Орақ науқанының басы шаруалар үшін қиынға соққанымен, қыркүйектің шуақты күндері еңбек өнімділігінің артуына септесті. Бүгінге дейін диқандар астықты алқаптардың жартысынан көбін орып үлгерген. Бұл осы салада тер төгіп жүрген еңбек адамдарының арқасы. Күн-түн демей техника тізгіндеп, дақылды қамбаға құюға асыққан жандардың жұмысы құрметке лайық.
Аққайың ауданындағы алқаптарда да тыным жоқ. Жол бойынан егін жинаған комбайндар мен астық толы жүк көліктерін жиі кездестіресіз. Аудан орталығында орналасқан астық қоймасындағы өнім көлемі де күн санап артып келеді. Алайда бұл саладағы бір мәселе – кадр тапшылығы. Егін егу мен жиын-терім кезінде серіктестіктер жұмысшы таппай әлекке түседі. Жастардың арасында ауыл шаруашылығы саласына баратындар аз. Соңғы жылдары еңбек адамының беделін арттырып, лайықты бағасын беруге баса көңіл бөлінуде. Мемлекет басшысы халыққа арнаған биылғы Жолдауында: “Біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс.
Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі”, – дей келе еңбек адамының беделін арттыру бағытындағы шаралар үздіксіз атқарылатынын жеткізді.
Өңірдегі агроқұрылым мен өндіріс орындарында бүгінде мыңдаған адам тер төгуде. Солардың бірі – Руслан Акмурзинов.
– Егіс даласында еңбек етіп жүргеніме біраз жыл болды. Бүгінде Аққайың ауданындағы “Алтын-сары” серіктестігінде комбайншымын. Жұмысым өзіме ұнайды. Өнімділігі жоғары “John Deere” комбайнымен бидай орамын. Биыл астықтың шығымдылығы жоғары. Гектарынан орта есеппен 20 центнерден өнім жинаудамыз. Жалпы бір комбайншы орақ науқаны кезінде орта есеппен 1500-2500 тонна астық орады. Маңдай теріміздің мерейін жалақы алғанда сезінеміз. Істеймін деген адамға ауыл шаруашылығы саласында жұмыс көп, – дейді Руслан Акмурзинов.
Комбайншының өз жұмысын жақсы меңгергені ісінен көрініп тұр. Техниканың тетіктерін жылдам басып, басқалар қасына жақындауға жүрексінетін гүрілдеген алып машинанының биік кабинасынан айналасына жымия қарады да, тағы да дала төсін дүбірлетуге кірісті.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.