«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Екі елдің елшісімен кездесті

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірге Қазақстандағы Америка Құрама Штаттары мен Жапонияның Төтенше және Өкілетті Елшілері кел­ді. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұ­хамбетов Дэниел Розен­блюм және Ямада Джунмен кездесу өткізді.

Солтүстік Қазақстан облысы мен Америка Құрама Штаттары арасындағы сауда қатынастары жақсы дамып келеді. Ауыл ша­руашылығы, көлік, байланыс пен білім беру салаларында өзара тиімді әріптестік орнатылған.  М.Қо­зыбаев атындағы СҚУ мен Аризона университеті арасында­ғы ынтымақтастықтың алғашқы нәтижелері қуантады. Қазіргі уа­қытта ғылыми-зерттеу әлеуетін арттыру мақсатында бірқатар жобалар қолға алынған.

“Бүгінгі таңда қос дипломдық бағдарлама бойынша мыңнан ас­там студент оқып жатыр. Олар үшін біз өз тарапымыздан бар­лық жағдайды жасаймыз. Жақын арада 1200 орындық жатақхана ашу жоспарлануда. Сондай-ақ ғы­лыми салада белсенді жұмыс істеу көзделуде. Өткен аптада университет басшыларымен және ғылыми жетекшілермен кез­дестім. Біз оларға ғылыми тәжі­ри­бе жүргізу үшін арнайы жер бөлу мәселесін қарастыру­да­мыз”, – деді кездесуде өңір бас­шысы Ғауез Нұрмұхамбетов.

Бұл – Дэниел Розенблюмның біздің өңірге екінші сапары. Кез­десу барысында екі тарап басқа да бағыттар бойынша страте­гиялық әріптестікті нығайту мәсе­лелерін талқылады.  

“Біз М.Қозыбаев атындағы СҚУ мен Ариозона университеті арасындағы байланыстың беки түсетініне сенеміз. Ол үшін бар­лық қажетті мүмкіндіктер жасалады”, – деді Дэниел Розенблюм.

Облыс әкімі өңірде атқары­лып жатқан жұмыс ел Президенті жүктеген міндеттер аясында қолға алынғанын айтты. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай оты­рысында креативті индустрия­ның дамуына ерекше назар ау­дарған болатын. Сондықтан, жа­қында өңірде креативті индуст­рия орталығы ашылады деп жос­парлануда.

“Біздің облыста жақын күн­дері “Қызылжар” креативті индуст­рия орталығының тұсауы ке­сіледі. Орталық креативті индуст­рияны ілгерілетуді, жасанды ин­теллект базасы негізінде жұмыс істеуді қолға алмақ. Жергілікті университетте осы саланың ма­мандары даярланатын болады”, – деді облыс әкімі.

Қазіргі таңда біздің өңір мен АҚШ арасындағы тауар айналы­мы 5 млн. доллардан асқан.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp