Мәжіліс депутаты, “AMANAT” партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев бастаған халықтық штаб мүшелері Аққайың ауданындағы Чапаев ауылында орналасқан “Қызылжар сүт” ЖШС-ның алаңында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен кездесті.
Астаналық меймандарға облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны таныстырылды. Соңғы 5 жылда өңірде сүт өндірісі 100 мың тоннадан асқан, яғни ел аумағында өндірілетін сүттің 10 пайыздан астамы астықты өлкеге тиесілі. Шағын және орта бизнес субъектілері “Ауыл аманаты” жобасы аясында 79 млрд. теңге болатын 12,7 мың несие ресімдеп, қаржыны мал сатып алуға, жылыжайлар салуға, техниканы жаңартуға және тағы басқа салаларға бағыттады.
Елнұр Бейсенбаев Президент Жолдауында айтылған талаптарды түсіндіре келіп, бұл бағдарламалар көп мөлшерде электр энергиясын қажет ететінін атап өтті.
– АЭС ауыл шаруашылығын одан әрі дамытуда стратегиялық маңызға ие. Алдыңғы қатарлы мемлекеттер атом реакторларын тексерілген және сенімді энергия көзі ретінде кеңінен тұтынады. Әлемде атом стансаларын салу бойынша қызу пікірталастар жүріп жатқаны белгілі. Қазақстанға тоқталатын болсақ, жеке атом өнеркәсібін дамытуға барлық мүмкіндік бар. Уран қоры бойынша 2-ші орындамыз, оны өндіру ісінде 1-ші орында тұрмыз. Энергия тапшылығы проблемалы жағдайға айналса, АЭС осы мәселені шешіп, тұрақты энергия көзінің, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өндірісінің одан әрі өсуінің бірден-бір кепілі болмақ, – деді ол.
Ядролық физика институты бас директорының орынбасары Евгений Ермаковтың айтуынша, атом энергиясы әлемнің 30-дан астам елінде қолданылады және де экологиялық таза әрі сенімді энергия көзі саналады. Жиынға қатысқан жергілікті агроқұрылым өкілдері өздерінің АЭС құрылысына мүдделі екендіктерін жеткізді. Оған кәсіпорындардың жүйелі жұмыс істеуіне қажет әрі сенімді энергиямен қамтамасыз ететінін алға тартты.
АЭС салуды қолдау жөніндегі республикалық халықтық штаб мүшелері Мамлют ауданының жұртшылығымен жүздесіп, басқосу барысында атом электр стансасын салудың әлеуметтік-экономикалық артықшылығы мен елдің энергетикалық қауіпсіздігі мәселелері талқыланды.
Аудан аумағында ірі кәсіпорындардың бірі саналатын “Новомихайловское-2003” серіктестігі мал және астық өсірумен айналысатындықтан, ұжымға атом электр стансасының солтүстікқазақстандықтардың өміріне қалай әсер ететінін білу маңызды.
“Стансаның құрылысы басқа жерде жоспарланғанымен, оның оң әсері бүкіл республикаға тиетіні сөзсіз. Елді электр энергиясымен сенімді түрде қамтамасыз ету үшін атом электр стансасын салу қажеттілігі туындап отыр”, – деп атап өтті штаб мүшесі, Мәжіліс депутаты Дмитрий Колода.
Сенімді және экологиялық таза энергия көзі болып табылатын АЭС өз кезегінде электр бағасының тұрақты болуына және өмір сүру деңгейінің жоғарылауына, сонымен қатар, жаңа жұмыс орындарын құруға және бірқатар салаларды дамытуға ықпал етеді.
Халықтық штаб мүшелері ауданның этномәдени бірлестіктерінің өкілдерімен де кездесіп, оларды референдумға белсенді қатысуға, бүкіл елге айтарлықтай пайда әкелетін жобаға қолдау білдіруге шақырды. Мәжіліс депутаты Еркебұлан Мәмбетов әркімнің дауысы маңызды екенін қадап айтты.
Ілияс СӘБДИНОВ,
“AMANAT” партиясы облыстық филиалының баспасөз хатшысы.