Еліміз бойынша азаматтарымыздың құқығын қорғау саласында кешеді шаралардың атқарылып жатқанына бәріміз куәміз. Ондағы негізгі мақсат – әділетті қоғам құру және соның арқасында дамудың сара жолына түскен озық елдерге теңесу болмақ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм” атты Жолдауында осы бағыттағы реформаларды жалғастырудың жүйелі бағыттарын белгілеп берді. Кез келген қоғамның басты ұғымдарға негізделген сұраныстары – әділдік пен қауіпсіздік екеніне айрықша назар аударып, ауқымды реформалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқанын, саяси жаңғырудың нәтижесінде әркімнің өз ойы мен пікірін ашық айтып, мемлекеттік шешімдер қабылдау үдерісіне араласуына жол ашылғанын, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан терең өзгерістер жасалып жатқанын атап өтті.
“Менің басты міндетімнің бірі – Қазақстанды қауіпсіз әрі жайлы елге айналдыру”, – дей келіп, құқық қорғау органдарына және басқа да жауапты мекемелерге азаматтардың қауіпсіздігін барынша қамтамасыз етуді жүктеді. Интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл, қоғам мен азаматтардың және жол қауіпсіздігін нығайту, есірткі қылмысына, вандализмге, лудоманияға, түрлі экстремистік, оның ішінде әсіре діншілдерге қарсы күрес – мұның бәрі тәртіп сақшыларынан қатаң тосқауыл қойып, дереу жолын кесуді талап етеді. Ішкі істер органдарының осы бағыттарға баса назар аударуы қоғамның сұранысынан туындап отыр. Кәсібилік, батылдық және табандылық таныта отырып, стратегиялық мақсатымызға жету үшін еліміздің бейбіт өмір сүруіне және тұрақты дамуына жағдайды қалыптастыру күн тәртібінде өткір тұр. Облыстық полиция департаментінің жедел кеңестерінде қызметтік жұмыс қорытындылары шығарылып, қазіргі кезеңдегі басымдықтар егжей-тегжейлі белгіленіп отырады. Әр сала бойынша нәтижелер сараланып, заң мен тәртіп идеологиясын орнықтыруға барынша күш салынады. Талдау көрсеткендей, өткен жылы қасақана кісі өлтіру фактілері 31 пайызға төмендеді. Алайда есірткіге қатысты қылмыстар саны азаймай отыр. Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Петропавл қаласының екі тұрғынының көлігінен 128 келіден асатын марихуана тапты. Одан әрі жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдіктілерден тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 600 келіні құрады. Қабылданған шаралардың арқасында қоғамдық орындардағы, көшелердегі, сондай-ақ отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында қылмыс пен заңсыздық азайып келеді.
Сервистік полицияны – сенімді қарым-қатынастың негізі десе де болады, мұндағы басты мақсат кері байланысты нығайту. Оның аясында тұрғындармен кездесулерде орын алған проблемаларды шешу жолдары талқыланады. Құқықтық мәселелер бойынша кеңестер беріліп, өтініштер бақылауға алынады. Ішкі істер органдары ақсақалдарымен, М.Қозыбаев атындағы СҚУ студенттерімен, мектеп оқушыларымен кездесулерде қылмыстар мен құқық бұзушылықтар жасаған жағдайда қарастырылған жауапкершілік, нашақорлық пен интернет-алаяқтықтың қаупі, буллинг, тағы басқа тақырыптар қозғалып, қауіп-қатерлер мен оларды еңсеру жолдарына басымдық берілді. Пікір алмасулар жастар арасында құқықтық сауаттылық көрсеткішінің әлі де төмен екенін көрсетіп берді. Сондықтан мектептерде, жоғары оқу орындарында қаржылық және цифрлық сауаттылық негіздерін үйрететін білім бағдарламасын енгізу ұсынысы өрендердің әртүрлі алаяқтардың құрығына түсіп қалмауларына мүмкіндік берері сөзсіз.
Жолдауда өркениетті ел болуға кедергі жасайтын, болашағына кесірін тигізетін жағымсыз әрекеттерден арылу талабы, вейпке, яғни электронды темекі сияқты әлеуметтік кеселдің бәрімен тұтас жұрт болып жұмыла күресу талабы қойылды. Өңірде алкогольді ішімдікке тәуелді адамдардың саны 3 мыңнан асады. Бүгінгі таңда киберқылмыстар қоғам қауіпсіздігінің жаhандық кеселіне айналып отыр. Елімізде тіркелген барлық қылмыстардың 3 пайызы біздің өңірде жасалады.
Облыс полицейлері алаяқтыққа байланысты, әсіресе ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстардың алдын алу, ашу және тергеу бойынша күнделікті жұмысты басты назарда ұстайды. Биылдан бастап криминалдық полиция және “Cyberpol” тобы алаяқтық схемаларға қарсы иммунитет қалыптастырудың тең форматтарын қолдана бастады. Қылмыстың осы түрін барынша азайтудың пәрменді тетіктерінің бірі – “eGov” порталындағы жеке кабинетте банктік қарыздар мен микрокредиттерді алудан ерікті түрде бас тарту. Полицейлердің ұсынысы бойынша 150 мыңға жуық солтүстікқазақстандық осы операцияны пайдаланды. Профилактикалық жадынамаларды тарату бойынша апта сайынғы акциялар, еңбек ұжымдарымен кездесулер, аулаларды аралау барысында жеке әңгімелер, баннерлер, роллапптар, билбордтар орнату, желілік шолғыштарды пайдалану, тіпті супермаркеттерде азық-түлік қаптамаларына профилактикалық жапсырмаларды орналастыру, тақырыптық фильм түсіру және тағы басқа шаралар белсенді жүргізілуде. Жыл басынан бері өңірде 528 алаяқтық қылмыс тіркелді.
Жолдауда айтылған стратегиялық векторлардың бірі – қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын бекіту, адамдардың қауіпсіздігін жан-жақты қамтамасыз ету. Сыртқы бейнебақылау камералары, жол қозғалысы ережелерін бұзушылықтарды тіркеудің интеллектуалды жүйелері мен аппараттық-бағдарламалық кешендер, “102” мобильді қосымшасы, “SOS” көше түймелерінің желісі, патрульдік полицияның және учаскелік инспекторлардың стационарлық бекеттері, санамалай берсек, қазіргі заманғы полицейлердің арсеналындағы замануи құралдар аз емес. Алайда бұл жағдайда тек ішкі істер органдары қызметкерлерінің кәсіби және жедел әрекеттері жеткіліксіз, сонымен қатар халықтың белсенді өмірлік ұстанымы болуы керек. Құқыққа қайшы іс-әрекеттер орын алған жағдайда, бірінші кезекте, мессенджер чаттары бойынша сілтемелер жіберіп, әлеуметтік желілерде қылмыстарды жариялаумен айналыспай, бірден полиция көмегіне жүгінген жөн. Тәжірибе көрсеткендей, тіпті кішігірім құқық бұзушылықтар үлкен зиян тудыруы мүмкін. Сондықтан ішкі істер министрлігінің нұсқауы бойынша полицияның жеке құрамы ұсақ құқық бұзушылықтар мен қылмыстарға – бұзақылыққа, вандализмге, заңсыз иммиграцияға және ауыр қылмыстарға нөлдік төзімділік бойынша жұмысты жандандыруы тиіс.
Жолдауда жол апаттары қоғамның алаңдаушылығын туғызып отырғаны айтылды. Жыл басынан елмізде жол-көлік оқиғасынан 1300 адам қаза болып, 16 мыңнан астам адам зардап шеккен. Олардың арасында тұтас отбасылар да бар. Жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту және интеллектуалдық жүйені енгізу арқылы жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету аса маңызды. Жүргізушілер даярлау деңгейінің де төмендеп кеткені жасырын емес. Осы жылдың 8 айында өңірде 297 жол-көлік оқиғасы тіркелді, салдарынан 23 адам көз жұмып, 405 адам түрлі дене жарақатын алды. Жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзушылықтардың алдын алу және көлік апаттары мен балалардың жарақат алуын азайту бойынша кешенді жұмыстар күшейтілді. Елді мекендер мен қала сыртындағы автожолдардың көше-жол желісіндегі кемшіліктерді жүйелі түрде тексеру және сапалы бақылауды іске асыру, заң бұзушылықтарды тіркеудің зияткерлік жүйелерінің желісін кеңейту, профилактикалық, оның ішінде түнгі рейдтер, акциялар – бұл жұмыстардың барлығы жандандырылды.
Алдағы маңызды міндеттің бірі – есірткі саудасына және нашақорлыққа қарсы күресті бәсеңдетпеу. Президент халыққа арнаған Жолдауында ұлттың генетикалық қорын аман сақтап қалу жайына ерекше көңіл бөліп, есірткі мәселесі ушығып бара жатқанын жасырмады. Осыған орай, қажетті заңнамалық нормаларды қабылдап, әрбір мемлекеттік құрылым, әсіресе құқық қорғау органдарына тиімді жұмыс істеу міндетін жүктеді. Облыстық полиция департаментінің жеке құрамы Мемлекет басшысы белгілеген міндеттерді, сондай-ақ Ішкі істер министрлігінің тапсырмаларын орындау үшін барлық әлеуетке ие. Азаматтардың қауіпсіздігі мен жайлылықты қамтамасыз ету үшін бар күш-жігеріміз бен тәжірибемізді жұмсауға дайынбыз.
Айдын ҚАБДҰЛДИНОВ,
облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры.