Оқушылар сарайында белгілі ғалым, Ұлттық ғылым академиясының академигі, жерлесіміз Аманжол Қошановтың туғанына 90 жыл толуына орай “Академик Аманжол Қошанов және Қазақстанның экономикалық ғылымы” атты ғылыми-теориялық конференция өтті. Шараға қоғам қайраткерлері, елімізге белгілі ғалымдар, академиктің әріптестері, жергілікті зиялы қауым өкілдері, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің оқытушылары, жастар мен ғалымның туған-туыстары қатысты.
Жиында облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов сөз сөйлеп, конференция жұмысына сәттілік тіледі.
– Академиктің 650-ден астам ғылыми еңбектің, оның ішінде 58 монографиялық жұмыстың авторы ретінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі зор. Экономика ғылымдарының 17 докторын және 60-тан аса кандидатын даярлаған ұлағатты ұстаз артына өшпес мұра қалдырып кетті, – деді Жүсіп Рахатұлы.
М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың тәрбие жұмысы, әлеуметтік және жұмыс берушімен өзара әрекеттесу мәселелері жөніндегі басқарма мүшесі Азамат Жикеев сөз алып, Аманжол Қошановтың ғылымды дамытуға сүбелі үлес қосқан қайраткер екенін атап өтті. Ғылымның талантты ұйымдастырушысы ретінде ол өзінің бойындағы бар ғылыми әлеуеті мен ұйымдастырушылық қабілетін экономика ғылымын қайта құру ісіне жұмылдырғанын айта келе, нарықтық экономиканы біртіндеп қалыптастыру мен Қазақстанның экономикалық дербестігін нығайтудың теориялық негіздерін жүйелі зерттегенін мақтанышпен жеткізді. Ардақты тұлғаның жергілікті университетке Манаш Қозыбаевтың есімін беру бастамасын жүзеге асыруға мұрындық болғаны айтылды.
Конференцияда Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы және Қазақстан Жоғары мектебі Ұлттық ғылым академиясының президенттері Ақылбек Күрішбаевтың, Ғалымқайыр Мұтановтың құттықтау хаттары оқылды.
– Марқұм Аманжол өзінің туған жерін шын жақсы көрді. Ел жаққа елеңдеп отыратын. Ғылымның дамуына сіңірген еңбегі көп. Бұл жолда талай шәкірт тәрбиеледі. Шәкірттеріне де ерекше қамқор болды. Әрқайсысына жол көрсетіп, ақыл-кеңес беруден аянбады. Біз 60 жылға жуық бір шаңырақ астында ғұмыр кештік. Жаны жайсаң, жүрегі кең азаматтың жары болғаным үшін тағдырыма ризамын. Конференцияны ұйымдастыруға қолдау білдірген облыс басшылығы, білім мен ғылым саласының көрнекті өкілдері мен Аманжол Қошанұлының жерлестеріне отбасымыздың, өзімнің атымнан шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді биология ғылымдарының кандидаты, доцент, академиктің зайыбы Раушан Ғафарқызы.
Конференция қонақтары назарына ғалымның өмірі мен шығармашылығына қатысты әзірленген деректі фильм ұсынылды. Академиктің ғылыми, рухани мұрасы туралы келелі сөз өрбіткен экономика ғылымдарының докторы, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы Анатолий Башмаков Қошановтар әулеті жайлы тебіреніске толы жүрекжарды естеліктерімен бөлісті.
Экономика институты бас директорының даму және сыртқы байланыстар жөніндегі орынбасары, экономика ғылымдарының докторы Сәуле Қалиева, А.Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институтының проректоры Қадыр Ахметов Аманжол Қошановтың сәулелі ғұмыры мен артына қалдырған мол ғылыми еңбегі туралы әсерлі сөз сабақтады.
Жиын барысында қатысушылар жерлес ғалымның шығармашылығына арналған “Аты аңызға айналған ғалым” атты көрмені тамашалауға мүмкіндік алды. Көрмеге ғалымның әр жылдары жарық көрген кітаптары, құнды заттары мен фотосуреттері қойылған.
Ақмарал ҚҰРМАНАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.