Бір нәрсе анық, нашар шығарма мақталмайды. Нашар шығарманы есі дұрыс адам мақтамайды да. Жақсы дүние көпке ортақ, ол өз үлесін ерте ме, кеш пе алады. Оған ешкім кедергі бола алмайды. Шын суреткер мақтауға да зәру емес. Бірақ қоғамда өзін аузы дуалыларға мақтату тенденциясы қалыптасқан. Мұндай қылық жастардың арасында кездеседі. Меніңше, мұндай зәрулік абырой әпермейді. Жазушы шығармасымен мәңгі жасайды немесе әлсіз шығармасымен бірге өледі, осыны мойындау керек! Жалпы жазушы болуға құмарту өткен ғасырдың әлегі. Жазушы болу – атақты болу емес, жазушы өзінің жан күйзелісін әшкере етеді. Ол – өз дәуірінің трагедиясын тап басып көре алатын тұлға. Өзіне-өзі симпатиямен қарайтын адам суреткер болмайды. Жазушылық – жанкештілік!
Роза МҰҚАНОВА,
жазушы.