Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Қызылжар өңіріне жасаған жұмыс сапары барысында: “Бірлігіміз – әруалуандықта. Бұл – біздің ең басты ұстанымымыз. Алға қадам басу үшін ауызбіршілігімізді, достығымыз бен тұрақтылығымызды көздің қарашығындай сақтауымыз керек”, – деген еді. Мемлекет басшысының осы сөзін естігеннен кейін менің ойыма әдетте ақсақалдар ізгі тілекке қастерлеп қосатын “шаңырағымыз биік, керегеміз кең болсын” деген сөз тіркесі оралды. Әуезділігімен, әуенділігімен құлаққа жағымды естілетін, адам жанына жылы шуақ дарытатын осы бір қасиетті теңеу тәуелсіздігімізбен бірге жасасып, алға қарай қарыштап дамып келе жатқан еңселі еліміздің айшықты бет-бейнесін ұқтырғандай болады.
Киелі қарашаңырақ ұғымы тұтас ұлт мүддесін сипаттап тұрғандай сезіледі. Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІ сессиясында қазіргі уақытта геосаяси ахуалдың өршіп, жаңа сын-қатерлердің пайда болуын айта келіп, мұндай жағдайда еліміздің азаматтық бірегейлігін нығайтып, отаншылдық рухын көтеруге, “Бірлігіміз – әралуандықта” деген басты қағидатымыздың ешқашан өзгермейтініне, жас ұрпақты нағыз отаншыл азамат етіп тәрбиелеуге, олардың бойына татулық пен келісім, төзімділік, толеранттылық пен мәдени ықпалдастық құндылықтарын сіңіруге айрықша маңыз берген болатын. Өзге қоғамдық ұйымдар секілді облыстық “Кентрон” армян этномәдени орталығы да өз қызметіне жаңа Қазақстанды құру қағидатын негіз ете отырып, басты құндылығымыз – бірлігіміз бен достығымызға сызат түсірмеуді игі мақсат санайды. Мемлекеттік саясатымыздың басымдықтары болып табылатын Қазақстан халқының бірегейлігін нығайту бағытындағы жұмыстар Достық үйі аясында жүзеге асырылып келеді. Айтулы күндерге, мерекелер мен естен кетпес оқиғаларға орай кешенді іс-шаралар ұйымдастыру алдын ала жоспарланып, Қазақстан халқы облыстық ассамблеясымен, “Қоғамдық келісім” КММ-мен, басқа да мүдделі, ынталы шығармашылық ұйымдармен, қоғамдық институттармен бірлесіп, жұртшылықтың қатысуымен ашық диалогтар өткізіледі, әдістемелік көмектер көрсетіледі. Бұл ретте аналар кеңесінің, медиация орталығының, журналистер клубы мен меценат жандардың ықпалдастығы айтарлықтай. Нысаналы бағыттарымыздың бірі саналатын семинарлар мен конференцияларда “Толеранттылық мектебі”, “Қазақстан – өз үйім”, “Бақыттың құшағында тербетілген”, “Ұрпақтар сабақтастығы – қоғамдық сананы жаңғыртудың басты факторы” секілді сүбелі тақырыптар шеңберінде ой-пікірлер алмасып, жас буынды тәрбиелеу, дәстүрлі отбасылық құндылықтарды үлгі ету, жас отау иелерін ажырасу секілді жаман әдеттерден сақтандыру, тұрмыстық жанжалдар мен кикілжіңдерді болдырмау, алдын алу, тағы басқа толғақты мәселелер бойынша байыпты әңгімелер қозғалады.
Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан халқын бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай етіп ұйыстырған Ұлттық құрылтайдың кең ауқымды жиындарында жалпыұлттық бірегейлігімізді одан әрі нығайта түсетін міндеттерді белгілеп берді. Өз сөзінде еліміздің болашағы үшін аса маңызды мәселелерді дау-дамаймен емес, ұтымды ой-пікірмен, парасатты пайыммен және саналы көзқараспен шешуге, “түрлі көзқарас, біртұтас ұлт” қағидатын берік ұстанып, бір-біріміздің ой-пікірімізді тыңдап, құрметтей білуге шақырды. Қызылжар өңірінде тұратын 1500-ге жуық армян жұрағаты өзінің де, өзгелердің де ана тіліне, салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына сыйластықпен, құрметпен қарай отырып, тамырын тереңге жайған үлгілі құндылықтар негізінде үлкеннің де, кішінің де бойында зияткерлік мінез-құлықты, заманауи сана-сезімді қалыптастыру, парасатты ұлттық сипаттағы белсенді қоғам мүшесін тәрбиелеу, мәдени-рухани тұрғыда өркениетті елдермен теңесе алатын бәсекелестік қарым-қабілетті шыңдау, бір сөзбен айтқанда, халыққа пайдалы қызмет атқарудың ықтималды жолдарын қарастырып отырамыз. Биыл су тасқыны кезінде қайырымдылық қызметі меценаттар клубы мүшелерінің тікелей қатысуымен жүзеге асырылып, көмек қолын созу, бауырмалдылық көрсету елді біріктіретін басты факторға айналды. Ұйым жетекшісі Залибек Мхоянның, оның орынбасарлары Сильва Асланян мен Карина Самудинованың тікелей ұйымдастыруымен қарғын судан зардап шеккен отбасыларға қолдау көрсетіліп, қаржылай, азық-түлік түрінде көмектер берілді. “Дуслык”, “Орыс қауымдастығы”, “Коперник”, тағы басқа бірлестік өкілдері жанамыздан табылып, тізе қосып, қиындықты бірлесіп еңсердік. Бұдан бөлек, жастарымыз, еріктілеріміз “Біз біргеміз!”, “Мың алғыс”, “Мектепке апарар жол” сияқты қайырымдылық акцияларына белсене қатысып, жұмыла көтергеннің жүгі жеңіл болатынын көрсетті. Мұның бәрі – дәстүрлі құндылықтарымыз бен мәдени үрдістерімізді үйлестіре білгеннің, ұрпақтар арасында өміршең, келешегі зор идеологиялық сабақтастық пен жалғастыққа қол жеткізуіміздің арқасы. Бұл орайда, Президент әрқайсысымыздан талап еткендей, отаншылдық, адамгершілік, білімпаздық, нағыз маман болу, үнемшілдік, еңбекқорлық, ел мен жерге жанашырлық сияқты асыл қасиеттер бәрінен биік тұруға тиіс. Өйткені, әділетті Қазақстанды адал азаматтар ғана құратыны – ешқандай дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома.
Светлана МАЛХАСЯН,
облыстық “Кентрон” армян этномәдени орталығы төрағасының орынбасары.