру сынды тағы да басқа жұмыстың бәрі еріктілерге жүктелген. Тіпті тасқын кезінде алдыңғы шептен белсенді жастар табылды. Қызыл су Қызылжар жұртын әбігерге салғанда қыз жігіттер қарап қалмай қиналған елдің қасында болды. Қажетті көмек ұйымдастырып, алдын алу шараларына қатысты. Ешқандай есепсіз апатқа қарсы тұрған замандастарым елдің алғысына бөленді.
Көктемгі су тасқыны еріктілердің қандай жағдайға болсын дайын болу керек екенін көрсетті. Қиын сәтте белсенділер қалай әрекет етудің жолын білуі керек. Әсіресе төтенше жағдайда жастарымыздың дайындығы маңызды. Осы мақсатта Төтенше жағдайлар министрлігі Ұлттық волонтерлік желісімен бірлесе отырып табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай туралы республикалық еріктілер форумын өткізді. Төрт күнге созылған оқу-жаттығу жиынына еліміздің әр өңірінен 22 адам жиналды. Олардың қатарында мен де болдым.
Семинар Алматы облысының “Тамғалы Тас” шатқалында орналасқан “Жартасты қала – Астана” оқу-жаттығу полигонының базасында ұйымдастырылды. Форум барысында таулы жерлерде іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу ерекшеліктері, төтенше жағдай кезінде зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсету, суда құтқару және т.б. жағдайлардағы еріктілердің іс-әрекеті туралы айтылып, жаттығулар өтті.
Біз оқу-жаттығу полигонының жұмысымен таныстық, қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқау алдық. Жиналғандарға азаматтық қорғаныс жүйесінің қыр-сыры түсіндірілді. Еріктілер төтенше жағдайлардан зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсетуді үйренді. Ал өрт сөндірушілердің алғашқы дайындығында өзіміз отты сөндіруге қатыстық. Ой-қыры көп жерлерде құтқару жұмыстарын жүргізу туралы да айтылды. Азаматтарға психологиялық қолдау көрсету жолдарын да осы жиында меңгеріп шықтық. Апаттық-құтқару жабдықтарымен жақын танысып, оларды қолдануға қатысты сабақтар да өтті.
Еріктілер кәсіби құтқарушылар мен өрт сөндірушілердің орнын алмастыра алмасы анық. Алайда жылдам әрекет ету керек болғанда олар алғашқы көмек көрсетуге даяр болулары керек.
Еріктілер жиынының соңында төтенше жағдайлар вице-министрі Батырбек Абдышев жастардың алдағы жұмысына сәттілік тілеп, оқытудан өткенін растайтын сертификаттар табыстады.
Дамир АБДИН,
ерікті.