Хоккейден ел біріншілігінің 2-ші турында жергілікті “Құлагер” клубы өз айдынында өзбекстандық “Хумо” командасын қабылдады. Бірінші кездесуде жеңіс жерлестерімізге бұйырса, қарымта ойын қонақтардың еншісіне жазылды.
Өткен жылғы ел кубогының жеңімпазы “Хумо” командасының теріскейге жеңіс үшін келгені белгілі. Дегенмен жерлестеріміз өзбекстандық клубқа азулы қарсылық көрсете білді. Матчта соғылған бір шайбаның арқасында “Құлагер” басым түсті. Жалғыз нәтижелі соққының авторы – Антон Злобин.
Қарымта ойында қонақтар есе қайтаруға тырысқанымен, алғашқы екі шайбаны біздің жігіттер қарсылас қақпасына дәл дарыта алды. Кездесудің бірінші кезеңінде алғашқы голды Иван Казаченко соқса, екінші бөлімде Артем Ананичев көзге түсті. Кейін “Хумо” хоккейшілері шабуылдарын үдете түсіп, есеп айырмасын үшінші кезеңде қысқартып қана қоймай, таразы басын теңестірді. Василий Жилов пен Павел Синявский мергендігімен танылды.
Ойынның аяқталуына бес минут қалғанда “Хумо” клубының ойыншылары есепте алға шықты. Кездесудің нүктесін өзбекстандық хоккейшілер қойып, матч 2:4 есебімен аяқталды.
Жерлестеріміздің келесі қарсыласы – қарағандылық “Сарыарқа” клубы. Ойын қыркүйектің 27-сі мен 28-і күндері Петропавлдағы Спорт сарайында өтеді деп жоспарланып отыр.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.