«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қуаныштың көз жасы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыт­па­ған халқымыз үшін жақсылық жасау – игі іс. Жығылғанға сүйеу, жылағанға тіреу болу – кез келген адамның қолынан келе бермейтін ізгі қасиет. Тағдырдың жазуымен сырқаттанып, қам­көңіл күйде өмір сүріп жатқан ерлі-зайыпты Қанат Хамзин мен Жаңыл Әленова жүректері мейірімге толы жомарт жандардың қолдауының арқасында жа­қында баспаналы болды.

Қызылжар ауданына қарасты Бәйтерек ауылында тұрып жатқан ерлі-зайыптылардың қуанышында шек жоқ. Өйткені егде жастағы қос қария баспана тауқыметін біраз тартқан. Есіл ауданындағы Новоузенка ауылында 1952 жылы салынған баспаналары тұруға жарамсыз болған соң, 2023 жылы Бәйтерекке көшіп келген екен. Бастапқыда пәтер жалдаған. Көп ұзамай үй иесі баспананы босатуды талап етіпті. Далада қалған қос қария ауыл әкімінен көмек сұрай барады. Қызылжар ауылдық округінің әкімі Ринат Шұ­ғайыпов балалар үйінде тәрбиеленген жандарға көмек қолын созуға уәде беріпті.

– Жұбайым – екінші топтағы мүгедек. Өзімнің де денсаулығым мәз емес. Бізге қарайласатын баламыз, не жақындарымыз жоқ. Барар жеріміз, басар тауымыз болмаған соң Қызылжар ауылдық округінің әкіміне жүгіндім. Мамандар Бәйтерек ауылындағы Ихсан мешітінің жанында орналасқан асхана ғимаратының кем-кетігін жөн­деп, бізге табыстады. Осындай бақытты сәтті біз ұзақ күттік, – деп ағынан жарылған Жаңыл Әленова қуаныштан көз жасына ерік берді.

Ол қарттар мен мүгедектерді қолдау айлығы қарсаңында қос қарияның арманын орындаған ауылдағы мешіт имамы Бақыт Сыздықов пен жөндеу жұмыста­рына атсалысқан әкімдік қызметкерлеріне алғысын жеткізді. Мешіт жанындағы бос тұрған асхананы баспана ретінде қалыпқа келтіруге ауылдық әкімдік қызметкерлері ғана емес, ерлі-зайыптылардың таныстары да қол ұшын бергенін айту қажет. Үйге жаз бойы жөндеу жұ­мыстары жүргізілген. Жақсылық жасап жа­рысқан жомарт жандардың арқасында енді қос қария қыстан қысылмай шығатын болды.

Ақмарал ҚҰРМАНАЙҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp