«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ТІЛ ІШІНДЕГІ ТІЛ” немесе ЖАСТАРДЫҢ ТІЛІ НЕГЕ ШҰБАРЛАНУДА?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Спорттық шаралардың белсенді жан­күйері болмаса да көп адамның осы жазда Францияда өткен Олимпиада ойындары­н­а елеңдегені анық. Бәрінен бұрын Олим­пиаданың дауға толы ашылу салтанаты көптің есінде қалды. Ескі мен сонылық­тың, дәстүр мен жаңашылдықтың нағыз тартысын осы қойылымдардан көрдік. Сұ­лулықты сүйетін француздардың өзі жүз­деген жылдар бойы қалыптасқан ұлттық бірегейлігіне жаңаша қарап, өнер мен мәдениеттің заманауи көшіне ілескенінің куәсі болдық.

Тыңдармандарының көптігі бойынша әлемде көш бастап тұрған француз әншісі Ая Накамураның ән салғаны есімде қа­лыпты. Әуезді де бай француз тіліндегі сөз­дерді басқа тілдермен араластырып, тіпті сөздердің орнын алмастырып, жар­гон, сленгтерді жиі қолданатын әншінің дүниежүзілік мәні бар шарада төбе көр­сетуін, басқасын айтпағанда, өз халқының бір бөлігі қолдаған жоқ. Ең қызығы өз қойылымында әнші Франция институты­нан шығып, өнер көпірімен жүріп өтті. Ән­шінің тіл мен әдебиетті зерделейтін Француз академиясы, Француз жазу және көр­кем сөйлеу академиясы, Француз музыка академиясы жұмыс істейтін, тарихы ғасырларға жалғасқан ғылым ордасының ішінен шығып, өзінің баяғы әніне басуы бұ­қаралық мәдениеттің ғылымға, француз тіліне үстемдк жүргізе бастағанын көрсет­кендей болды. Біреулер Аяны “даңқты француз тілін мазақ етті, ботқаға айнал­дырды” деп сынаса, енді басқалары оны “жаңа француз тілінің қалыптастыру­шысы, қоғамды өзгертуші” ретінде қа­былдап, төбесіне көтереді.

Әлемдік әдебиет, ғылым-білім сөй­лей­тін, ең терең зерттелген, басқа мә­дениеттердің де өркендеуіне әсер еткен француз тілі осындай күйде тұрғанда, қазақ тілінің хәлі нешік дейсіз ғой?

Өкінішке қарай қазіргі қолданыстағы қа­зақ тілі өз табиғатынан ажырап барады. Әсіресе жастардың сөйлеу тілінде мәнер­лілік пен мәдениет жоқтың қасы. Ақиық ақын Мағжан жырлаған “таза, терең, өткір, күшті, кең тіліміз” шұбарланып, әркім сөзді өз еркінше пайдалануда.

Тілдің үнемі өзгеріп отыратын тірі ағза екені анық. Тұрмыс қажеттілігіне қарай ол тоқтаусыз толығып, сөздік қорға жаңа сөз­дер қосылып, формалар пайда болып жа­тады. Бұл – кез келген тілде болатын табиғи құбылыс. Мұның бәрі әдеби тілдің уақыт­пен бірге жетіліп, қолданыстан түс­пеуінің кепілі. Алайда нормадан тыс сөз­дер, басқа тілден орашолақ енгізілген атау­лар, керісінше, бұл құбылысты тежеп, тіл тазалығына кері әсер етеді.

Бұрын қолданылмаған сөз­дер­ді пайдалану жастарға тән екені бел­гілі. Олардың қандай да бір сөзді пай­даланарда оның тілімізге пайдасы мен зиянын, қоғамға әсерін шамалап жат­пай­тыны да түсінікті. Соған қарамастан тіл тазалығын ең алдымен жастардан бастау маңызды.

Жастар өз табиғатынан максималист, әсірежаңашыл болып келеді. Олар соңғы үл­гідегі гаджеттерді пайдаланып, соңғы топтамадағы киім-кешектерді киюді қалайды. Бүгін шыққан ән жастардың ке­лер буыны үшін ескіріп қалуы мүмкін. Кейінгі буын өкілдері не нәрседе болсын ерекшеленгенді, басқалардан озық көрін­генді құптайды. Сол сияқты сөйлеу кезін­де де түрлі сленгтерді пайдалануға бейім. Бұның бәрі оларды бір ортаға біріктіре тү­седі. Осындай әрекеттер арқылы жастар өздерінің тәуелсіздігін, ережеге бағынбайтынын, қарсылығын көрсеткілері ке­леді.

Жастардың әр буынының өзіне тән сөйлеу ерекшеліктері болады. Бір қызығы тіл­дегі сленгтер мен жаргондар қалай тез пайда болса, солай тез ұмытылады. Олар ешқандай нормаға еніп үлгермейді. Бір сөздердің орнын екіншісі басады. Мыса­лы осыдан 5-10 жыл бұрынғы ұл-қыз­дардың сөйлеу ерекшеліктері бүгінде қолда­ныста жоқ. Бүгінгі нормадан тыс лекси­ка­ның да ғұмыры қысқа. Алайда бұл тілі­міздің тазалығы үшін алаңдауға негіз жоқ деген ой тудырмауы керек.

Бүгінгі сөйлеу тілі – қазақ жастарының білімі мен мәдениетінің, тәрбиесі мен ана ті­лін қаншалықты жақсы меңгергенінің кө­рінісі. Шын мәнінде ізетті, көргенді ұрпақтың тілімізді шұбарлап, дөрекі сөздер мен жар­гондарды жиі қолдануы екіталай. Қазіргі жастардың тілі бүгінгі қоғамдағы тәрбие мен білім берудің деңгейін көрсетеді.

Қазақ тілі – өз табиғатынан әуезді, мың құ­былған әсерлі тіл. Зерттеуші В.Радлов қазақ даласын аралап жүріп, көшпенділердің тілі­не таңданып: “Қазақтардың тілі жатық та ше­шен әрі өткір, көбіне іліп-қағып сұрақпен жауап беруге келгенде таң қалдырарлықтай оралымды сөйлейді”, деген. Алайда қазіргі жастардың тілінің жұтаңдығы, сөздік қоры­ның тапшылығы, оларға жөн көрсетер сөз ұста­ған аға буынның аздығы басқаша ахуал ту­дырып отыр. Кейде егер кешегі бабаларымыз тіріліп келсе біздің айтқан сөзіміздің жартысын түсінбес еді деп ойлаймын. Жастардың сөйлеуі қазақтың даласындай кең, бай қазақ тілінен гөрі, қолдан құрастырылған жасанды тілді еске салады. Көп алдында көсіле сөйлеп, ойымен де, сөзімен де көзге тү­сетін қыз-жігіттеріміз сирек.

Бұл туралы қаламгер Герольд Бельгер: “Қазақтар қазір қалай болса солай сөйлейтін болды. Өзге тілдерді араластырып, ботқа жа­сайды. Сол жағы қатты ойлантады. Бұл ке­ле­шекте қалай болар екен. Екінші, мені мазалайтын қазақ тілінің ерекшелігі. Көркемдігі көп айтылғанмен сөйлеу мәнері жоғалып келе жатыр”, – деп алаңдаушылық білдірген.

Кез келген мәдениет болған жерде суб­мәдениеттің болуы да заңды. Тұтас қоғам біркелкі бола алмайды. Кез келген ортада жас­тар ерекше әлеуметтік-мәдени топ са­налады. Көп жағдайда күнделікті сленгтер айтушының көңіл-күйін білдіру үшін пайда­ла­нылады. Жастар жиі қолданатын сленг сөздердің айтарлықтай мағыналық, көркем­дік құндылығы болмайды. Ол қандай да бір зат­тың не құбылыстың қоғамдағы рөлін әлсіретіп, төмендетіп көрсету үшін пайда болады.

Тілдегі сленг сөздердің көп болуы қоғам­дағы мәдени-тілдік жағдайдың тұрақсыз­ды­ғы­ның көрінісі. Төмен сөйлеу мәдениеті келе-келе қалыпты жағдайға айналып, нор­маға еніп кетуі де мүмкін. Әсіресе студент жастардың тілінде бөгде атаулар көп кез­де­седі. Мектеп оқушыларының сөйлеу дағды­сында да өзгерістер көп. Олардың өзі мұны жаңашылдық деп қабылдағанмен, мұның ті­лімізге кері әсері көп. Зерттеушілер аталған мәселеге біржақты қараудан аулақ. Бір ға­лымдар сленгтер норма бұзушы десе, енді біреулер жаңадан пайда болған сөздердің бәрі болмаса да бір бөлігі сөздік қорға еніп, әдеби тіл нормаларына сай жұмсала бас­тайтынын айтуда. Ғылымда сөздік қорды байытудың түрлі жолы бар. Соның бірі ре­тінде жастардың бүгінгі сөйлеу тілін атап көр­сетуге болады. Алайда бұл үрдіс шектен шығып кетсе, тілге өзгеріс әкелуі мүмкін. Жас­тардың көше тілінің медиа, музыка, киноға еніп кетуі осының көрінісі. Бізде де өзге елдердегідей сияқты қойыртпақ ән, тілі аралас фильм, сөздің қадірін қашыратын контент көп. Қазақ тілінің өзгеріп кетуі әлем­ге кең тараған француз тіліне қарағанда әлдеқайда тез жүруі мүмкін.

Зерттеушілер қазақ тілі түркі тілдерінің ішінде ең тазасы, тұнығы деп көрсетеді. Халқымыздың ауызекі сөйлегенінің өзі өлең сияқты төгіліп, тұла бойды билеп алатындай қуатты болған. Бабаларымыз шебер де ше­шен сөйлеуге ерекше мән берген. Қазақ ше­шендік өнері әлем ғалымдарының талайы­ның таңдайын қақтырған. Осындай ғажап қа­зынамыздың аясын тарылтып, жасанды ету жастарымыздың болашағына да әсер етпек. Бүгінде дүкендерде қаптаған нәрсіз, иіссіз, дәм­сіз жеміс-жидек сияқты тіліміз де өзінің сөлінен айырылып, құрғақ қарым-қатынас құралы болып кете ме деп қауіптенемін. Бұл мәселені реттеуді ең алдымен жастардан бастауымыз керек. Өйткені жастар қай тілде сөйлесе, мемлекет сол тілде сөйлейді.

Ерасыл БАҚЫТЖАНОВ,

Ивановка орта мектебі қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі.

Аққайың ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp