«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МҰХТАР ӘУЕЗОВ ӨМІРІНІҢ БІР КЕЗЕҢІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мұхтар Әуезовтің өмірбая­нында толық ашылмай,  тиянақ тап­пай жүрген кезеңнің бірі – 1922 жыл және оның Орынбор­дан Тәш­кенге қай уақытта, не се­беппен кел­гені. Өзі жазған өмір­баянында: “ҚазОАК (КазЦИК) тө­ралқасы мүшесі ретіндегі үл­кен лауазымды қызметтен 1922 жы­лы пар­тия органдары мен үкімет­тің рұқсатынсыз кеттім…” деп жа­зады.

Алдымен осы қызметке қа­лай, қашан кел­гендігі туралы де­ректерді қарайық. Қа­зақстанның орталық архивіндегі мате­риал­­дар мынадай: “КирЦИК Президиумы мәжілісінің протоколы. 1921 жыл, 15 жел­тоқ­сан.

Төраға міндетін атқарушы – Асылбе­ков, Президиум мүшеле­рі – Авдеев, Әй­тиев, хатшы мін­детін атқарушы – Кадак.

Күн тәртібі: Шағын прези­диумның құра­мы туралы. Бұл мә­селе бойынша Кадак баяндама жасады. Осы мәжілісте: “КЦИК-тің саяси” хатшысы М.Әуезов жол­дастың Советтер съезіне жү­ріп кетуіне байланыс­ты оның ор­ны­на адам тағайындамай-ақ… шағын президиум құрамына Әй­тиев жол­дас енгізілсін”, – деген қаулы қабылдайды. М.Әуезов бүкіл ресейлік Советтер съезіне қа­тысып келгеннен кейін өз қыз­метіне қай­та кіріседі. Айта кету ке­рек, Қазақ Рес­пуб­ликасының Ор­талық атқару комитетінің жедел би­лік органы ретінде құрылған ша­ғын ЦИК (Орталық атқару ко­митеті) 3-4 күнде бір жиналып, мемлекеттік маңызды мәселелерді шұғыл шешіп отырған. Ал­қаның құрамы да ықшам: төраға және екі хатшы. Сол екі хатшы­ның біреуі М.Әуезов болып мем­лекеттік деңгейдегі мәселе­лерді талқылауға белсене қатысқаны сол кездегі құжаттардан айқын кө­рінеді.

Қазақстанның мемлекеттігін қалыптас­ты­ру, шекараны анық­тау арқылы респуб­ли­ка тұтасты­ғын қамтамасыз ету жөнінде ше­шілуге тисті мәселелер көп бол­ған. Ар­хив құжаттарына қарап отырсаңыз, 14 ақ­пандағы мәжі­ліске ішкі істер халық комис­сары қызметіне жаңа тағайындалған Әй­тиев пен Әділет халкомы Бек­мұ­хаммедов қатысқан. Бұл күні қаралған мәселелерге назар ау­даруға тұрады. Бекмұхаммедов­тің баяндамасы бойынша қобыл­дан­ған қаулыда өкілеттік мерзімі аяқталғанша КирЦИК құрамынан оның мүшелері тек өлі­мі себепті және партиялық тәртіппен кері ша­қырылып алса ғана босай алады делін­ген. Осы тұр­ғыдан қарағанда М.Әуезовтің “өз бетім­мен оқуға ке­тіп қалдым” дегені cол кезде үлкен күнә ретінде бағаланға­нын көреміз.

Осы мәжілісте саяси хатшы М.Әуезов­тің баяндамасы бойын­ша Хорезм республикасымен (осы күнгі Түркіменстан) ара­дағы қарым-қатынас туралы маңызды қа­улы қабылданады. Қаулыда Хо­резм рес­публикасы РСФСР құра­мына кірмесе де, Қазақстанмен көршілес жатқандықтан, дип­ло­матиялық байланыс орнату қа­жет­тігі көрсетілген. Хорезм рес­публикасы мен Адай уезі іргелес, халықтары араласып жа­тыр, сон­дықтан оңдағы қазақтардың мүд­десін қорғау үшін республикадан арнайы өкіл тағайындау қажет деп есептейді.

М.Әуезовтің қатысуымен қа­былданған мына құжат баспасөз­дің дәл қазіргі жайы­на тікелей қа­тысты-ау деп есептеймін. Онда “Степная правда” газетінің редак­циясына бұйрық-жарлықтары мен хабар­ландыруларын жария­ла­ға­ны үшін барлық халық ко­мис­сариаттарынан ақы алуға рұқ­сат берілген. Мына құжат та тари­хи тұр­ғыда маңызды. Меңдешев, Алманов және Әуезов қол қойған қаулыда Жетісу және Сырдария облыстарын Түркістан респуб­ли­касы құрамынан алып, Қазақстан­ға тезірек қосу жөнінде Бүкіл­одақтық атқару комитетінің алды­на мәселе қойылған. Де­мек, осы күнгі Алматы, Жамбыл, Түркіс­тан, Қызылорда облыстарын Қа­зақ Рес­публикасы құрамына қосу туралы алғаш рет 1922 жылғы наурыздың басында құжат қа­былдағаны туралы нақты дерек осы. Қау­лыда шекара бөлісі мә­се­лелерін түбегейлі шешу жағы кейін ойластырылатыны көр­се­тіл­ген.

13 наурыздағы мәжілісте Орта Азия мен Қазақстандағы жал­ғыз жоғары оқу орны – Түр­кістан мемлекеттік университе­тіне (Тәшкен) Қазақстаннан 40 сту­дент жі­беріп оқыту жөніндегі мәселе де М.Әуе­зовтің ұсынысы бойынша шешілген. Ұлт кадрла­рын оқыту шығындарын іздестіру республика Халық комиссарла­ры кеңесі­не жүктелген.

21 наурыздағы ықшам құрам­дағы ЦИК мәжілісінде Мұхтар Әуе­зов Адай уезіндегі аштық ту­ра­лы баяндама жасайды. Баян­дамасында аштыққа ұшыраған қазақ ауылдарында ұйымдас­тыру жұмыстарын жүр­гізу үшін қазақ қызметкерлерінен ар­найы өкілдер жіберу жөнінде ұсыныс жа­са­ды. Сонымен бірге, Торғай және Семей облыстарындағы қа­зақтардың аштыққа ұшырағанын М.Әуезов нақты мысалдар­мен тәтпіштеп баяндаған.

Орталық атқару комитеті аш­тарға кө­мектесу, азық-түлікпен қамтамасыз ету мә­селесін жедел шешу үшін жер-жерге ар­найы өкіл­дер жіберуді ұйғарды.

1922 жылдың жазында М.Әуезов Се­мей облы­сында аш­тыққа ұшыраған қыр қа­зақтары­на көмек көрсету шараларын бас­қарған. Со­нымен сәуір айында ісса­парға аттанған Мұх­тар Әуе­зов, осы сапар­дан кейін Орын­бор­ға қайтып оралмаған. Сол бе­­тімен күзге қарай Тәшкен бағыты­на жү­ріп кет­кен. Бұл орайда 1922 жылғы 1 та­мыз­да жер-жердегі сайлауларға өкілдер та­ға­йындалғанда М.Әуезовтің Ақ­мо­ла гу­бер­ниясына бөлінгені ту­ралы дерек бар. Бірақ іссапарда жүрген қызметкерді сырт­тай ті­зімге кіргізіп қоюы да мүмкін.

Енді Мұхтар Әуезовтің өз ын­тасымен қыз­метін тастап кетуінің се­бептері жөнін­дегі ойларымызды ортаға са­лайық. Өзі жаз­ғандай, “Мен сая­сат ісіне жа­рамсыз еке­німді се­зіндім, еркін жазушы­лық қыз­мет­пен айналысу үшін оқуымды аяқ­­тауға бе­кін­дім”, – дегеніне сенуге де бо­лады, сен­беу­ге де болады. Бұл өмірбая­нының кейінде қу­ғын-сүргінге ұшыраған кезде жа­зылғанын еске алайық. Мемле­кеттік қызметті, яғни партия тапсырмасын тәрк етіп, кетіп қа­луының мәнісі неде деген сауал әркімнің кө­кірегінде тұратыны заң­ды. Өзі жазған өмір­баянындағы мына сөз­дерге назар ауда­райық: “Ол кезде кадрлар аз болғандықтан қызметтегі адамды оқуға босатпайтын. Сондықтан мен сол кездегі жас­тардың со­ңынан оқуға рұқсатсыз кетіп қалдым”. Дәл осы тұста әңгіменің басын ашпау қиянат сияқты. Себебі, осы уақытқа дейін бүр­кемеленіп келген бір шындық бар.

1919 жылы Кеңес үкіметі Қазақстанда­ғы Алаш қозғалысына, дәлірек айтқаңда Алашорда үкіметін құруға қатысқандарға жаппай кешірім жасап, оларды қуғындауға “үзілді-кесілді тыйым салғаны” мәлім. Сол кешірімнен кейін Алаштың көсемі Әлихан Бөкейхановтан бастап, белгілі қайраткер­лердің бәрі Кеңес үкіметінің саяси бағы­тына қосылды. Жаңа билікке белсене қа­ты­сып, Қазақстан мемлекеттігін құруға ат салысады. Қазақ оқығандары, көрнекті ұлт қайраткерлері ретінде жаңа тәртіп жағ­дайында өз халқының басына ауыртпалық түсірмеуге күш салды. Бірақ олардың ұлт­жандылығы жалаңқылыш белсенділерге “ұлтшылдық”, “орысқа, большевикке қар­сылық” болып көрінді. Тіпті, жоғарыдағы құ­жаттарда айдан-анық болып тұрған қазақ даласындағы ашаршылықтың өзін бүрке­мелеуге тырысты. “Революция құрбандық­сыз болмайды” деген тұрпайы қағиданың іс жүзіндегі көрінісі осындай еді. Біз үзінді түрінде, кейде толық келтірген құжаттар­да, мағлұматтарда Алашорданың бұрын­ғы қай­раткерлерін “отырса – опақ, тұрса – со­пақ” етіп көрсетуге бейімдіктің белең ал­ға­нын архив құжаттарынан көрдік. Кейін ел би­лігіндегі қазақ қызметкерлерінің өз ара­сы­нан жік шығып, біріне-бірі жала жапты. Шын мағынасында бұл кәдімгі мансапқор­лық, жай айтқанда “қызметке таласушы­лық” еді. Билік орындарында Ә.Бөкейха­нов, Ә.Ермеков, А.Байтұрсынов, М.Әуе­зов сияқты зиялылардың отырғаны “кеңес үкі­меті үшін жан сала күрескендерге” ұна­ма­ды. Тіпті бір құжатта большевик Ә.Әй­тиев­тің дәл осылай анық істеп жүрген­дер­ге жа­ла жауып, адал қызметін жоққа шыға­рып жатса, Әуезовтер не істеуі керек? “Қас­­қыр­дың аузы жесе де – қан, жемесе де – қан” дегендей, үкіметке сенімсіз екен­дігін се­зін­ген жанның әрекеті қандай бол­мақ? Оның үстіне “Ұлттардың өзін-өзі би­леуі ту­ралы” қа­ғиданың жалған екенін көріп тұр­са, қайтпек? Өмірі қазақ көрмеген Корес­телев, За­ремский, Мас­лов, Ванштейн, Ма­мыкин сияқты “еуропа­лық коммунистер” атқару­шы органдарға кі­ріп алып, Қазақстанды билеп-төстеуге қо­сы­лып жатса ше?

Осындай қым-қуыт жағдайда 25 жас­тағы М.Әуезов өз қазағына күн тудыра ал­майтынын, әр қадамын Ре­сей үкіметінің мі­нез-құлқына сай өлшеп басу керектігін се­зінді де, мемлекеттік қыз­меттен түңілді. Сол үшін “еркін жазушы­лық, ұстаздық қыз­метке кіруге” мәжбүр бол­ға­нын байқаймыз.

Кейін 1931 жылғы мамырдың 16 күні тұтқында отырып, тергеушіге берген жауа­бында мұның себебін Мұқаң өзі таратып былай жазды да:

“…Сол тұста кеңінен тараған өткен дәуір­дің өктемдігінен отаршылдық пиғыл­дан арыла алмаған жергілікті партия қыз­меткерлерінің әрекеті менің көңілімді суы­тып, аптығымды басты. Отаршылдық пи­ғыл біздің, оның ішінде менің ұлттық на­мысымды қоздырды. Бұл сезімнің билеп ал­ғаны сондай, бұдан әрі менің партия қа­тарында қалуыма мүмкіндік бермеді… бұ­дан әрі партия қатарында қалу мүмкін емес деп шештім”.

Екінші бір жағдай мынадай: Қазақстан­дағы, оның астанасы Орынбордағы орыс­қа қолжаулық үкіметтің “тірлігін” көзімен кө­ріп, түңіле бастаған М.Әуезов Тәшкен жаққа көз салды. Онда қазақтың зиялы деген өкілдері жан-жақтан бірінен соң бірі ағы­лып барып жиналып жатыр екен. Тұтас Түр­кістан идеясы Мұқаңа да жат болма­ған. Сондықтан үкіметпен де, партиямен де қоштасып, Тәшкенге келеді.

М.Әуезовтің өмірбаянын жазушылар оның өмірінің Тәшкен кезеңінен тым аз мағ­лұмат береді. “1922 жылы Тәшкен қаласы­на келді немесе дәлірек айтқаңда, сол жыл­дың күзіңде келіп оқуға орналасады”, – дегеннен артыққа бармайды. Мұқаң өзі 1950 жылы жазған өмірбаянында: “1922 жылдың күзінде Ташкенттегі мемлекеттік университетке еркін тыңдаушы болып кір­дім”, – деп жазған. Біз жоғарыда Мұқаңның Орынборда алты айдай Орталық атқару комитетінің саяси хатшысы қызметіндегі кезеңінен мағлұматтар келтірдік. Ұлы тұл­ғаның өмірінің әр сәті ұрпақтары үшін қым­бат. 25 жасқа толар-толмас шағында Қа­зақстан мемлекеттілігін құрудың басы-қа­сында болған Мұхтар Әуезовтің қанша қы­руар іс тыңдырғанына көзіміз жетеді. Әрине, Мұқаң жас та болса, соның ал­дында Семейде мемлекеттік қызмет атқа­рып, едәуір ысылып келген, әрі сауатты, ал­ғыр жігіт ретінде қызметтестерінің ара­сында беделді болғаны сөзсіз. Сондықтан да оған мемлекеттік деңгейде үлкен сенім біл­дірілген. Бірақ қалай болғанда да,  Әуе­зов туған халқының жадында ұлы жазушы, ғалым ретінде қалғаны үлкен бақыт деп есептейміз.

Енді Тәшкенде түскен бір суреттің сы­рына тоқталсақ. Суреттің астында “Тұң­ғыш қазақ қызы Аққағаз Досжанованың медицина факультетін бітіруіне байланыс­ты қазақ интеллигенциясының фотосы, САГУ, 1922 ж. Ташкент” деп жазылған. Су­ретке түскендердің пұшпақ бөрік, елтірі бө­рік, сеңсең бөрік, кейбірінің телпек, қалпақ киіп, кейбіреуінің жағалы пальто кигеніне қарағанда бұл кез бері қойғанда қараша­ның ортасы-ау деп ойлауға болады. Яғни, ыстық Тәшкен күзінің соңғы күндері болса ке­рек. Суретте М.Әуезов соңғы қатарда. Соңынан санағанда алтыншы, Мағжан Жұ­мабаев оның алдындағы қатарда жетінші тұр. Суреттің астында 20 адамның аты-жөні бар. Олар суретте цифрмен таңба­ланған. Қарағанды облысы ішкі істер бас­қармасы сараптау криминалистика бөлімі­нің көмегімен (сарапшы Е.Цаплин) сурет жаңартылды, астындағы жазулар қалпына келтіріліп оқылды. Жазу мәтіні мынадай:1. Аққағаз Досжанова. 2.Халел Досмұхам­бетов. 3.Иса Қашқынбаев. 4.Қашқынбае­ва. 5. Ходжанова. 6. Рабиға Қаратаева. 7. Мағрипа Қойайдарова. 8. Сара Қапина. 9…. 10. Сабыр Қапин. 11. Хайрулла Қара­таев. 12. Мұхтар Әуезов. 13. Омаров. 14. Альжан… 15. Мәриям Ахенбекова. 16. Ома­рова. 17. Анель Аспандиярова. 18. … 19. Досмұханбетова. 20. Тынышбаев. Бала­лар­ды қоса есептегенде, барлығы 58 жан. Мағжан Жұмабаев пен Мұхтар Әуезов Тәшкенге келген бетінде сондағы қазақ зиялыларымен осы жиында жақынырақ танысқан деп жорамалдаймыз.

Аққағаздың оң жағындағы профессор Халел Досмұхамедов болса, сол жағын­дағы профессор Александр Эдуардович Шмидт. Бұлардың арасында, кейін 1930 жылы “Сырдария ісі” бойынша ұсталған­дардың көбі бар екені шүбәсіз. Бәрі де, суреттің астында жазылғандай, сол кезде Тәшкенді сағалаған Алаш көсемдері. Ұрпақтары қалса, тани жатар.

1922 жылдың желтоқсан айының 4-і күні қазақ-қырғыз мәдениетін көркей­ту­шілердің “Талап” қауымы құрылған. Оның төрағасы Халел Досмұхамедов те, хатшы­лығына Мұхтар Әуезов сайланған. Мүше­лері: Александр Эдуардович Шмидт, этно­граф Әубәкір Диваев, ақын Мағжан Жұ­мабаев, Кәріп Жәленов, Николаев, Архан­гельский, Иса Тоқтыбаев, Мұхаметжан Ты­нышбаев, Мырзағазы Есболов, қырғыз қай­раткері Қасым Тыныстанов. 1930 жылы бұ­лар “Досмұхамедов пен Тынышбаевтың ұлтшылдық ұйымына қатысты” деген жа­ламен түгел ұсталады. Мұхтар Әуезовке тағылған “қылмыс” та осы еді. Шынында “Талап” қауымының жарғысында тек қана мәдени-ағарту қызметі, оқулықтар шыға­ру, әдеби-тарихи материалдар жинау, ғы­лымды насихаттау кезделген. Мұхтар Әуе­зов “Талаптың” хатшысы ретінде “Шолпан” журналының 1922 жылғы екінші санына “Қазақ қалам қайраткерлеріне” деген та­қырыппен ашық хат жариялап, жаңа ұйым­ның мақсат-міндетін көпке жаяды.

Міне, ұлы ойшыл, жазушы Мұхтар Әуе­зовтің бір жылғы өмірі мен қызметі жайлы кейбір архив деректері осындай.

Зарқын ТАЙШЫБАЙ,

 М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың профессоры, Қазақстан Жоғары мектебі ұлттық ғылым академиясының академигі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp