«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Стратегиялық маңызға ие

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мәжіліс депутаты, “AMANAT” партиясы фрак­циясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев бастаған халық­тық штаб мүшелері Аққайың ауданындағы Чапаев ауылын­да орналасқан “Қызылжар сүт” ЖШС-ның алаңында ауыл шаруашылығы тауарын өнді­ру­шілермен кездесті.

Астаналық меймандарға об­лыстың әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны таныстырылды. Соң­ғы 5 жылда өңірде сүт өндірісі 100 мың тоннадан асқан, яғни ел аума­ғында өндірілетін сүттің 10 пайыз­дан астамы астықты өлкеге тиесілі. Шағын және орта бизнес субъек­ті­лері “Ауыл аманаты” жобасы аясын­да 79 млрд. теңге болатын 12,7 мың несие ресімдеп, қаржыны мал са­тып алуға, жылыжайлар салуға, тех­никаны жаңартуға және тағы басқа салаларға бағыттады.

Елнұр Бейсенбаев Президент Жолдауында айтылған та­лаптарды түсіндіре келіп, бұл бағ­дарламалар көп мөлшерде электр энергиясын қажет ететінін атап өтті.

– АЭС ауыл шаруашылығын одан әрі дамытуда стратегиялық ма­ңызға ие. Алдыңғы қатарлы мемле­кет­тер атом реакторларын тексеріл­ген және сенімді энергия көзі ре­тінде кеңінен тұтынады. Әлемде атом стансаларын салу бойынша қызу пікірта­ластар жүріп жатқаны бел­гілі. Қазақ­станға тоқталатын бол­сақ, жеке атом өнеркәсібін дамы­туға барлық мүмкіндік бар. Уран қоры бойынша 2-ші орындамыз, оны өндіру ісінде 1-ші орында тұр­мыз. Энергия тап­шылығы пробле­малы жағдайға айналса, АЭС осы мәселені шешіп, тұрақты энергия кө­зінің, сондай-ақ ауыл шаруашы­лығы өндірісінің одан әрі өсуінің бір­ден-бір кепілі бол­мақ, – деді ол.

Ядролық физика институты бас директорының орынбасары Евге­ний Ермаковтың айтуынша, атом энергиясы әлемнің 30-дан астам елінде қолданылады және де эколо­гиялық таза әрі сенімді энергия көзі саналады. Жиынға қатысқан жергі­лікті агроқұрылым өкілдері өздері­нің АЭС құрылысына мүдделі екен­діктерін жеткізді. Оған кәсіпорын­дардың жүйелі жұмыс істеуіне қажет әрі сенімді энергиямен қамтамасыз ететінін алға тартты.

АЭС салуды қолдау жөніндегі рес­публикалық халықтық штаб мү­шелері Мамлют ауданының жұрт­шы­лығымен жүздесіп, басқосу ба­рысында атом электр стансасын салудың әлеуметтік-экономикалық артықшылығы мен елдің энерге­ти­калық қауіпсіздігі мәселелері талқы­ланды.

Аудан аумағында ірі кәсіп­орындардың бірі саналатын “Но­вомихайловское-2003” серіктес­ті­гі мал және астық өсірумен айна­лы­са­тындықтан, ұжымға атом электр стансасының солтүстік­қазақстандықтардың өміріне қа­лай әсер ететінін білу маңызды.

“Стансаның құрылысы басқа жерде жоспарланғанымен, оның оң әсері бүкіл республикаға тиеті­ні сөзсіз. Елді электр энергиясы­мен сенімді түрде қамтамасыз ету үшін атом электр стансасын салу қажеттілігі туындап отыр”, – деп атап өтті штаб мүшесі, Мәжіліс депутаты Дмитрий Колода.

Сенімді және экологиялық та­за энергия көзі болып табыла­тын АЭС өз кезегінде электр бағасы­ның тұрақты болуына және өмір сүру деңгейінің жоғарылауына, соны­мен қатар, жаңа жұмыс орында­рын құруға және бірқатар салаларды дамытуға ықпал етеді.

Халықтық штаб мүшелері ау­данның этномәдени бірлестік­те­рі­нің өкілдерімен де кездесіп, оларды референдумға белсенді қатысуға, бүкіл елге ай­тарлықтай пайда әкелетін жобаға қолдау білдіруге шақырды. Мәжі­ліс депутаты Еркебұлан Мәмбе­тов әркімнің дауысы маңызды еке­нін қадап айтты.

Ілияс СӘБДИНОВ,

“AMANAT” партиясы облыстық филиалының баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp