Өңірде көктемдегі су тасқынынан зақымданған гидротехникалық құрылыстарды қалпына келтіру басталды. Мердігерлерге бұл жұмысты екі ай ішінде аяқтау міндеті жүктелген.
Көктемгі су тасқыны кезінде бұл нысандар қатты ағысқа шыдас бермей, бұзылған еді. Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов атқарылатын жұмыстар бойынша жол картасы қабылданып, қаржы бөлінгенін, мердігерлер анықталғанын жеткізді.
“Жұмыс Петропавлдағы Былғары зауыты және Заречный кенттеріндегі, Ущев көшесінің бойындағы және Ойқаладағы 0,8 шақырымдық бөгеттерде жүргізіледі. Дәл осындай жұмыстармен Қызылжар ауданындағы Прибрежное, Бескөл және Тепличное ауылдары да қамтылады. Сондай-ақ биотоғанның айналасындағы бөгет бекітіліп, Жеңіс саябағында ашық нөсерлік кәріз жүйесі орнатылып, жағалауды нығайту жұмыстары жүргізілмек”, – деді Ғауез Торсанұлы.
Бөгеттерді нығайту және биіктету жұмыстары тиісті талап бойынша жүргізіліп жатыр. Яғни Есіл өзеніндегі судың деңгейі есепке алынған.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.