Халқымызда “Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді” деген қанатты сөз бар. Қасиетті Қызылжар топырағынан жасындай жарқыраған небір дарындар түлеп ұшқан. Тарихта есімі алтын әріппен жазылған тау тұлғалы қайраткерлердің қатарында Баймағамбет Ізтөлин де бар.
Баймағамбет Ізтөлин 1899 жылы Петропавл уезіндегі Аққусақ болысына қарасты Шәліңке ауылында (қазіргі Жамбыл ауданы) орта шаруалы отбасында дүниеге келген. Ең алғаш ауыл молдасы Құлыбайдан білім алып, тіл сындырады. 1913 жылы Құрымсы ауылында Уфа қаласындағы “Ғалия” медресесін бітірген Сейіткерей Мағазов атты башқұрттан білім алады. Баймағамбет тек хат жазумен ғана шектелмей, әдебиетке әуестік танытып, татардың халық ақыны Ғабдолла Тоқаевтың шығармаларымен танысады, одан кейін орыс тілін үйренеді. 1916 жылы күзде Пресногорьковкадағы орыс мектебіне, 1917 жылы күзде Троицк қаласындағы “Уазифа” мұғалімдер даярлайтын екі жылдық курсына оқуға түседі.
Баймағамбет Ізтөлін жазушы Сәбит Мұқановтың жақын жолдастарының бірі болған. Қаламгер өзінің “Өмір мектебі” атты мемуарлық шығармасында ақынның сырт бейнесін “ұзын бойлы, қалалық әдеппен киінген, көк көзді, бет пішіні ұзынша біткен, қыр мұрынды жас жігіт” деп суреттеген.
Ардақты тұлғаның оқуды аяқтағаннан кейінгі өмірі жайлы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архиві қорындағы құжаттарда былай баяндалады: “Семинариядағы сабақтардың тоқтатылуына байланысты Ізтөлин туған ауылына оралып, көп ұзамай педагогикалық қызметке кірісті. Ол өзінің білімін Петропавл уезінің Аққұсақ бірінші қазақ училищесінде бастаған. Бұл туралы ол 1920 жылы 10-17 қаңтарда Петропавл қаласында өткен мұғалімдер съезіне қатысушылардың сауалнамасында жазған”.
Баймағамбет Ізтөлин туралы “Певец Свободы” атты жинақта ақынның Петропавлдағы өмір кезеңі жайлы мынадай ақпарат берілген: “Летом 1920 года Б.Зтулин был вызван в Петропавловск на курсы по переподготовке учителей казахских аульных школ. Приехал он в город 8 июня, а уже через два дня – 11 июня ему был вручен партийный билет №1291 организации сочувствующих РКП в первой киргизской, как она тогда называлась, ячейке татаро-казахской секции партийного комитета г. Петропавловска. А уже через полгода – 8 декабря 1920 года он заполняет “Опросный лист члена РКП/б/”, на котором наложена резолюция: “Утвердить членом. Билет выдан за №474167 11 декабря 1920 года”.
Партиялық сауалнамада Баймағамбет Ізтөлин митингілерде сөз сөйлеп, жиналыстарға төрағалық еткенін, 1917 жылдан бастап мәдени-ағарту жұмыстарына қатысқанын жазады.
Баймағамбет Ізтөлин сауатсыздыққа қарсы күрес жөніндегі төтенше комиссияда жұмыс істеген. Халықты қараңғылық пен надандықтың тұтқынынан шығару мақсатында ол өзін толығымен осы жұмысқа арнады. Уездік халыққа білім беру бөлімі оны ұлттық бастауыш мектептерді ашу және қазақ ауылдарында ересектер арасында сауатсыздықты жою үйірмелерін ұйымдастыру үшін Федоров аудандық халыққа білім беру бөліміне (бұл қазіргі Қостанай облысының аумағы) инспектор ретінде жібереді. Федоров халық ағарту бөлімінің қарамағында он шақты қазақ болысы болған. Баймағамбет Ізтөлин осы болыстардағы мектептердің алғашқы ұйымдастырушысы атанды.
Петропавлда мұсылмандар жұмыс клубының болғанын бірі білсе, енді бірі білмеуі мүмкін. Бұл клуб қала мұсылмандарының мәдени өмірінің орталығы еді. Клубтың негізінде әдеби үйірме құрылып, оны басқару Баймағамбет Ізтөлинге тапсырылған. Бұл жерде спектакльдер, концерттер, әдеби кештер, лекциялар өтіп тұрды. Клуб мүшелерінің бастамасымен қалада екі мұсылман кітапханасы, ересектерге арналған мектеп және Мамлюткада оқу үйі ашылды. Клуб Петропавл қаласындағы қазақ және татар зиялыларының басын біріктірді. Олардың арасында Хафиз Базарбаев, актер Вали Абсалямов, мұғалім Қадыр Құрбангалеев болған. Клуб мүшелері алдында атақты ақын Мағжан Жұмабаевтың өлең оқығаны туралы деректер де бар.
1921 жылы “Есіл көтерілісі” кезінде Баймағамбет қару-жарақпен күресуге мәжбүр болды. Бүлікті Колчак офицерлері, кулактар мен байлар бастады. Оларға продотрядтар (азық-түлік салығын жинайтын отрядтар), коммунистер, кеңес қызметкерлері мен комсомолдар қарсы тұрды. Көтерілісшілер Ресейдің аштыққа ұшыраған аймақтарына нан жеткізуді тоқтату үшін темір жолды басып алуға тырысты. Петропавл қаласын қорғау үшін партия органдарының бастамасымен коммунистік отрядтар, арнайы мақсаттағы бөлімдер құрылды.
1921 жылы 13 ақпанда бүлікшілер қалаға басып кіріп, оның қорғаушыларын консерві зауытына қарай ығыстырды. Ізтөлин өз отрядымен жаудың қоршауында қалды. Тек екі күннен кейін – 16 ақпанда Омбыдан келген қызыл армия бөлімшелерінің көмегімен қала бүлікшілерден тазартылды.
Баймағамбет Қанапияұлы 1921 жылы көктемде Петропавл қаласында ақ гвардияшылармен шайқаста қаза тапты. Ақынның қазасы туралы “Мир труда” газетінің 1921 жылғы санында қазанама жарияланды. Онда былай делінген: “Еще одна жертва…. Геройски погиб от руки золотопогонной колчаковщины член РКП тов. Зтулин Баймухамет казах по происхождению. Т.Зтулин был инструктором Федоровского районного отдела народного образования. Всегда чуткий, отзывчвый, он весь был поглащен в революционную работу среди своих товарищей казахов, побуждая последних отрешиться от вековой спячки, идти к свету, знанию!
Его беседы, его призывы к светлому счастью будущего и теперь все еще в сердцах наших.
Т.Зтулин с малолетства был одарен даром стихотворства. Милые его стихотворения были посвещаемы темному казахскому люду.
Тов.Зтулина нет теперь в наших рядах, и 7 милионное киргизское население уже не прочтет в своих газетах стихотворения юного стихотворца Баймагамбета Зтулина.
Спи дорогой товарищ! Своими стихами ты увенчал свою могилу и пролетариат занесет тебя на страницы истории”.
“Бостандық туы” (қазіргі “Soltüstık Qazaqstan”) газетінің 1924 жылғы санында Қызылжар өңірінің жігіттері – Баймағамбет Ізтөлин, Жұмабай Нұркеұлы, Мұхаметжан Өсербайұлы және тағы да басқалар туралы мақала жарияланған. Төңкеріс кезінде күш-қайрат көрсеткен азаматтар жайындағы мақалада Баймағамбет Ізтөлин туралы былай делінген: “Заты Қызылжар жігіті. 1916 жылы 16 жасында Троицкі қаласындағы “Уәзипа” медресесіне барып оқыды. Белгілі төңкерісшіл жас ақындардың қатарындағысы еді. Сол уақыттан бері қарай жазып жүрген өлеңдері өзімен бірге өліп, жоғалып кетті. Өлеңдері маңызды. Баймағамбет мұғалім еді. Үкімет келгеннен бастап, мұғалімдік қызметін атқарды. Ақырғы уақытта халық оқу бөлімінде нұсқаушы болып жүрді. Жас жігіт еді. 1921 жылы 21 жасында Қызылжар қаласында жуан жұдырық мұжықтар көтерілісі болғанда құрал алып, мұжықтарға қарсы шығып, түрмедегі саяси жауыздарды күзетіп тұрғанда мұжықтар аранынан өлді”.
Біз Баймағамбет Ізтөлинді халықтың мәдени-ағарту жұмыстарына атсалысқан, төңкерісшіл азамат ретінде ғана емес, сонымен қатар айбынды ақын ретінде білеміз. Оның “Ала топырақ”, “Жалғыз жілік”, “Өкпеге жауап”, “Өмірім”, “Соғыс”, “Айым мен күніме” атты өлеңдері терең мазмұнымен, жазылу шеберлігімен ерекшеленеді. Ақынның 1916 жылы жазған өлеңін замандастары жатқа білген. Туынды былай өріледі:
Жарқыраған күн нұрын,
Қараңғы тартты, бұлт басып.
Қалың тұман көз байлап,
Шырмалды, қалды адасып.
Ұйқыда жатқан көп халық,
Шошып тұрды, бек сасып.
Үркісе де шошынып,
Құтылмайды еш қашып.
Көздемеді өлерін,
Ерте күннен көз ашып.
Жиренем деп өнерден,
Қор болып жүр жасып.
Төңіректі бұлт қаптап,
Түрленді заман тарылып.
Орнықпады азамат,
Сүт бетімен сабылтып.
Орынсызға ұрынып,
Қара терге малынып.
Бір солдатқа он қазақ,
Не бітірер жабылып.
Түк қаруы жоқ қолында,
Қалмай ма жайы табылып.
Қамалдың қазақ бұл уақыт,
Түсіп кетіп бір жарға.
Артың тұйық, алдың су,
Шығатұғын күн бар ма?
Күн сайын жаман құбылып,
Айналып тұр бұл халға.
Күйзеу артқан бұл заман.
Үрей кетіп қалқыған.
Бақыты тайып басынан,
Уақыты болды тарыққан.
Торға түсіп шырмалды,
Шыға алмай, шаршап
талыққан.
Іштен тынып, қайғымен,
Бұрыла алмай зарыққан.
Болса тар күн болар ма?
Қасірет кетіп іштегі,
Шаттық дәурен қонар ма?
Жас құрақтай жайқалып,
Жастық гүлі толар ма?
Берсе құдай тілекті,
Мұрат қабыл болар да.
Биыл қамшының сабындай қысқа ғұмырын еліне, жеріне арнаған ардақты тұлғаның туғанына 125 жыл толады. Оның есімі мен еңбектері қайта жаңғырып, тау тұлғалы қайраткерлердің қатарында тұруы керек. Тарихшы Манаш Қозыбаев өз еңбектерінде тұлғатану тарихи білімнің маңызды саласы екендігін ескере отырып: “Өлім екі түрлі болады: бірі – табиғи өлім, екіншісі – рухани өлім. Біздің мақсатымыз – шын мәніндегі тарихи тұлғаларды рухани өлтірмеу”, – депті. Тарихи тұлғаның, төңкерісшіл ақынның есімін ұлықтау, оның еңбектері мен рухты жырларын өскелең ұрпақ арасында насихаттау мақсатында облысымызда ауқымды шаралар атқарылды. Айта кететін болсақ, 1969 жылдың 8 мамыры күні Петропавл қалалық кеңесінің атқару комитеті Баймағамбет Ізтөлиннің туғанына 70 жыл толуына байланысты сіңірген еңбегін ескере отырып Петропавлдағы көшелердің біріне, Жамбыл ауданының Украин орта мектебіне ақын-революционер жерлесіміздің есімін берді. 1999 жылы Жамбыл ауданындағы Киров ауылы ақын атын алды.
Ұлт болашағы, халқымыздың мәдениеті мен өнерінің дамуы үшін үлес қосқан күрескер ақынның қызметі мен ерлігі, жүректен шыққан жалынды өлеңдері ешқашан ұмытылмақ емес. Өз халқының жарқын болашағы үшін ақтық демі қалғанша күрескен жерлесіміздің есімі жадымызда жаңғыра береді.
Сәуле МӘЛІКОВА,
Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры, тарих ғылымдарының кандидаты.