Футболдан ел біріншілігінің 21-ші турында жергілікті “Қызылжар” клубы сырт алаңда түркістандық “Тұран” командасына қарсы ойын өткізді. Өкінішке қарай, бұл матчта жерлестеріміз қажетті үш ұпайды еншілей алмады.
Ойын басталысымен алаң иелері шабуылдауға кірісті. Кездесудің 5-ші минутында “Тұран” командасының жартылай қорғаушысы Никола Цуцкич есеп ашты. Бірінші таймда жерлестеріміз таразы басын теңестіруге тырысқанымен, клубтар үзіліске 1:0 есебімен тарқасты.
Кездесудің екінші бөлімінде қызылжарлық ойыншылар қарқындарын үдете түсті. Бірде доп қақпа маңдайшасына тисе, енді бірде мүлт кетіп жатты. Есеп өзгеріссіз қалып, жеңіс “Тұран” клубына бұйырды.
Ел біріншілігіндегі 21-ші турдың қорытындысы бойынша турнирлік кестеде “Елімай” клубы көш бастаса, алматылық “Қайрат” командасы екінші орынға табан тіреді. Жерлестеріміз болса, 19 ұпаймен 10-шы орынды сақтап қалды.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.