Өңірге Қазақстандағы Америка Құрама Штаттары мен Жапонияның Төтенше және Өкілетті Елшілері келді. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Дэниел Розенблюм және Ямада Джунмен кездесу өткізді.
Солтүстік Қазақстан облысы мен Америка Құрама Штаттары арасындағы сауда қатынастары жақсы дамып келеді. Ауыл шаруашылығы, көлік, байланыс пен білім беру салаларында өзара тиімді әріптестік орнатылған. М.Қозыбаев атындағы СҚУ мен Аризона университеті арасындағы ынтымақтастықтың алғашқы нәтижелері қуантады. Қазіргі уақытта ғылыми-зерттеу әлеуетін арттыру мақсатында бірқатар жобалар қолға алынған.
“Бүгінгі таңда қос дипломдық бағдарлама бойынша мыңнан астам студент оқып жатыр. Олар үшін біз өз тарапымыздан барлық жағдайды жасаймыз. Жақын арада 1200 орындық жатақхана ашу жоспарлануда. Сондай-ақ ғылыми салада белсенді жұмыс істеу көзделуде. Өткен аптада университет басшыларымен және ғылыми жетекшілермен кездестім. Біз оларға ғылыми тәжірибе жүргізу үшін арнайы жер бөлу мәселесін қарастырудамыз”, – деді кездесуде өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов.
Бұл – Дэниел Розенблюмның біздің өңірге екінші сапары. Кездесу барысында екі тарап басқа да бағыттар бойынша стратегиялық әріптестікті нығайту мәселелерін талқылады.
“Біз М.Қозыбаев атындағы СҚУ мен Ариозона университеті арасындағы байланыстың беки түсетініне сенеміз. Ол үшін барлық қажетті мүмкіндіктер жасалады”, – деді Дэниел Розенблюм.
Облыс әкімі өңірде атқарылып жатқан жұмыс ел Президенті жүктеген міндеттер аясында қолға алынғанын айтты. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай отырысында креативті индустрияның дамуына ерекше назар аударған болатын. Сондықтан, жақында өңірде креативті индустрия орталығы ашылады деп жоспарлануда.
“Біздің облыста жақын күндері “Қызылжар” креативті индустрия орталығының тұсауы кесіледі. Орталық креативті индустрияны ілгерілетуді, жасанды интеллект базасы негізінде жұмыс істеуді қолға алмақ. Жергілікті университетте осы саланың мамандары даярланатын болады”, – деді облыс әкімі.
Қазіргі таңда біздің өңір мен АҚШ арасындағы тауар айналымы 5 млн. доллардан асқан.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.