«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САБАҚ ОҚЫМАҒАНЫ ҮШІН ҚЫЗЫН ПЫШАҚТАҒАН немесе жақынынан жәбір көргендер неге көбеюде?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Уәлиханов ауданында сабақ оқымағаны үшін 11 жастағы қызына пышақ сұғып алған ананың қатігез әрекетін еліміздегі газет-журналдар мен сайттар жарыса жазды. Бұл оқиға, әсіресе, бала тәрбиелеп отырған жандарды бейжай қалдырмағаны анық. Елімізде балаларға жәбір көрсету деректерінің жиі орын алатыны осы мәселемен айналысатын мамандарды алаңдатуда. Ересектерден, соның ішінде ең жақыны саналатын әке мен шешеден зәбір көретіндей періште сәбилердің, бейкүнә балалардың қандай кінәсі бар?

БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) есебі бойынша елі­мізде 2023 жылдың қазан айын­да полиция тіркеген тұрмыстық қылмыстардың саны 50 462-ге жеткен. Көрсеткіш 2022 жыл­мен салыстырғанда 67,5 пайыз­ға көп. Бұған құзырлы органдар есепке алмаған тұр­мыс­тық зор­лық-зомбылық құр­бандарының санын қоссаңыз бірнеше еселе­нуі мүмкін. Біздің еліміз 2023 жылы Адам құ­қықтары мен заң үстемдігі са­ла­сындағы 2024-2025 жыл­дарға арналған іс-қимыл жоспарын қа­былдады, онда бала құқықта­ры­на ерекше маңыз берілген. Жоспарда ба­лалардың құқықта­ры жөніндегі өңірлік уәкілдердің мәртебесін реттеу, отбасылық-тұрмыстық зор­лық-зомбылықтан қор­ғау ша­ра­ла­рын кү­шей­ту, ме­дици­на­лық меке­ме­лер­ден тыс жер­де дү­ниеге келген ба­лаларды тіркеу ту­ралы заң­на­маны қайта қарау, бала­лар еңбегі мәселе­сін тал­дау, ген­дер­­лік теңдікке септесу және инклюзивті саясат тұжы­рымда­масын қабылдау мәсе­лелері кө­рініс тапқан.

Биыл “Қазақстан Республи­касының кейбір заңнамалық ак­тілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қам­тамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­ты­рулар енгізу туралы” Заң қа­былданды. Оның басты мақса­ты әйелдер мен балаларға қа­тысты зорлық-зомбылықтың кез келген әрекеті үшін жауапкерші­лікті күшейту, отбасы институ­тын нығайту және кәмелетке тол­мағандардың қауіпсіздігін қам­тамасыз ету болатын. Атал­ған заңда балаларға қарсы зор­лық-зомбылықтың кез келген түріне байланысты жауапкер­шілік күшейтілгенін айту керек. Қылмыстық кодексте кәмелетке толмағандарға қарсы денсау­лық­қа зиян келтіруден бастап, ұр­лау мен өлтіруге дейінгі қыл­мыстардың тізбесі жүйеленген және нақты анықталған. Мұн­дай әрекеттерді жасаған адам­дар татуласуға байланысты қыл­мыстық жауапкершіліктен құты­лып кете алмайды. Заң талап­тары қатаңдатылғанымен, қо­ғам­да оны орындамайтындар са­нының көбейіп бара жатқаны алаңдатады.

Әңгімеміздің әлқисасында баян еткен оқиға Уәлиханов ауданына қарасты Өндіріс деп аталатын шағын ауылда орын алған. Үй тапсырмасын орындамағаны үшін бауыр еті баласына пышақ ала жүгірген ананың әрекеті жанды ауыртты, жүрекке салмақ түсірді. Өлім аузынан аман қалған қыздың өмірін сақтап қалуға дәрігерлер атсалыспағанда не болатын еді?

Жамбас тұсынан жарақат алған қыз балаға алдымен аудандық ауруханада ота жасалған. Бір тәуліктен кейін облыс орталығына жеткізіліп, көпбейінді балалар ауруханасының жансақтау бөлімшесіне түскен. Бүгінде науқас дәрігерлердің бақылауында.

– Оқушының өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Қыз бала есін жиды, өздігінен тыныс алуда, – деді облыстық көпбейінді балалар ауруханасы директорының міндетін атқарушы Александр Гассман.

Аталған жағдайға қатысты облыстағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Сәуле Сұрағанова да пікір білдірген болатын. Ол сәбиіне пышақ сұққан ананың алты бала тәрбиелеп отырғанын, ата-енесімен бірге тұратынын жеткізді. Сондай-ақ маман осы оқиғаға қатысты комиссия құрылғанын, мамандар отбасы мүшелерімен кездескенін тілге тиек етті. Қазіргі таңда бұл жағдай бала құқықтары жөніндегі уәкілдің ғана емес, Оқу-ағарту министрлігі, Балалардың құқықтарын қорғау комитеті мен облыстық құқық қорғау органдарының да назарында екенін айту қажет. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған. Мамандардың айтуынша, туған анасынан жәбір көрген оқушыға алдағы уақытта психологиялық көмек көрсетілмек. Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия әйелді үйдегі өзге балаларды тәрбиелеуден шеттету туралы шешім шығарды.

Ата-ана тарапынан баланың өміріне қауіп төндіру жағдайы жақында Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда да орын алды. Ресми мәлімет бойынша, 25 жастағы әйел гаражда босанып, сәбиін сол жердегі қорапқа салып кеткен. Құдай сақтағанда шақалақ аман, қазір дәрігерлердің бақылауында. Қазақтың “періштесі қаққан” деген нанымы осындайда айтылмаушы ма еді? Бұл факті бойынша да құзырлы органдар тарапынан сотқа дейінгі тергеу басталды. Осындай жауапсыз, қатыгез аналардың кесірінен талай сәби жапа шегуде. Сонда қамқорлыққа мұқтаж балаларға жақындары қорған бола алмаса, қоғамнан қандай үміт күтеміз? Кейбір тасжүрек аналардың жұмсақ алақаны қатты жұдырыққа айналғаны өкінішті. Өңірде жас ұрпақақа жәбір көрсету деректері туралы толығырақ білмек болып облыстық полиция департаментіне сұрау салғанымызда, ондағы мамандар бұл мәлімет құпия екенін айтты.

“Wisevoter” есебінің деректеріне сүйенсек, Қазақстан балаларды қорғау бойынша 180 елдің ішінде 50-ші орында тұр. Мамандар елімізде балалар арасында физикалық, сексуалдық, психологиялық жәбір көрсету деректері жиі кездесетінін алға тартады. Жыл сайын орта есеппен балаларға қатысты 2 мыңға жуық қылмыс жасалады екен. Бұл тек ресми есеп қана. Олар үйде, көшеде, мектепте кез келген жерде жәбір көруі мүмкін. Кейбір балабақшаларда да бүлдіршіндерімізге әлімжеттік жасалады. Ұрып-соғу, зорлау, қорқытып-үркіту, кемсіту нәтижесінде қаншама жеткіншектің денсаулығына зиян келуде. Психологиялық қысым кесірінен жеткіншектердің өзөздеріне қол салуға дейін баратындарын жоққа шығара алмаймыз.

– Қоғамнан теперіш, жәбір көріп өскен ұрпақ өзі де ертең соны қайталайды. Өйткені, балалар ересектерден үлгі алады. Баланы ұрып-соғу былай тұрсын, оларға психологиялық қысым көрсетуге болмайды. Ата-анасынан үнемі жәбір көрген бала толыққанды тұлға болып қалып-таспай қалуы ықтимал. Әр бала – жеке тұлға. Олармен ересектердің деңгейінде әңгімелесу маңызды. Ет жақынының жылуын, махаббатын сезінбеген сәби болашақта қоғамның, бейтаныс жандардың қысымына ұшырайды. Адам мұны қаламауы мүмкін, алайда түпсана бала кезде не көргенін көз алдына әкеле береді. Сондықтан әр ата-ана перзенттерінің балалық шағын бақыт пен шаттыққа толтыруы керек, – дейді психолог Айман Құсайынова.

Қазақ “Қар қылаумен, бала сылаумен өседі”, – дейді. “Таяқтау оңай, тәрбиелеу қиын” деген сөздің де астары осыған саяды. Сәбиіне пышақ ала жүгірген, шақалағын тастап кеткен аналардың мұндай қадамға не себепті барғанын мамандар анықтай жатар. Тіпті кешірім жасалар, бірақ сәбиге көрсетілген зәбірді ақтай алмаймыз. Оны осы тақырып төңірегінде пікірлерін білдірген аға буын өкілдері де қуаттайды. “Бала күнімізде ата-анамыздан таяқ жемедік емес, жедік. Алайда ол заманды қазіргі уақытпен салыстыруға әсте болмайды. Қазіргі балалардың да, аналардың да жүйкелері жұқарған. Оқушы қыз анасын ашуландыруы мүмкін немесе көпбалалы ана әлеуметтік мәселелерден әбден қажыған шығар. Ата-ана мен бала арасында рухани үйлесімділік болуы тиіс. Қандай да бір істің дұрыс-бұрысын сөзден гөрі іспен көрсету үздік тәрбие қағидаттарының басты шамшырағы екені халық педагогикасында айтылған. Тәрбиенің ізгі шарты ата-ана ұл-қызына өзін үлгі тұтып, сыйлайтындай дәрежеде өнеге көрсетуі болса керек”, – дейді ардагер ұстаз Әлия Малдыбаева.

Ақмарал ҚҰРМАНАЙҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp