«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Даладағы дамылсыз еңбек

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Шайдай ашық күзгі аспан жаздың жайдары сәтін еске салып тұрғандай. Күздің осындай ашық әрі шуақты күні адамға ерекше әсер береді екен. Орман-тоғай мен аң-құстың байыз тапқан сәті. Алда келер қыстан хабар бергендей табиғат та баяу тыныстап жатыр. Жол бойында көлікпен жарысып жүгіретін аң жоқ. Аспандағы құстар да төмен ұшып барады. Көлдің жаз бойы у-шу болып жататын қаз-үйрегі де су бетінде самарқау жүзеді.

Табиғаттағы тіршілік тартысы тыныш кезеңге өткен. Ағаштар да қызыл-сары реңкке боялып, алыстан қараған адамға күздің бар сұлулығын паш етіп тұр. Ағаш басынан үзіліп түскен сары жапырақ күз келгенін білдіргісі келгендей тербеліп келіп иығыңнан түртеді. Күз – табиғаттағының бәрі кемеліне жетіп, толысатын шағы. Қызылжар даласын көмкерген астықтың алтын түске еніп, пісіп-жетілетін кезі де осы. Егістік толы бидайдың бастары салбырап қалыпты. Арасында бірен-сараңы масағын тәкаппарлана жоғары көтеріп тұр. Теңіздей толқып жатқан астық толқынының шетіне көз жетпейді.

Күзгі табиғаттың тыныштығын тек комбайндардың гүрілі ғана бұзуда. Орақ науқаны басталғаны диқандар қолда бар техникасының бәрін алқапқа әкеліп, тынымсыз тер төгуде. Соның нәтижесінде өңір бойынша астық жиналған алқап көлемі бір жарым миллион гектардан асты. Әзірге орташа өнімділік гектарынан 17 центнерден айналуда. Өңірдегі элеваторларға 880 мың тонна дәнді дақыл құйылып, қоймалар 27,7 пайызға толған. Соның ішінде 320 мың тонна бидайдың 124 мың тоннасы үшінші, 147 мың тоннасы төртінші сыныпты өнім. Орақ науқаны Аққайың ауданында да қызу жүргізілуде.

Аудандық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Оралбек Әубәкіровтің айтуынша, бүгінге дейін шаруалар 64 мың гектар жердегі астықты орған. Оның ішінде 40 мың гектарда бидай, 9,6 мың гектарда арпа, 8 мың гектарда жасымыққа шалғы түскен. Бұдан бөлек, 110 комбайнның күшімен 50 мың гектардан аса жерде астық бастырылған. Әзірге алқаптардың өнімділігі гектарынан 22 центнерден айналуда. Бүгінге дейін аққайыңдық диқандар қамбаға 111 мың тонна астық құйған. Оның ішінде 73 мың тонна бидай, 18 мың тонна арпа, 12 мың тонна жасымық, 4 мың тоннадан астам бұршақ бар.

Аталған аудандағы алқаптардың 3 мың гектарынан “Алтын-сары” серіктестігі иелік етіп отыр. Серіктестікті Алтын-сары Ысмағұлов басқарады. Мұндағы шаруаның дөңгелеуіне ұлы Қуаныш Алтынсарыұлы да үлесін қосып келеді.

– 3 мың гектарға бидай, арпа, майлы және бұршақты дақылдардан зығыр мен жасымық өсіреміз. Кей жылдары бұршақ егеміз. Әзірге өнімнің 20 пайызын жинадық. Жалпы серіктестікте 30 адам жұмыс істейді. Егіс даласына 6 жинаушы техника мен 7 жүк көлігі жіберілген. Астықтың басым бөлігін Смирново ауылындағы элеваторға тасимыз, – дейді Қуаныш Алтынсарыұлы.

Даладағы жұмыс қызу. Мұндағы қарбалас тіршіліктік нышаны жол бойына шашылған бидай сабақтарынан-ақ көрініп тұр. Комбайн тізгіндегендер де ауа райының қолайлы сәтін пайдаланып қалғысы келгендей тезірек қимылдайды. Бір жерде тракторлар сарғайған егінді құлатып жатса, енді бір тұста комбайндар астықты “жұтып” жатыр. Қазір техниканың жаңа-ескісін таңдап жататын кез емес. Іске жарайтын техниканың бәрі дала жұмыстарына тартылған. Біз барған соң Руслан Акмурзинов жұмысын біраз аялдатты. Манадан бері даланы дүбірлеткен “John Deere” комбайнының үні бір сәт тына қалды. Жұмысшы күзгі орақ науқаны туралы аз-кем баяндаған соң комбайнына асыға отырып, қалыпты жұмысына қайта кірісті. Дала кемесі гүр-гүр етіп, артына із тастап, шеті жоқтай көрінген егіс алқабының көкжиегіне сіңіп барады

Серіктестік комбайн тізгіндегендерге астықтың әр тоннасы үшін 800-1000 теңгеден төлейді. Бір жұмысшы орта есеппен 1500-2000 тонна астық бастырады екен.

“Алтын-сары” серіктестігінің егіс даласындағы әр гектардан 20 центнерден жоғары астық орылып жатыр. Қуаныш Алтынсарыұлы биылғы шығымдылық өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай жақсы екенін айтты.

Шаруашылықта егіннен бөлек мал өсіріледі. Іскер азаматтар Полтавка ауылдық округіндегі Борки ауылының қайта түлеуіне күш салуда. Бүгінде жоғалуға айналған ауылдағы тіршілік қайта қызған. Серіктестіктің қолдауымен жұмысшыларға асхана салынып, 4 үй дайындалған. Одан бөлек, шағын кеңсе мен сабанмен жағылатын қазандық бар.

Енді аз уақыттан кейін орақ науқаны аяқталып, далада тағы да тыныштық орнайды.

Алғашқы қар түсіп, алқаптар ақ ұлпаға оранады. Көктемге дейін даладағы қарбалас тоқтайды. Күн жылына жерге тұқым себіліп, жерден тағы өніп шығады. Кейін тағы жиын-терім…

Дүние дөңгелегі осылайша тоқтаусыз айнала бермек.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp