Жыл сайын әлемде 13 миллион әйел ай-күні жетпей босанады. Бұл – дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі. Мамандардың айтуынша, шала туған сәбилерге қойдың жүнінен жасалған киім-кешек пен жөргектің тигізер пайдасы мол. Петропавлдық еріктілер шала туған шақалақтар мен олардың аналарына қол ұшын созу мақсатында биялай, байпақ, күртешелер тоқып, перинаталдық орталықтың жансақтау бөлімінде жатқан сәбилерге сыйлауда.
Айнұр Алтаева – 8 баланың анасы. Кенжесі туа бітті жүрек ақауымен дүниеге келген.
– Шала туған балаларға шамам келгенше қол ұшын созуды азаматтық міндетім деп білемін. Қолымнан шыққан киімдердің барлығы махаббатпен, сәбилерге көмегі тисін деген ниетпен тоқылған, – дейді ол.
Айнұр “28 ілмек” клубының белсенді мүшесі. Бұл қайырымдылық қоры 2012 жылы құрылған. Қазір 14 мемлекетте филиалы бар. Аталған клуб Петропавлда 6 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақыт аралығында еріктілер 400-ден астам балаға тоқыма мен ойыншықтар сыйлаған.
Көпбалалы ана Алтын Омарова Айзада есімді қызының 31-ші аптада 1,9 килограмм 48 сантиметр болып дүниеге келгенін айтты. Қазір қызының жағдайы жақсы. Дәрігерлердің айтуынша, шала туған балалар ұзақ уақыт ұйықтаған кезде дем ала алмай қалуы мүмкін. Ал жүннен тоқылған киімдер сәбидің денесін жыбырлатып, жүйке жүйесі арқылы бас миына импульс береді. Осылайша тыныс алу рефлексінің дамуына үлес қосады.
– Жүннен тоқылған жаялыққа күні жетпей туған балаларды орағанда олар анасының құрсағында жатқандай әсерде болады, – дейді облыстық перинаталдық орталықтың неонатолог дәрігері Гүлнәр Иманбаева.
22 мен 37 апта аралығында дүние есігін ашқан сәбилер шала туған балалар санатына жатады. Қазақстанда жылына 20 мыңға жуық бала ай-күні толмай өмірге келеді екен.
Эльмира КӘЛЕНОВА,
журналист.