С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада “Makerspace” орталығы ашылды. “Makerspace” – жаңа идеялар жүзеге асатын заманауи шығармашылық шеберхана. Биыл АҚШ дипмиссиясы мен “Chevron“ компаниясының мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі негізінде елдегі STEAM ресурстарын дамыту қолға алынған.
Орталықтың ашылу салтанатына АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігінің “Chevron” компаниясының өкілдері және болашақ бағдарламашылар куә болды.
Шығармашылық шеберханаға келушілер өз бұйымдарын модельдеп, оларды басып шығара алады. Қажетті қондырғылар АҚШ елшілігінің гранты есебінен алынған. Инновациялық идеялармен танысып, өзін ІТ саласында сынап көргісі келетіндер үшін “Makerspace“ есігі әрдайым ашық.
– Бағдарлама аясында Қазақстанның 10 қаласында “мakerspace” кеңістігін ашу жоспарымыз бар. Бүгінгі жетінші зертхананың ашылуы – бұл мақсатымызға жету жолындағы маңызды қадам. “Makerspace”зертханасына келушілердің арасынан Қазақстанның ғылым, технология және кәсіпкерлік салаларында көшбасшы бола алатын жастардың шығатынына сенімдімін, – дейді АҚШ елшісі Дэниел Розенблюм.
Елде мейкердер қозғалысы 2015 жылы басталған. Олардың негізгі бағыттары: робототехника, электроника, 3D-басып шығару, видеоойындар жасау.
Қайыржан МӘЛІКОВА,
С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың қызметкері.