Қызылжар – егістік алқабы 4,4 млн. гектарды қамтитын, қуатты ауыл шаруашылығы құрылымдары қалыптасқан астықты өлкелердің бірі. Жыл өткен сайын тауарлы-сүт фермаларының, құс фабрикаларының, суармалы алқаптардың аумағы кеңейіп келеді. Өңірге жұмыс сапарымен келген Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин алдымен Тайынша ауданы Абай ауылдық округінде орналасқан “Астық STEM” ЖШС-ның жайқала өскен егін танаптарын тамашалап, заманауи технологиялардың қолданылу барысымен танысты.
Серіктестік биыл 9,3 мың гектар жерге дәнді, майлы және мал азығы дақылдарын еккен. Көкөніс сақтайтын бес қойманың жалпы сыйымдылығы 14 мың тоннаға жуық. Мұнда табиғи су айдыны жоқ болғандықтан, ұңғымалардан тіршілік көзін пайдаланудың озық әдістері қолданылуда.
Елордалық мейман жергілікті фермерлермен кездесуде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге көрсетілетін мемлекеттік жеңілдіктер мен қаржы мөлшерін ұлғайту шараларына тоқталды. Сондай-ақ күзгі орақ кезінде туындайтын проблемаларды жедел шешу жолдары талқыланды.
“Жаңа өнімнің сапасы өте маңызды. Былтырғы жылдың астығы сақталған элеваторларда кезек көп. Соңғы айларда экспортқа және оңтүстік өңірлерге 1 млн. тоннадан астам астық жіберілді.
Жуық арада астықтың тағы 200 мың тоннасы жөнелтіледі. Жедел штаб элеваторлардың астықты жаппай қабылдауға дайындығын және өңірлердегі кептіргіштерді жанармаймен қамтамасыз ету жайын талқылады”, – деді Премьер-министрдің орынбасары.
Фермер Павел Рафальский тиімді бағдарламалар арқылы қаржыландыру егіс жұмыстарын дер кезінде бастап, аяқтауға, арамшөптерді отап, химиялық өңдеуді уақытылы жүргізуге мүмкіндіктер беріп жатқанын, “Вишневский” ЖШС биыл бидайдың әр гектарынан кемінде 30 центнерден өнім жинауды межелеп отырғанын, шығымдылықты арттыруда минералды тыңайтқыштардың тиімділігі айрықша екенін жеткізді. Аграрлық құрылымдардың тағы бір өкілі – Қуат Кәрбозов “көктемгі егіс жұмыстарына қажетті қаражат күздің аяғынан бастап бөлінсе, жеңілдетілген несиелер ұзағырақ мерзімге берілсе”, деген өтінішін айтты. Сонда техниканың қосалқы бөлшектері мен тыңайтқыштар ертерек сатып алынып, арзанға түсері сөзсіз.
“Аграрлық несие корпорациясы” АҚ басқарма төрағасы Алмат Әшірбеков көктемгі дала жұмыстарын күні бұрын қаржыландыру үшін нарықтан қаражат тарту мүмкіндігі қарастырылып отырғанын, түпкілікті шешімді Үкімет қабылдайтынын айтты. “Кең дала” бағдарламасының шарттары бойынша келесі жылдың көктеміне дейін несиелік міндеттемелерді өтеуге мүмкіндік берілген.
Кездесуде астық тиелген вагондарды шекарадан өткізу қиындықтары да әңгіме арқауына айналды. Сұрақтарға жауап беріліп, тиісті орындар кәсіпкерлерге көмектесетін болды. Дымқыл астықты кептіру де оңайға түсіп жатқан жоқ.
Серік Жұманғарин сыйымдылығы 118 мың тонна болатын Тайынша элеваторына барды. Мұнда 4 астық кептіргіш бар, олардың бір бөлігі сұйытылған газбен жұмыс істейді. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жиналғандарды астық кептіргіштер үшін арзандатылған бағамен сұйық отынның қажетті көлемі толық бөлінгенін, элеваторға жоспарлы түрде тасымалданатынын айтты.
Ауданда Қытай инвесторларының қатысуымен тұрғызылған “Memolux”, “Тайынша май” кәсіпорындары дәнді және майлы дақылдарды қалдықсыз өңдеумен айналысатын ірі кластер саналады. Тәулігіне 300 тонна үн үгетін диірмен кешені мен жылдық қуаттылығы 300 мың тонналық жем зауытының пайдалануға берілуінің арқасында ауылдықтар тұрақты жұмыспен қамтылған. Қазір қуатты ұлғайту және макарон өнімдерін шығаратын цех құрылысының жұмыстары жүргізілуде. Ильичевкадағы тазартылмаған рапс, күнбағыс, күнжара өндіретін зауыттың да қуаттылығы жоғары. Бүгінде “Сиань Ай Цзю” корпорациясы Алашанькоу темір жол стансасында сақтау көлемі 100 мың тоннаны құрайтын қоймаға иелік етеді. Бұдан бөлек, Сианьда (ҚХР) компанияның бір мыңнан астам сауда нүктесі шоғырланған. Қазақстандық кондитерлік өнімдерді, сыра, балмұздақ, тағы басқа азық-түлік тағамдарын экспорттаумен шұғылданады. Сонымен қатар логистика және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу паркі жұмыс істейді. Осындай кәсіпорынды Қазақстанда да салу жоспарланып отыр.
“Сиань Ай Цзю” корпорациясының президенті Цзя Хэй озық технологияны қолданудың нәтижесінде астық құрамында адам ағзасына қажетті барлық дәрумендер сақталып қалатынын атап өтті.
Премьер-министрдің орынбасары Солтүстік Қазақстан облысында логистикалық орталық тұрғызу жоспарланып отырғанын, осыған орай отандық өндірушілердің өнімдерін біріктіріп жеткізу жолын ұсынды. “ЕMC Agro” ЖШС-дағы шошқа және ірі қара мал сою цехына барып, терең циклды ет өңдеудің толық процесімен танысты. Мұнда шошқа өсіретін кешеннің қуатын 2 есеге дейін ұлғайту көзделген. Былтыр 10 мың тоннадай шошқа, сиыр еті, жартылай фабрикаттар, шұжық өнімдері шығарылған. Алдағы уақытта ет өндірудің жобалық қуаттылығы 20 мың тоннаға дейін молайтылмақ.
Серік Жұманғарин Аққайың ауданындағы ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасының қызметімен танысты. Элиталық тұқым шаруашылығы 2023 жылы “Семеновна” жаздық жұмсақ бидайдың элиталық тұқымдарын өндіруге грант ұтып алған. Жаңа сорттың артықшылығы құрғақшылыққа және ауруларға төзімді, глютен мөлшері 30 пайыздан жоғары.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltustik Qazaqstan”.